Жаңалықтар

Бүркемеленген зұлымдық

Нашақорлыққа жол жоқ!

Жастар ұйымдарының белсенділері мен облыстық мәслихаттың депутаттары Ақтөбе қаласындағы тұрғын үйлердің қабырғасында нашақорлықты жарнамалаған граффитилердің үстінен бояу жағып, оларды жоюда.
Өкінішке қарай, үйлердің қабырғалары мен дуалдарда нашақорлық пен психотроптық заттарды насихаттайтын граффити-жазбалардың пайда болуы кәдуілгі құбылысқа айналды. Бүгінгі күні осы бағытта полиция қызметкерлері, еріктілер және мұндайға бейжай қарай алмайтын тұрғындар да қарсы жұмыс істеуде.

Өткен сенбіде «Жастар рухы» жастар қанатының қызметкерлері мен еріктілері, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық жастар ресурсы орталығы мен ішкі саясат басқармасының жастармен жұмыс жөніндегі бөлімінің қызметкерлері бас біріктіріп, қаланың вокзал маңы ауданында өзіндік рейд ұйымдастырды. Бұл аумақта 8 наурыз және Кереев көшелеріндегі үйлердің қабырғалары наша сату жөніндегі интернет-дүкендердің байланысын тарату үшін жарнамалық алаңға айналған.
— Мұндай акцияларды біз ұдайы өткізіп тұрамыз. Осылайша белсенді ақтөбелік жастар нашақорлықпен және наша бизнесімен күреске өз үлестерін қосады. Соңғы жылдары біздің елімізде синтетикалық наркомания күшейіп кеткені байқалады. Оның таралуында заманауи технологияның дамуы — әлеуметтік желілер, бақылаусыз кеткен мессенджерлер, шетелдерде тіркелген жасырын төлем жүйелері басты рөл атқаруда. Біздің ортақ мақсатымыз — нашақорлықсыз болашақты құру және өскелең ұрпақты осы зұлымдықтан сақтау. Біздің барлығымыз да қауіпсіз ортада өмір сүргіміз келеді. Жастарды жасампаздыққа шақырамыз, бірігіп ізгілікті із қалдырайық, — дейді Amanat партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Әнуар Есқарин.
Бастапқыда қолына бояулы шағын баллондар ұстаған жастар тобына сақтықпен қараған кейбір тұрғын олардың мақсаттарын білгеннен кейін белсенділерге қолдау жасады.
— Бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстар біреудің көзіне теңіздің тамшысы іспетті көрінуі де мүмкін. Алайда олай емес. Бәріміз бірігіп қимылдасақ, алмайтын асуымыз болмайды. Дәрігерлер нашақорлық «жасарып келеді» деп жар салуда, бұған таласа алмаймыз. Бірақ біз бұл жағдайдан сырт қала алмаймыз. Егер біздің қолымызда нашақорлықты жою үшін қандай да, бір қадам жасау мүмкіндігі туындаса, соны пайдалана білуіміз керек. Біз ортақ күш біріктірумен ғана соңы өлімге апаратын нашақорлықтан жастарды құтқара аламыз, — дейді Amanat партиясынан облыстық мәслихаттың депутаты Айгүл Нұркеева.
Бұл күні шараға қатысушылар нашақорлықты насихаттайтын көптеген граффитиді жойғандығын атап өтуге болады.

Марина НҰРАЛОВА.
Суретті түсірген Хайреден РАУШАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button