Жаңалықтар

Қобда ауданының орталығында 31 отбасы баспаналы болды

Екі тұрғын үйдің құрылысына облыстық бюджеттен 453,8 миллион теңге бөлінген.

💬 «Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту қажеттігін атап өтті. Жыл сайын мемлекеттік қолдаулардың арқасында тұрғындар баспаналы болып, өмір сүру жағдайларын жақсартуға мүмкіндік алуда. Міне, бүгінгі мереке – соның айқын дәлелі.  31 отбасы жаңа пәтеріне қоныстанады. Осы үйлерді салу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінді, бұл – керемет мүмкіндік», – деп атап өтті Қобда ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ізгілік Тынымгереев.

Аудан орталығы бойынша 251 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Жылдан-жылға аудан тұрғындарының саны көбейіп келеді. Осыған байланысты баспана кезегінде тұрғандар саны да арта түсуде. Сондықтан тұрғын үй мәселесі күн тәртібінен түспейді.

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмағазы Жиеналин және аудандық мәслихат депутаты, «Нұрболат» ЖШС құрылтайшысы Айдын Нұрмұханов жаңа қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтады.

«Нұрболат» құрылыс компаниясы екі үйдің іргетасын 2021 жылы желтоқсанда қалаған, нысан жоспарға сәйкес, белгіленген мерзімінде пайдалануға берілді.

Коммуналдық пәтердің кілті аудандық балалар үйінің түлектері Мәншүк Әбдікерова, Мария Денисова, Иван Корчагин, Әкімжан Добашевқа берілді. Сондай-ақ, көпбалалы отбасы, балаларын өздері тәрбиелеп отырған аналар және т. б. санаттағы тұрғындар да баспаналы болды.

Шараға жиналғандар жаңа шаңырақтарда шашу шашты, пәтер иелеріне ауыл ақсақалдары баталарын берді.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button