Жаттығу қорғанысты күшейтеді

Бөгет-2023
Аумақтық қорғаныс күштерінің жауынгерлері полиция департаменті, төтенше жағдайлар құрылымы және арнаулы бөлімшелермен бірге «лаңкестердің шабуылының» бетін қайтарды.
Бетпе-бет шайқас Ақтөбе су қоймасында өткен «Бөгет-2023» тактикалық-арнаулы оқу-жаттығу шарасы барысында болды.
Ақтөбе су қоймасында өткен іс-шара «Плотина-2023» тактикалық-арнаулы оқу-жаттығудың қорытындылаушы кезеңіне айналды. Қыркүйек айының 9-нан 19-на дейінгі аралықта аумақтық жауынгерлік бригаданың аумақтық қорғаныс батальонының күзет ротасы осы ауқымды шараға белсенді түрде қатысты. Жалпы, бұл жаттығуға Ақтөбе аумағында орналасқан күштік құрылымдардың жауынгерлері жақсыдаярлықпен келді. Олар Ақтөбе су қоймасы бөгетін лаңкестерден қорғауда үйлесімді түрде күш біріктірді. Қорғаушылардың іс-қимылдарын осында арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин қадағалап тұрды.
Ақтөбе облысы бойынша аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Рүстем Оразғалиев мәлім еткендей, оқу-жаттығудың басты мақсаты — заңсыз қарулы құрылымдарды жою бойынша арнаулы жауынгерлік әрекеттер жүргізуде аумақтық әскери бригаданың аумақтық қорғаныс батальонының күзет ротасы бөлімшелерінің бөлінген күштермен және құралдармен үйлесімділікте іс-қимылдарын пысықтау.
Сценарий бойынша, лаңкестер шлюзға мина салып, сол арқылы қалаға су басып кету қаупін төндіру үшін судан да, құрғақтан да шабуыл жасауды мақсат етті.
Әскери қызметкерлер гранатометтер мен атыс құралдарынан құрғақ патронды пайдалану арқылы лаңкестерді жоюды көздеді.
Оқу-жаттығудың маңызды сәті аумақтық әскерлер бригадасын, полиция департаментінің арнаулы бөлімшелері мен ұлттық гвардия бөлімшелерін қосқанда, әртүрлі құрылымдардың күштері мен құралдарын біріктіріп іске қосу көрінісі болды. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері де айтарлықтай қолдау-көмегін көрсетті.
Бөгетке басбұзарлық шабуылды жасауға лаңкестердің үш тобы қатысты. Олардың бір тобы бөгетке кіреберістегі аумақтық қорғаныс ротасы жауынгерлерімен айқасқа түсті. Бұл уақытта елуге жуық қарулылаңкестердің негізгі тобы жағалаудың қарсы бетінен бөгет аймағына кіруге ұмтылды. Екі шабуылдың да беті қайтарылды, лаңкестер мінген автобусқа арнаулы бөлімшелердің жауынгерлері қарсы шығып, лаңкестердің бір тобы жойылды, бірқатары тұтқынға алынды.
Қызу шайқас су үстінде де жалғасты. Лаңкестердің моторлы қайыққа мінген екі тобы бөгетті жару мақсатында оған жақындағанымен, жауынгерлік катерде орналасқан арнаулы бөлімшелердің әскерлері қатты соққымен олардың бетін қайтарды. Нәтижесінде барлық лаңкестердің көзі жойылды.
—Судағы және құрғақтағы лаңкестердің бірнеше тобына қарсы іс-әрекеттер операциясы сәтті аяқталды, — деп баяндады жаттығудан соң аумақтық қорғаныс бригадасының командирі.
Оқу-жаттығу қорытындысында Мавр Абдуллин шараға қатысушылардың барлығына жауынгерлік әзірліктері мен іс-қимылы үшін алғыс айтып, операция барысында дараланып көрінген жауынгерлерге, әскери міндетті азаматтарға және офицерлерге облыс әкімінің атынан Алғыс хаттар тапсырды.
Санат РӘШ.



