Жаңалықтар

Сұрақ-жауап


Редакцияға келіп түскен хаттардың қай-қайсысы да жауапсыз қалмайды. Жеке бастың, әлеуметтік мәселелерге қатысты жазылған хаттардың бірқатарына жауап іздеп, назарларыңызға ұсынып отырмыз. Сұрау сізден, жауап бізден…

Баламызды мектеп-гимназияға бергіміз келеді, бірақ…

Сұрақ:

Редакциямызға Ақтөбе қаласындағы №21 мектеп-гимназияға 1-сыныпқа бала қабылдау мәселесіне қатысты барлығы 75 ата-ана қол қойған хат келді. Хатта: «…Біз, ата-аналар, 1-сыныпқа баратын баламызды қаладағы №21 мектеп-гимназияға бергіміз келеді. Ал бұл мектеп ең алдымен тұрғылықты жеріне байланысты сол ауданның балаларын қабылдауға тиіс екен. Қазір бұл мектепте 1-сыныпқа қабылданған бала саны толық. Үш тілде оқытатын №21 мектеп-гимназияда балалардың жеткілікті білім алуына барлық жағдай жасалған. Дегенмен артық бала қабылдауға мектептің ғимараты тарлық етеді. Болашақта осы мектепте қаланың өзге ауданының балаларын қабылдау үшін қосымша ғимарат беру мәселесі шешілсе дейміз. Біз баламыздың осы мектепте білім алғанын қалаймыз…», — деп жазылыпты.

Жауап:

Ләззат Оразбаева, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің бастығы:

— Ақтөбе қаласындағы №21 мектеп-гимназия 1200 оқушыға арналған, типтік жобада салынған ғимарат. Мектеп-гимназияда 56 оқу бөлмесі бар, оқыту екі кезеңде жүргізіледі. ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2007 жылғы 25 желтоқсандағы «Бастауыш, негізгі, орта және жалпы білім беру ұйымдарына қабылдаудың үлгі ережесін бекіту туралы» типтік ережесіне сәйкес, «қызмет көрсететін аумақта тұратын балаларға жекеменшік білім беру ұйымдарынан басқа тиісті білім беру ұйымдарына қабылдаудан бас тартылмау керек» делінген. Сондықтан, №21 мектеп-гимназия әуелі тұрғылықты жеріне байланысты сол ауданның оқушыларын қабылдауға тиіс. Қазір №21 мектеп-гимназия орналасқан қаланың 8-шағын ауданында қазақ тілінде білім беретін өзге де мектептер бар. Атап айтсақ, Гришин көшесі бойында №1, ағайынды Жұбановтар көшесінде орналасқан  №39 орта мектеп пен №27 арнаулы орта мектептер бар.  Бұл мектептер де 1-сыныпқа қазақ тілінде оқушылар қабылдайды. Аталған мектептерде жан-жақты білім алуға барлық жағдай жасалған әрі ерте жастан ағылшын тілін оқытуға мүмкіндік бар, хореография курстары жұмыс істейді.

Туу туралы куәлікке жсн алу қажет пе?

Сұрақ:

Алмагүл Ордабаева, Хромтау ауданының тұрғыны:

— 2006 жылы туған баламның туу туралы куәлігінде жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) жоқ. Болашақта оның қажеті бар ма?

Жауап:

Нина Бейісова, облыстық әділет департаменті АХАЖ бөлімінің бастығы:

— Қазақстан Республикасы Президентінің «2005-2007 жылдары Қазақстан Республикасы электрондық Үкіметін қалыптастыру туралы» жарлығын жүзеге асыру мақсатында 2007 жылдың 13 тамызынан бастап азаматтардың хал-актілерін жазу (АХАЖ) ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Яғни 2007 жылдың 13 тамызынан бастап туған балалардың туу туралы куәлігінде ЖСН бар. Ал 2007 жылдың 13 тамызына дейінгі балалардың туу туралы куәлігінде жеке сәйкестендіру нөмірі жоқ. Туу туралы куәлігінде ЖСН-і жоқ балалардың құжаттары болашақта ақпараттық базаға қосылмайды. Ақтөбе қаласының тұрғындары  осы мақсатта ЖСН-ді халыққа қызмет көрсету орталығының 0-қабатындағы көші-қон полициясының құжаттандыру бөлімінен ала алады. Туу туралы куәлікте ЖСН қосымша бет ретінде жүреді.

Бала күтіміне 15 999 теңге

Сұрақ:

Зәмзәгүл, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Мүгедек балаларын тәрбиелеп отырған аналарға мемлекет тарапынан қандай көмек бар?

Жауап:

Рыскелді Жолдыбаева, облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің жетекші маманы:

— Қазақстан Республикасының «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізуіне байланысты 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға немесе қамқоршыларына 18 жасқа толғанға дейін мүгедек балалардың күтіміне 15999 теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы алуға құқы бар.

Жас босанған әйелге ауыр көтермеген жөн

Сұрақ:

Айдана Әлиасқарқызы, 20 жаста:

— Жүктілік кезінде ауыр заттар көтеруге болмайтынын білемін. Ал босанғаннан кейін ауыр зат көтеруге бола ма?

Жауап:

Гүлстан Қабылова, облыстық перинатальды орталықтың акушер-гинекологі:

— Тоғыз ай бойына жалғасатын жүктілік пен босану әйелдің ағзасына үлкен күш түсіреді. Атап айтқанда, жамбас біраз «шаршайды». Жамбас сүйектің қайта қалпына келуі үшін босанғаннан кейін  6 ай бойы сәби салмағынан артық болатын заттарды көтермеген дұрыс. Алғаш туғанда сәбидің салмағы 2,6-4 келі болады. Сәбидің салмағы апта санап өседі. Алғашқы алты айда 8,2 келіге дейін салмақ қосады. Аз-аздан қосылған салмақ жамбасқа ауырлық түсірмейді. Керісінше, уақыт өткен сайын жамбасты ауыр салмақтан болатын күшке дайындап, шынықтырады.

Алимент өндіру қалай шешіледі?

Сұрақ:

Зайра, Қобда ауданының тұрғыны:

Менің бір жарым жасқа толған балам бар. Екіқабат кезімде күйеуім бірге тұрудан бас тартты. Нәрестелі болған соң, баланы өз атына жазғызып, қайта жоғалып кетті. Материалдық көмек көрсетпейді, некені бұзуға арыз бермейді. Некеден жалпы мүлкіміз жоқ. Сотқа некені бұзу туралы арыз бергенде алимент өндіру мәселесі шешіле ме немесе алимент өндіру туралы басқа арыз беру қажет пе?

Жауап:

Асқар Өмірзақов, заңгер:

— Сот сіздің талап-арызыңызды өзіңіз арызданған талаптар шегінде ғана қарайды. Алимент өндіру туралы талапты некені бұзу туралы талаппен бірге беруге болады, бірақ ол талап-арызда көрсетілуі тиіс. Қазақстан Республикасы «Неке және отбасы туралы» Заңының 150-бабының 2-бөлігіне сәйкес алимент сотқа өтініш жасалған кезден бастап беріледі. Алайда егер сотқа арыз беруден бұрын асырап-бағуға қаражат алу шаралары қолданылғанын, бірақ алиментті төлеуге міндетті адамның оны төлеуден жалтаруы салдарынан алимент алынбағанын сот анықтаса, сотқа өтініш жасалған кезден бастап үш жыл мерзім шегінде өткен кезеңге алимент өндіріп алынуы мүмкін.

Ансамбльде ән айтқым келеді

Сұрақ:

Күләнда Қаражанова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

—Облыста «Асыл әжелер» халықтық ән ансамблінің жұмыс жасайтынын білемін. Осы ансамбльдің құрамында ән айтқым келеді. Ол үшін кімге, қай жерге барып, хабарласуым керек?

Жауап:

Қаракөз Сағынова, «Асыл әжелер» халықтық ән ансамблінің жетекшісі:

—«Асыл әжелер» халықтық ән ансамблі 2008 жылы құрылды. Ансамбльді құрудағы мақсат — қарттардың бос уақытын тиімді әрі көңілді өткізу. Қазір бұл ансамбльдің құрамында 61-73 шамасындағы жиырмадан астам адам ән айтады. Олардың қай-қайсысының да бойында ән айта білетін қабілет бар. Біз белгілі жоспар бойынша жұмыс істейміз. Жиі-жиі іссапарларға шығамыз. Егер ансамбльдің құрамында ән айтуға ниет білдірген жандар болса, 99-53-98, 98-63-26 байланыс телефондарына қоңырау шалып, толық мағлұмат алуына болады.

Жәрдемақы алғым келеді

Сұрақ:

Оразгүл Аймаханова, Әйтеке би ауданының тұрғыны:

—Менің үш балам бар. Мемлекет тарапынан көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы маған тиесілі ме?

Жауап:

Сәуле Сапабекова, облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы:

—«Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңының 4-бабына сәйкес бірге тұратын төрт немесе одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тиесілі. Егер балалары кәмелеттік жасқа толып, жоғары немесе арнаулы орта оқу орнында оқитын  болса, онда сол оқу орнының анықтамасы бойынша бала 23 жасқа толғанға дейін атаулы жәрдемақы алуға мүмкіндік бар.

Қызылша қатер тудырмасын

Сұрақ:

Света Халитова, Мәртөк ауданының тұрғыны:

— Мен байқамай қызылша ауруына шалдыққан сәбиді қолыма алдым. Бұл жүктілік кезінде кері әсерін тигізбей ме?

Жауап.

Сарбиназ Махамбетова, учаскелік педиатр:

— Қызылша өте жылдам жұғатын аурулардың қатарына жатады. Бірақ денесіне қызылша шыққан адамдармен байланысқан жағдайдың барлығында ол екінші адамға бірден жұға бермейді. Қызылшаны жұқтырған жағдайда оның соңы аса ауыр тұмауға немесе дене қызуының көтерілуіне әкеліп соқпаса, онда ешқандай қауіп болмайды. Қызылша қалыпты жағдайда жатырдағы ұрыққа әсер етпейді. Оның соңы қауіпті тұмауға ұласса, онда болашақ сәбиіңізге қауіп төнуі мүмкін. Жүкті әйелдер қызылша ауруын жұқтырғанда, дереу дәрігерге көрінгені жөн. Дәрігер жүктілікке кедергі келтірмейтін, зияны жоқ дәрі-дәрмектер арқылы ем-дом жасайды.

Зейнеткерлікке шыға аламын ба?

Сұрақ:

Бағила, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Менің жасым 53-те. Бес балам болған. Қазір 4-еуі тірі, біреуі 3 жасында шетінеп қалды. Сондықтан жеңілдік шартпен жасына байланысты зейнетақыға шыға аламын ба?

Жауап:

Мықтыбай Жәмиев, облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің жетекші маманы:

—1997 жылы 20 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 8-бабына сәйкес 5 және одан да көп бала туып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеп өсірген 53 жасқа толған аналар 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін талап етілетін 20 жыл еңбек өтілі болған жағдайда жасына байланысты зейнетақы тағайындалады.

Оқырман хаттарына жауап іздеген Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button