Жаңалықтар

Табандылық табысқа жетелейді

«Адал азамат — адал еңбек»

2013 жылдан бастап қыркүйектің соңғы жексенбісі елімізде Еңбек күні ретінде тойланып келеді. 24 қыркүйекте Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтап, бұл күннің мемлекетіміздің тұрақты дамуына жасампаз ісімен үлес қосып келе жатқан нағыз еңбекқор жандарды ұлықтауға арналған маңызды мереке екенін баса атап өтті.

Олар туған елдің жарқын болашағы үшін күн сайын тынбай еңбек етіп, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетіп жүр. «Адал азаматқа» тән еңбекқорлық, іскерлік, жауапкершілік, білімпаздық және жақсыдан үйрену, жаманнан жирену сынды асыл қасиеттің бәрі шынайы еңбек адамының бойынан табылады. Сондықтан өз ісінің майталмандары қашанда қоғамның назарында болуға тиіс. Ал жастарымыз соларға қарап бой түзеуі керек, — деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент өз құттықтауында адал еңбек — бүкіл жетістіктің бастауы, табысқа жетудің кілті екенін еске салып, мемлекет осы басты қағидат барлық жерде салтанат құруы үшін бәрін жасайтынын айтқан.

Мереке қарсаңында қоғамда елеусіз ғана жүргенімен, жұршылық үшін жасап жатқан пайдасы ұшан-теңіз нағыз еңбек адамдарымен сөйлескен едік…

Қолы алтын Анарбек

Анарбек Көбеев —Қобданың білікті, беделді, тәжірибелі дәнекерлеушісі.Бұл ауылда «Анарбектің алтын қолынан шыққан» деген сөзді жиі естейсіз.Қобдадағы талай адамның үйіндегі жылу жүйесін жүргізген  де осы Анарбек. Оның жұмысына бағаны қарапайым тұрғындар береді.

Бүгінде Қобдада қолынан келетін істі кәсібіне айналдырған азаматтар көп. Көпбалалы Көбеевтер отбасы да сондай таза еңбектің нанын жеп жүрген жандар. Олар 2021-2025 жылдарға арналған «Кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қайтарымсыз грант жеңіп алып, ауылдан дәнекерлеу шеберханасын ашқан. Қайтарымсыз қаражатқа Анарбек өзіне қажетті жаңа үлгідегі дәнекерлеу құрылғыларын сатып алыпты.

«Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген ұғымды ұстанатын қобдалықтар дәнеркерлеу керек нәрсенің барлығын осында алып келеді. Өйткені Анарбек шебердің жұмысына сенеді.

Таңнан кешке дейін шашыраған оттың жалынына қарап отыру да оңай шаруа емес. Шеберхана ішінде жан-жақтан ұшқындап жатқан оттың жарқылы көз қарықтырып, темірдің күйген иісі қолқаны қабады. Дегенмен тапсырысты иесінің қалағанындай етіп жасау дәнеркерлеушінің — басты міндеті.

Әңгіме барысында жұмысы қаншалықты ауыр болса да, шын жүрегімен адал жасайтын еңбек адамын көрдік.Дегенмен Анарбек басқа жеңіл жұмыс қарастыруды еш ойламағанын айтады.

— Бұл істі кәсіпке аяқ астынан айналдырдық. Жұбайым Гүлдерай кәсіпкерлікке қатысты арнайы дәріс алып, грант алуға өтініш тапсырды. Комиссия бизнес- жоспарымызға қолдау көрсетті. Осылайша кәсіпкер ретіндегі жұмысымыз басталды. Дәнекерлеу ісін бала күнімнен жақсы білемін. Ал қазір менің отбасымның несібесі осы жұмыспен байланысты. Бұл кәсіпке сол табыс табу үшін келдік қой. Болмаса денсаулыққа тигізер өзіндік зияны бар, — деген дәнекерлеуші Анарбек болашақта кәсібін кеңейткісі келетінін айтты.

— Дәнекерлеу ісі де заманмен бірге жетіліп, дамып келеді. Дәнекерлеу ісі бойынша арнайы оқу курсын бітірдім. Содан кейін барып, мұның техникасын, қыр-сырын терең меңгердім. Білгенімнен білмегенім көп екен. Қазір техника күн сайын жаңарып жатыр. Біздің осыдан бірнеше жыл бұрын жұмыс жасаған құралдарымыз қазір қолданыстан шықты. Оның орнын мүмкіндігі көп жаңа дәнекерлеу аспаптары басып жатыр.

Қазір тапсырыс көп. Көбіне үйлерге жылу жүйесін жүргіземін. Аулаға қажетті дүниелерді де жасап беремін. Ауылдастар сеніп тапсырған соң жұмысымды сапалы етіп жасаймын. Тапсырыс берушінің көңілімен сенімі қымбат. Мойнымызға алған жұмысты тез бітіріп, белгіленген уақыттан ерте жеткізіп берсек, адамдардың алғысын аламыз, — дейді Анарбек.

Дәнекерлеу — әлемдегі ең қауіпті әрі ауыр жұмыс санатында. Бұл мамандық 1802 жылы пайда болыпты. Орыс ғалымы Василий Петров электр доғасының әсерін ашқанда, екі көміртекті электрод арасында металдың балқуына мүмкіндік беретін жоғары температура түзіледі екен. Көп ұзамай жаңалық практикалық тұрғыда қолданылып, маңызды кәсіпке айналған.Бұл жұмысты қолының ебі бар адам істемесе, кезкелгеннің игеріп кетуі екіталай.

Геодезист Жазылбек

Мамандық таңдайтын кезде балаға түрлі факторлар әсер етеді. Біреуі ата-анасының айтқанын тыңдап, солар қалаған маман иесі болса, енді біреуі қандай болса да ақысыз оқудың жолын іздейді, бірі өзі армандаған маман иесі болғысы келеді.

Ал біздің бұл жолғы кейіпкеріміздің еңбек жолы тым басқа.

Алғашында заңгер болғысы келген Жазылбек Төлегенов кейін өзіне мүлде бейтаныс сала — геодезияны таңдайды.

Алдымен Ақтөбедегі ауыл шаруашылығы колледжін, кейін Орал қаласындағы қазақстандық инженер-техникалық университетін жерге орналастыру мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бірақ Жазылбектің еңбек кітапшасындағы еңбек жолы дипломдағы мамандығы бойынша жазылмады.

Колледждегі оқуын бітірген соң ол қалалық халыққа қызмет көрсету орталығына жұмысқа орналасады. Алғашында қарапайым инспектор болып бастаған Жазылбек кейін Хромтаудағы халыққа қызмет көрсету орталығында басшының орынбасары, Алғада орталық басшысы болып қызмет етеді. Өзінің өмірлік жарымен де осы салада жүрген кезде танысып, табысады.

Бұдан соң облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының фронт-офистерді үйлестіру басқармасында сарапшы болып жұмыс жасайды. Жалпы айтқанда, Жазылбектің бұл саладағы жұмыс өтілі — 12 жыл.

Бірнеше жылдан бері халыққа қызмет көрсету саласында еңбек еткен кейіпкеріміз 2022 жылы жұмысын басқа салаға ауыстырығысы келеді.

Адам кейде қандай да бір өзгерісті қалайды. Менде сондай бір толғаныс үстінде жүргенде қолыма осыдан бірнеше жыл бұрын алған дипломымда жазылған мамандығыма сай, жаңа нәрсені байқап көргім келді. Сөйтіп, Ұлттық геодезия және кеңістік ақпарат орталығының «Батысгеодезия» филиалына геодезист болып жұмысқа орналастым, — деген кейіпкеріміз биылдан бастап инженер-геодезист қызметін атқарып жүр.

Әңгіме барысында Жазылбектің көп сөзге жоқ, өз ісіне тиянақты азамат екенін байқадық. Кейіпкерімізден көпшілікке бейтаныс геодезист мамандығының қыр-сыры туралы сұрадық.

—  Біздің қазіргі атқаратын жұмысымызды ел экономикасы дамуының маңызды құрамдас бөлігі деуге болады. Өйткені кез келген құрылыста инженерлік-геодезиялық өлшеулердің орны ерекше. Соның нәтижесінде салынған ғимараттар мен құрылыстардың сапасы мен сенімділік деңгейін анықтайды, — деген ол өздерінің жұмыс барысында қолданатын құралдарының да заманға сай, ыңғайлы екенін айтты.

Бұған дейін басқа салада болса да басшылық жасаған Жазылбек жаңа қызметте мансаптық өсуді емес, білікті маман болуды қалайтынын жеткізді.

Мен үшін мансаптық өсу маңызы емес. Әрі қарай өзімді дамытқым келеді. Осы салада білікті маман ретінде жетілсем деймін, — дейді.

Сөйлесе келе кейіпкеріміздің бойында нағыз еңбек адамына тән ынта мен талап барын байқадық. Қызметтік мансапты емес, адамгершілік пен кәсіби біліктілікті ту еткен Жазылбек сияқты жастарымыздың көп болғаны қоғамға олжа.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button