Жаңалықтар

5 қарашада үш ауданның әкімі сайланады

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауын­да аудандар мен облыстық маңыз­ы бар қалалардың әкімдері сайла­на­ты­нын мәлімдеген болатын. Осыған орай облыс әкімдігінде өткен облыстық аумақтық сайлау комиссиясының отырысында саяси бәсе­кенің жай-жапсары түсіндірілді.

Жиынды жүргізген облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов биыл өңірімізде үш ауданда, атап айтсақ, Ырғыз, Қобда және Ойыл аудандарында әкімдер сайлауы өтетінін, аталған шара биылғы жылдың 5 қарашасына белгіленгенін жеткізді.

Оның айтуынша, биыл әкімдер сайланатын аудандардың тізімі облыстық мәслихат депутаттарының шешімі негізінде жасақталған.

Отырыста облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ақмарал Нұрмағамбетова үміткерлерге қойылатын талаптар мен кандидаттарды тіркеу мерзімі туралы айтып берді.

— Сайлауға түсетін үміткерлерге қойылатын басты талап — олар Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиіс. Екіншіден, саяси мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарға сай болуы керек. Үшіншіден, жас шегі — 25 жас және тексерістен оң нәтиже алуы шарт. Сайланатын әкімдердің өкілеттік мерзімі — 4 жыл. 

Кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейін, яғни 16 қыркүйектен басталады. Және сайлау өткізілетін күнге отыз күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады. Егер ұсыну мерзімі аяқталған күнге әкімге екіден аз кандидат ұсынылса, онда тиісті аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін үш күннен аспайтын мерзімге ұзартады, — деді ол.

Оның айтуынша, аудан әкімдері сайлауына үміткерлер екі жолмен ұсы­нылады. Бірінші —

белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар өз мүшелері арасынан бір адамды ұсынуына болады. Бұл жерде саяси партия бір сайлау округінде тек бір кандидат ұсынуға құқылы. Ал екіншісі — дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайыз қолдауымен өзін-өзі ұсыну жолымен жүзеге асырылады.

Жиында сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Талант Медет сайланатын әкімдерге қойылатын талаптар жайлы айтып берді.

Қазақстан Республикасының азаматы әкім болып сайлану үшін Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-2-бабында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес болуға тиіс. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестікті тиісті аумақтық сайлау комиссиясы ұсынған құжаттар негізінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді. Әкім болуға кандидат Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестікті тексеру үшін тиісті аумақтық сайлау комиссиясына қажетті құжаттарды ұсынады, оның тізбесін Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді, — деді ол.

Отырыс соңында комиссия мүшелері БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Айта кету керек, аудан әкімдерін сайлауға жергілікті бюджеттен 136,2 млн теңге қаржы бөлінеді.

                                                                                                                    Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button