Жаңалықтар

«Танысқым келеді менің сізбен…»

Ақтөбеде арнаулы қызмет арқылы отау құратындардың саны артқан

«Кішкентайымнан ата-анамның махаббатына бөленіп өскен қызбын. Екі жоғары білімім бар. Жақсы қызметтемін, қалада орналасқан пәтердің иесімін. Хас сұлу болмасам да, әдемі көркім, тартымды келбетім бар. Жасыратын несі бар, осыдан 10-15 жыл бұрын «кәрі қыз» деген құлаққа түрпідей тиетін тіркесті естігенде, күліп, қыздардың күйеуге шығуды неге бұлай ұзатып алатынын түсінбейтінмін. Тіпті «Әр адам — өз өмірінің қожасы» дегенді апаларыма шегелеп айтып, бар кінә өздерінен екенін өзгелердің көзінше мықтап ескертуді жаным сүйетін. Жылдар өте келе, олардың кейбірінің жолы болып, теңін тапты. Тағы біреулері ақыры өз үйінен алыстай алмады…Шыны керек, тұрмыс құрып, бір азаматқа жар болуым керектігі, перзент сүю үлкен бақыт екендігін соңғы төрт-бес жылда ғана түсіндім. Әсіресе баласын жетектеген жас жұбайларды көргенде, қызығып қарап, «Ана әйелден менің қай жерім кем?» деп өз-өзіме іштей сұрақ қоятын болдым. Әйел бақыты, отбасылық береке туралы жазылған көптеген кітаптарды оқып тауыстым. Сөйтіп, білім аламын, жақсы қызметке орналасамын деп біраз уақытты жоғалтып алған мен нақтылы әрекетке көшіп, ғаламтордағы танысу сайттары арқылы жігіттермен компьютердің арғы жағынан сырласып көрдім. Ол жақта кіл уақытша ермек іздеген отбасылы ер адамдар тап болғасын осы танысу агенттігіне жолықтым. Бүгінгі таңдағы басты арманым — жақсы жігітпен отбасын құрып, ана атану. Өзім туралы: жасым 37-де, бойым — 175 см, салмағым — 85 келі. Менен әрі кетсе 5-7 жасқа үлкен немесе шамалас, зиянды әдеттерге жаны қас, әлеуметтік жағдайы жақсы жігіт іздеймін».

Бұл — біз барған танысу агенттігіндегі көп анкетаның бірінен қысқаша үзінді. Осы сияқты мұнда сыңарын іздегендер көп. Өйткені «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан»… Жаһандану заманының әсері болар, қазір адамдар бұрынғыдай апа-жеңгелеріне қолқа салғаннан гөрі, ғаламтордағы арнаулы сайттарға тіркеліп, танысу агенттіктерінің қызметіне жүгінгенді тәуір көреді. Мұндай заманауи танысу құралдары арқылы шаңырақ көтергендер де аз емес…

«340 жұптың алғысын алдым»

Орталық қалалардай емес, Ақтөбеде танысу агенттіктері соншалықты көп емес. Қоғамдық орындар, мерзімдік баспасөз беттерінде де мұндай қызмет түрлері туралы хабарландыруларды көзіміз жиі шала бермейді. Бұл, біріншіден, ділімізге сай келмесе, екінші жағынан, шағын ғана қалада «сондай жерге бардым…» деп айту ұят саналады. Дегенмен біздің өңірде де ұзақ жылдан бері жалғыз жүргендерді жұп қылатындар, соған кәдімгідей маманданғандар бар.

— «Екі жүрек» танысу агенттігімнің ашылғанына он жылдан асты. Осы аралықта 340 жұптың үлкен өмірге аяқ басып, отбасылы болуына өз үлесімді қосыппын. Яғни маған келген 170 жігіт пен қызды бір-бірімен таныстырдым. Осынша уақыт үшін бұл, әрине, өте аз көрсеткіш. Неге десеңіз, менің танысу агенттігіме жолыққан жігіттердің көпшілігі ажырасқан болса да, баласы бар әйелмен отау құрғысы келмейді. Қызығы сол —  олардың бұған дейінгі некесінде кемінде 1 баладан бар. Осыдан барып заңды түрде ерлі-зайыпты атанатындар соншалықты көп емес. Бәріне күйеуге шықпаған, баласы жоқ, өзі сұлу әйел керек. Олардың талабына сәйкес келетін, қай жағынан да жақсы қыздар танысу агенттіктеріне келе ме?! Мәселе сонда ғой. Сол сияқты қыз-келіншектердің дені қалталы, өзі келбетті әрі жас жігіттерді іздейді…

Ауылдық немесе қалалық деп бөлмеймін, тіпті шетелдік азаматтармен де байланыс орнатуға қарсылығым жоқ. Соңғы уақытта Ресейден, көршілес облыстардан Ақтөбеге көшіп келіп жатқандар көп. Ең бастысы, танысуға сұраныс білдіргендер бұрын-соңды сотталмаған, маскүнем немесе нашақор, сосын жұмыссыз болмауы керек. Шынымен отбасылы болуға ниетті келушілермен асықпай әңгімелескен соң, олардың суретін алып, арнайы сауалнама толтырып, өзіне сай жар іздеуге көшемін. Менің аталған қызметім 10 мың теңге тұрады. Белгілі бір уақыт аралығында сыңарын тауып беремін деп уәде бермеймін, бірақ жұмысымды адал атқаруға тырысамын. Мысалы, егер жасы 20-дан енді асқандар серіксіз едім деп келсе, ондайлардан бірден бас тартамын. Себебі олардың теңі агенттігімнің базасында бәрібір жоқ қой, — деп сыр бөліседі жеңгетайлықты негізгі табыс көзіне айналдырған ТатьянаСпирина.

Танысу агенттігі басшысының сөзіне қарағанда, оған бөріктілер мен бұрымдылар теңдей келеді. Ал жасына тоқталсақ, 30-65 жас аралығында. Осы орайда әңгімелесушімізден агенттікке тіркелген ер адамдардың талап-тілегі тез орындалатынын білдік. Бұның сыры қыз-келіншектердің көптігінде жатса керек. Оған Татьянаның жұмыс үстелінде жатқан қалың бума — «тірі дәлел». Яғни сұраныс жылма-жыл артып келе жатыр.

Хабарлама таратудың өзі — мың теңге

Кез келген әлеуметтік желіде арқасүйер азамат, жаныңды ұғар жар іздегендерге арналған топтар жетіп артылады. Бұлардың атауы да «сөйлеп тұр»: «Танысу алаңы», «Кел, сырласайық», «Сені іздеймін», «Танысу бұрышы»… Барлығында да талап-тәртіп бірдей: өмірлік жарын іздегендер есімі мен жасын, бойы-салмағын жазып қалдырады. Біз сондай парақшаны табысты жүргізіп отырған блогермен тілдескен едік.

— Инстаграмда танысуға арналған парақшаны ашып, жүргізгеніме бір жылдан асты. Басында әр анкетаны жариялағаным үшін 500 теңге алсам, қазір бағасын екі есе көтердім. Өйткені жазылушыларымның саны өсті. Егер фотосын жіберсе, жеңілдік жасаймын. Бүгінге дейін қанша жұпты қосқанымды нақты білмеймін. Әйткенмен «сіздің арқаңызда өз адамымды таптым» деп жазғандар болды.

Маған хабарласатындардың жасы әрқилы. Тіпті жасы елуден асып, жалғыздықтан жалыққан аға-апалар да жазады. Шыны керек, мен үшін олар отбасын құра ма, әлде жай таныс боп қала ма, бәрібір. Ең бастысы, игі іс жасап жатқанымды, қызметіме сұраныстың барын білемін. Болашақта танысу кештерін өткізу жоспарымда бар. Мысалы, әр адам 5 мың теңге төлеп, бір кеште 5 адамға дейін танысса, жақсы емес пе? Ол ақшаның барлығын өзім алмаймын, өткізетін орынды жалдаймын, жеңіл-желпі тағамдар аламын. Сондықтан менің жұмысымды бизнес деуге келмес, жай қосымша табыс қой. Бәрінен бұрын, сауабы мол іс, — дейді Камила Есенқұлова.

Сол сияқты әсіресе орыстілді газет-журналдарға хабарландыру беріп, серік іздейтіндердің саны біршама екен. Барлығы дерлік телефон нөмірін қалдырыпты… Жасы негізінен 45-тен жоғары екені де көрсетілген. Оған осы материалды дайындау барысында қанық болдық. Десе де олардың адами сезімдерін талқыға салып, қызықтағандай әсер қалдырмайық деп сөзге тарта қоймадық.

Бұдан бөлек мұндай топтағылар үшін танысу һәм тақырыптық кештер ұйымдастырылатын көрінеді. Әсіресе біз айтып отырған басқосулар Алматы қаласында көп өткізіледі. Асылы, ақылы негіздегі кездесулердің басы-қасында жүріп, талапқа сай өтуіне мұрындық болатындар тапшы.

«Бізді ВКонтакте қосты»

Танысу агенттіктері немесе сайттары арқылы танысып, табысқандар бұл туралы ашылып айтқанды тәуір көрмейді. Бәлкім, «жұрт не дейді?» деп ойлайтын болуы керек. Бұған осы материалды дайындау барысында анық көз жеткіздік. Айталық, 1972 жылғы келіншектің өзінен 3 жас үлкен ер адаммен махаббат хикаясы осындай танысу сайттары арқылы басталған. Екеуі де бұған дейін некеде болған ақтөбелік ерлі-зайыптылар үш жылдан бері тату-тәтті тіршілік кешіп жатыр. Бірақ аты-жөнін атауға, газетке суретін жариялауға үзілді-кесілді қарсы. Себеп — жұртшылықтан қымсынады.

Ал Құттымұрат пен Махаббат әлеуметтік желі арқылы танысқандарын, соның арқасында бүгінде көпбалалы отбасы болғанын ешкімнен жасырмайды. Жас жұбайлардың ойынша, қайда, қалай танысқанның маңызы жоқ, тек жарасып кетсе болғаны.

— Әу баста интернет арқылы танысу, отбасын құру туралы естігенде, оны ертегі сияқты қабылдайтынмын. Өз басымнан өткесін ғана әлеуметтік желінің күшіне сендім (күліп). Бір қызығы, екеуміз ВКонтактедебір ай өзара хат жазысып жүрген соң отбасын құрдық. Жолдасым мені алып қашып кетті. Дей тұрғанмен үлкендердің батасын алып, барлық салт-дәстүрді орындап қосылдық.

Жасыратыны жоқ, бұл екеуміздің де алғашқы некеміз емес. Сондықтан дүрілдетіп той жасағанымыз жоқ. Шүкір, қазір жақсы өмір сүріп жатырмыз. 4 баламыз бар. Осы қазан айында екеуміздің шаңырақ көтергенімізге 8 жыл толады.

Менің ойымша, екі жас бір-бірін ұнатса, қандай жағдайда танысқаның аса маңызды емес. Өзара түсініссе болды емес пе? Сондықтан қазіргідей жаһандану заманында бойдақтарды қай мүмкіндікті де оңтайлы пайдалануға шақырамын. Ғаламтордың көмегімен серігін табуды айтпағанда, табыс табуға, сауда жасауға, жалпы көп істі атқаруға болады, — дейді Махаббат Сегізбаева.

28 жастағы келіншек интернеттің көптеген игілігін көріп отырғанын атап өтті. Тіпті ерекше ас әзірлегенде де жаһандық желінің пайдасы зор.

Адам баласы отбасылық өмірдің қызық-қуанышына бөленіп, жұбымен бірге ұрпақ өрбіткісі келетіні белгілі. Танысып, кездесудің белгілі бір формуласы болмаса керек. Ең бастысы, екі адамның құстың қос қанатындай жарасып кетуі емес пе?!.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button