Жаңалықтар

«Ұлы дала жорығы-2023»: Ақтөбелік шабандоздар күміс жүлдені иеленді

19 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің 14-кезеңі аяқталып, тарлан тарихтың куәгері болған, руханияты жаңғырған еліміздің рухани астанасы Түркістан төрінде жеңімпаздар анықталды.

Таңғы сағат 7:00-ден бастап соңғы 50 шақырымды еңсеруге аттанған 4 команда ішінде Жетісу облысының командасы топ жарып, мәре сызығын бірінші болып кесті.

Соңғы меже – Түркістан қаласына дейін ең қысқа уақыт ішінде жеткен Жетісу облысының командасы бас жүлде – 18 000 000 теңге (Регламентке сай) көлеміндегі жүлдемен марапатталады. Ақтөбе облысы командасы 2-ші орын үшін – 16 000 000 теңге, ал 3-ші орын иегері Алматы қаласының командасы 9 000 000 теңгені қанжығасына байлайды. Төрешілер шешімімен, мәреге 4-інші болып келген Абай облысының командасына 5 000 000 теңге берілетін болды.

14-күннің қорытындысы бойынша командалардың жалпы уақыты:
Жетісу облысы – 93 сағат 47 минут 43 секунд
Ақтөбе облысы – 95 сағат 06 минут 37 секунд
Алматы қаласы – 104 сағат 23 минут 57 секунд
Абай облысы – 112 сағат 12 минут 46 секунд

Жалпы 5-19 қыркүйек аралығында марафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1300 шақырымнан аса қашықтықты басып өтті. Марафон 14 сатыға бөлінген. Еліміздің 19 өңірінен марафонға 1 командадан қатысты. Марафонға қатысушыларға Ұлы Дала рухын сезінуге және киелі жерлеріміз – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасауға мүмкіндік туды.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button