Жаңалықтар

Ақтөбеліктер Алматыдағы халықаралық жастар лагеріне қатысуда

Алматы облысында Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесінің аясында «Жастар кеңістігі: Әділетті әлем және келісім» халықаралық жастар саяси лагерінің жұмысы басталған болатын. Ұйымдастырушы – AMANAT партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты.

Қазақстанның барлық өңірінен келген 300-ден астам делегат, сондай-ақ Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Үндістан, Тәжікстан, Ресей және Өзбекстаннан келген қонақтар 4 күн бойы «Bir Tolqynda» диалог алаңдарының, тақырыптық панельдік сессиялар мен оқыту семинарларының жұмысына қатысады.
Бүгін «Bir Tolqynda» пікірталас алаңында «Жастар кеңістігі: Әділетті әлем және келісім» жастар саяси лагерінің делегаттары жастар қозғалыстарының ынтымақтастығы мен халықаралық диалогын дамыту перспективаларын талқылады.
AMANAT партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды қолдауға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы өзінің қыркүйек айындағы Жолдауында Қазақстан әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі екенін атап өткен болатын. Қазір азаматтарымыздың орташа жасы небәрі 32-де. Жастар қашанда бірегей бастамалар мен жаңа жаңалықтардың жаршысы болып келеді. AMANAT партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде жастар үшін әділ әлеуметтік лифт жасау міндетін өз мойнына алып отыр. Қазақстан – тәуелсіз мемлекетте дүниеге келген және еркін ойлайтын жастар елі. Ал Партиямыз жастармен бір толқында. Бүгінде қоғамның әр саласында жетістікке жеткен дарынды өркендеріміз көп. Олар егемен елдің жаңа тарихын жасап, қарқынды дамуына өз күш-жігерін салуға дайын екеніне сенімдіміз», — деді ол.
Атқарушы хатшының айтуынша, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін 1,5 млн-нан астам жас қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз ету, жұмыс істейтін жастарға жалдамалы тұрғын үй беру, ауылдағы жас дәрігерлерге көтерме жәрдемақыны 10 миллион теңгеге дейін арттыру, жас ғалымдарға ғылым гранттар бөлу, жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне арналған шәкіртақы мөлшерін арттыру және т.б. жоспарланып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, лагерьдің негізгі аспектілерінің бірі – жастарды өз елінің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуға ынталандыру. Жас көшбасшылар мен қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап, азаматтық қоғамды нығайтуға және демократиялық институттарды дамытуға ықпал ететін бірлескен шешімдерді іздейді.
Аталған форумға Ақтөбе облысынан 5 делегат қатысуда. Оның төртеуі Қ.Жұбанов атындағы АӨУ студенттері, «Жастар Рухы» ЖҚ белсенділері.
— Біз осы іс-шараны асыға күттік. Түрлі саланың жастары жиналатын ортада өзара тәжірибе алмасып, аймақтағы рухтастармен және өзге елдерден келген жастармен достығымызды нығайтып жатырмыз. Бізге түрлы семинарлар, оқыту сессиялары, тренингтер ұйымдастырылуда. Есірткіге, лудоманияға қарсы және экология мәселесін қарастырдық. Осы жылдың шілде айында Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде, «үш зұлым күшке» — трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән берілетінін айтқан болатын. Сондай-ақ Қазақстан Президенті цифрлық технологияларды дамытудың өзектілігіне және экология саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға назар аударды, — деді «Жастар Рухы» жастар қанаты АОФ консультанты Әлішер Тыныштық.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button