Жаңалықтар

Мамандық таңдаудың қыр-сыры

Биыл өңірдегі 304 орта мектепті 8530 оқушы бітіріп, үлкен өмірге қанат қағады.Сан тарау жолдабиік белестерге жету үшін кім болмақ керек? Ертең кеш болмауы үшін балаға кәсіптік бағдар беруді қай жастан бастап қолға алған дұрыс?  Облыстың бас мұғалімі,халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі Жайық Сұлтанның кеңесін оқып көріңіз.

Баланың әлсіз жағын дамыту үшін уақыт жоғалтуға болмайды

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болып отыр. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс» деп Үкіметке нақты тапсырма жүктеген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында мектептердің 10-11 сынып оқушылары үшін «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» курсы енгізілді. Бұл курста балалардың қабілет-қарымдарына қарай бағыт-бағдар беріледі.

Мектеп қабырғасында жүріп, бала өзінің болашағына бағыт-бағдар алуғатиіс. Негізі, баланы 5-6 сыныптан бастап мамандық таңдауға бейімдеу керек. Біздің өңірде 5-6-7 сыныптан бастап арнайы мамандандырылған, гуманитарлық, жаратылыстану бағытында білім беретін мектептер бар. Бұл білім шаңырақтары баланы болашақта белгілі бір салаға бейімдейді. Сондықтан баланың қабілетін ерте бастан байқап, анықтап, оған сай келетін мектептерде оқыту керек.

Жоғары сыныпқа көшкен сайын кәсіптік бағдар күшейе түсуі және нақтылана түсуі қажет. Ата-ана баланы баланың өзі қызығатын салаға бағыттағаны жөн.

Бұл ретте ата-ана мынаны ескеруге тиіс: егер бала бір пәннен әлсіз болса, ол пән бойынша баланың қабілетін арттырамын деп әуреге түсудің қажеті жоқ. Кей ата-ана: «Мына пәннен әлсіз еді» деп, баланы қосымша сабаққа жіберіп жатады. Бұл — уақыт пен қаржыны босқа жоғалту. Мұндай жағдай баланы күйзеліске түсіреді. Сол себепті бала не істеуге қабілетті, сол бойынша дамыта түсу керек.  Бұл — бір. Екіншіден, жоғары сыныптың оқушылары колледждер мен университеттердің ресми сайттарына кіріп, олар туралы мәліметтерді білуі қажет. Ондағы мамандықтар, факультеттер, профессорлық-оқытушылық құраммен танысып, университетке түсу талаптарын білген дұрыс. Кейбір оқу орындары рейтинг бойынша алдыңғы лекте болғанмен, баланың таңдаған мамандығы, бағыты бойынша білім беруде рейтингі жоғары болмауы мүмкін. Сол себепті қай университет қай бағытта мықты дамығанын да зерттеу керек.

Бала ең үздік университетке түсуді мақсат етсе, онда ең алдымен ағылшын тілін 4 бағыт бойынша (ауызекі сөйлеу, тыңдау, жазу және оқу) меңгеруге күш салған абзал. Өйткені бұл — қазіргі заман талабы. Әлемнің үздік жоғары оқу орындары сабақты ағылшын тілінде өткізеді.  Сол университеттердің грантына ие болуға талаптану керек. Ал грантқа ие болу үшін талап жоғары, бәсекелестер мықты. Осы орайда ата-ана, педагог бірлесіп жұмыс жасаса, еңбек нәтижелі болады. Ата-ана балаға бала ретінде емес, пікірлес, дос ретінде қарап, оның ішкі жан дүниесіне үңіліп, мамандық таңдау еркін баланың өзіне беру керек. Грантқа түсіп, кейін оқуды тастап кеткен жастар көп. Оқу бітірсе де мамандығы бойынша жұмыс жасамайтындар да жетерлік. Бұл ата-анаға да, Үкіметке де шығын. Әсіресе балаға қиын. 4 жыл оқып, қаншама уақыт жоғалтады. Мұндай келеңсіздік болмау үшін баланың ерік-қалауына тосқауыл болмау керек.

IT мамандығы мен ағылшын тілін меңгеру үшін университетке түсу шарт емес

Қазірде жүздеген мамандық жойылып кетіп, есесіне мыңдаған жаңа мамандық пайда болып жатыр. Сондықтан бір мамандықты оқу үшін 4-5 жыл уақыт жоғалту болашақта болмауы да мүмкін. Қазір қысқа мерзімді, 3 айлық, 6 айлық курстар бар. Сонда білім жетілдіріп-ақ, кәсіп иесі болуға мүмкіндік бар. Тіпті кейбір мамандықтар бойынша, мысалы IT мамандығын алу үшін жоғары білім қажет те емес. Алайда сол сала бойынша бағдарлама, кодтар жазу, цифрық платформалар жасау қабілетінің болуы маңызды. Яғни дипломнан гөрі, қабілетке мән беріледі. Өйткені жұмыс беруші IT мамандарды дипломына емес, портфолиосына қарап жұмысқа алады.

Кейбір мамандықтарды арнайы мамандық ретінде таңдаудың да қажеті жоқ. Өз бетінше үйреніп алатын дағдылар бар. Мысалы, ағылшын тілін жетік меңгеру үшін ағылшын тілі мамандығын бітіру шарт емес. Ағылшын тілін білу мамандықты меңгеру емес, қалыпты жағдай болуы керек. Бұл — ағылшын тілін насихаттау емес.  Әрине, біз ұлттық құндылықтарды ұмытпауымыз керек. Ағылшын тілін меңгеру ақпаратқа қолжетімділікті арттырады, адамның таным көкжиегін кеңейеді. Шетелдерге барғанда әріптестеріңмен тең дәрежеде сөйлесуіне мүмкіндік береді.

VUCA және BANI әлемдері: адамзат, қайда барасың?

Жастар үздіксіз ізденсе, еңбек зая кетпейді. Мектеп қабырғасында баланың үлкен өмірде өз жолын табуы үшін негіз қалыптасуы керек. Ол болашақта инженер бола ма, химик бола ма, мәселе онда емес, мәселе негіз қалыптасса, VUCA әлемі және Bani әлемі деп аталатын қазіргі құбылмалы, өзгермелі заманда өмірдің қандай саласы болмасын өзі бейімделіп, икемделіп кетеді. VUCA (Volatility, Uncertainty, Complexity, Ambiguity) — тұрақсыз, белгісіз, күрделі және екіұшты әлем. Ал BANI (Brittle, Anxious, Nonlinear, Incomprehensible) — нәзік, үрейлі, сызықты емес, түсініксіз әлем. Мұндай аумалы-төкпелі заманда барлық өзгеріске дайын болу үшін үздіксіз білім алу қажет. Тез үйреніп, үйренгенін ұмытып, жаңа нәрсені қайта үйренетіндей қабілеттер болу керек. Бұл заманда үйренгенді ұмыту да маңызды. Адамның кей дағдысы бұған дейін маңызды болғанмен, уақыт өте келе өзектілігін жояды. Яғни ол бағытта әрекет ету оны дамытпайды. Сол себепті заман ағымына сай жаңа дағдыларды үйрену керек.

Қазіргі білім беру бағдарламаларының классификаторларын қайта қараудың уақыты жетті. Себебі кеңес заманы кезінде сұраныста болғанмен, қазір қажеттілігі жоқ мамандықтар бар. Олардың орнына жаңа технологияның дамуымен пайда болып жатқан мамандықтарды қосу керек. Жылдам өзгеріп жатқан еңбек нарығының сұранысына сай бейімделу керек. Бұл — колледждер мен университеттердің, сондай-ақ тиісті министрліктердің алдында тұрған міндет.

Алдағы 5-10 жылда қандай мамандықтардың жойылып, қандай мамандықтардың пайда болатынын болжап білу мүмкін емес. Бірақ не істеу керек? Ол үшін,тағы да қайталап айтамын, жас жеткіншек өз бетінше үздіксіз үйрену, үздіксіз ізденуге дағдыланғаны дұрыс. Сонымен қатар адамгершілік, жалпы адамзаттық құндылықтарды бойға сіңіре отырып, өзгерістерге бейім болуы керек.

Жазып алған Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button