Жаңалықтар

Домбыра сыйға берілді

Басқосу

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында елімізге белгілі айтыс ақындары бас қосты.

Аталған іс-шараға талай жыл айтыс ақындарына қазылық еткен, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ертай Ашықбаев, мәдениет саласының үздіктері Орал-Қосай Байсеңгір, Оралбай Каметия қатысты.

Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Марат Ахметов:

— Өткен жылы облыс әкімдігінде айтыс ақындарымен кездесу өткізілген еді.Сол кезде ақындарымыз облыс басшылығынан домбыра мен ұлттық шапан тіктіріп беруге көмектесуін өтінген болатын, бүгін арнайы тапсырыспен жасалған он домбыра қолымызға тиіп отыр. Жақын күндері шапанымыз да дайын болды. Айтыс ақындарына жағдай жасалып жатыр. Ендігі басты мәселе — жастарымызға бағыт-бағдар беру үшін алдыңғы буын ағаларымызбен ақылдасуды жөн көріп отырмыз, — деді.

Жиында сөз алған Ертай Ашықбаев республикалық ақындар айтысында облыс намысын қорғап жүрген іні-қарындастарына ақыл-кеңесін айтты.

— Қазіргі кезде кітап, газет-журнал оқымайтын жастарымыз көбейді.Әлеуметтік желідегі жазылғанның бәрін ой елегінен өткізбей, шынайы қабылдайды. Ол сауаттылыққа жатпайды. Кітап оқып, газет-журналға шыққан мақалаларға назар аударыңдар. Адам өзінің мақсатына жету үшін әрдайым ізденіс үстінде жүруі керек, — деді ол.

Сонымен қатар сахна мәдениетін сақтау, мақам-сазға көңіл бөлу керектігі де айтылып,айсайын кездесіп, ақылдасып тұруға уәделесіп тарасты.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button