Триатлон парктен басталған тазалық

Таза қала
Биыл 2 қыркүйекте Ақтөбе қаласында екі айлық тазалық акциясы басталған болатын. Өткен сенбі күні екі айлық аясында мемлекеттік органдар мен қала жастары кезекті сенбілікке шықты. Бұл шара Дүниежүзілік тазалық күнімен дәлме-дәл келді.
Спортшылардың үлесі
Биыл қаланың көшелері мен жолдарына, саябақтар мен алаңдарға тазалық жұмыстарын жүргізу үшін облыстық басқармалар мен департаменттер, қалалық бөлімдер, мемлекеттік кәсіпорындар және мердігер мекемелер, жалпы саны 100-ден астам мекеме бекітілген. Осы мекемелер сенбілікте өздеріне бөлінген аумақты арамшөптерден, күл-қоқыстан, жапырақтардан тазартты. Мәселен, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты мектептер мен ұйымдар қала орталығында орналасқан Триатлон паркінің аумағына санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, спортшылар мен спорт мекемелерінің қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақты тап-таза етіп жинап кетті. Тазалық жұмыстарына атсалысқан спортшылардың арасында бокстан әлем чемпионы Галиб Джафаров та бар.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Самат Әділханұлының айтуынша, екі айлық тазалық акциясына басқармаға қарасты Ақтөбе қаласындағы 22 мекеме жұмылдырылған.
- Әр апта сайын сенбілікке спорт мектептерінің әрқайсысынан он адамнан шығады. Бүгін де спортшылар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тазалық жұмыстарына белсене атсалысты. Жалпы, басқа қала тұрғындары сияқты біздің де спортшылар осы Триатлон паркке келіп, жүгіреді, жаттығады, серуендейді. Сондықтан біз мұнда жиі келіп, тазалық жұмыстарын ұйымдастырамыз. Өткен аптада бір топ спортшы Родниковка трассасы аумағын қоқыстан тазартты, — дейді ол.
Сенбілікке ұжымымен келгендердің бірі — Ақтөбе қаласындағы №5 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Виталий Шварц. Ол өзі бастап бекітілген аумақты арамшөптерден, жапырақтардан, қоқыстардан тазартты.
- Біз кеше өз спорт мектебіміздің аумағына тазалық жұмыстарын жүргізсек, бүгін Триатлон паркте сенбілік ұйымдастырып жатырмыз. Бұл жерде арамшөптер көп өскен, соларды жұлып, қаптарға саламыз. Біз, спортшылар, қашанда қоғамдық шараларға, тазалық акцияларына белсене атсалысамыз. Біздің қызметкерлеріміз тазалыққа ерекше көңіл бөледі. Қазіргі таңда спорт мектебімізде 35 адам жұмыс істейді, — дейді Виталий Шварц.
Ал Батыс-2 шағын ауданындағы жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің қызметкері Есқазы Бисенғалиевтің айтуынша, спорт мектебінің ұжымы көктемде де, күзде де осы аумаққа тазалық жұмыстарын жүргізеді екен. Бұл жолы да аталған мектеп қызметкерлері ұжым болып сенбілікке шыққан.
— Қаламыздың тазалығы, негізінен, тұрғындарға байланысты. Егер адамдар қоршаған ортаның тазалығына ерекше жауапкершілікпен қараса, онда ешқандай мәселе болмайды. Өкінішке қарай, қазір қала көшелерінде бос жатқан пластик бөтелке, қағаз бен целлофандардың шашылып жатқанын жиі көреміз. Оны көрсек те, қоқыс жәшіктеріне салмаймыз. Міне, осыдан келіп, қоқыс көбейеді, ақырында проблемаға айналады. Сондықтан біз жастарға мектеп қабырғасынан бастап тазалыққа мән беруді үйретуіміз керек, — дейді Есқазы Бисенғалиев.
«Қаланың әдемілігі — өзімізге байланысты»
Сенбі күні тазалық жұмыстарына облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының мамандары да белсене атсалысты. Басқарма қызметкерлері бұған дейін 312-атқыштар дивизиясы даңғылына, Тілеу батыр ескерткіші орналасқан алаңға, Қаржыгерлер аллеясына тазалық жұмыстарын жүргізген.
— Біз үнемі ұжым болып сенбілікке шығамыз. Ондағы мақсатымыз — қаламызды көркейтуге, гүлдендіруге үлес қосу. Бүгін департаменттен бір топ қызметкер шығып, Тұңғыш Президент атындағы Орталық саябақтың бізге бекітілген аумағын жапырақтардан, арамшөптерден, қоқыстан тазарттық. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, мұнда таңертең ерте келіп, жауапкершілікпен еңбек етіп жатырмыз.
Жалпы, қала тазалығына келсек, сенбіліктерге мемлекеттік мекемелер ғана емес, барлық қала тұрғындары шығып, саябақтарды, скверлерді, орталық алаңдарды күл-қоқыстан тазартуға атсалысуы керек. Себебі бұл жерлер — баршамызға ортақ. Ақтөбеміздің таза болуы, көркеюі барлығымызға сын. Мысалы, мен осы қалада өсіп-өніп жатырмын. Сондықтан оның тазалығына бейжай қарай алмаймын, — дейді басқарманың бөлім басшысы Арман Ұлданов.
Тұңғыш Президент атындағы Орталық саябақтың мемлекеттік тутұғыр орналасқан аумағына тазалық жұмыстарын жүргізген мекемелердің бірі — облыстық әділет департаменті. Бұл мекемеден сенбілікке 20-ға жуық адам шығыпты.
— Бүгін әлем елдерінде Дүниежүзілік тазалық күні атап өтіліп, соның аясында әртүрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Осы орайда біз де бүгінгі сенбілікке ерекше белсендікпен атсалысып жатырмыз. Күл-қоқыстарды жинап, оны қаптарға салып, көліктерге тиеп жібереміз.
Биыл да жылдағы дәстүрге сай облысымызда екі айлық басталды. Енді екі ай бойы біз де өзгелер сияқты тазалық акциясына өз үлесімізді қосатын боламыз. Тазалық әр үйден басталады. Сондықтан әрқайсысымыз алдымен өз үйіміздің ауласын, айналасын қоқыстан тазартуымыз керек, — дейді облыстық әділет департаменті әкімшілік бөлімінің бас маманы Жасұлан Есмағанбетов.
Електің жағасын да…
Бұл күні құрамында облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, сондай-ақ экологиялық ұйымдардың еріктілері бар, жалпы саны 300-ге жуық адам Елек өзенінің жағасын күл-қоқыстан тазартты. Олар сенбілік аясында 20 тонна қоқыс жинап, арнайы көліктер арқылы тұрмыстық қалдықтар полигонына жөнелтті.
- Біз жыл сайын 16 қыркүйек — Дүниежүзілік тазалық күнінде экологиялық акция өткізіп, өзендер мен көлдердің жағасын күл-қоқыстан тазартамыз. Жылына бір рет өткізілетін бұл іс-шараның мақсаты — елімізді әлемдік экологиялық акцияға қатысушы ретінде «Жасыл экономика» қағидатын іске асыратын мемлекет ретінде таныту. Осы орайда біз барша ақтөбелікті жыл сайын игілікті бастаманы қолдап, акцияда белсенділік танытуға шақырамыз, — дейді облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Талап Уснадин.
Айта кету керек, биылғы күзгі екі айлық акциясы 21 қазанға дейін жалғасады. Оған дейін сенбі сайын барлық мекемелер мен кәсіпорындар тазалық шараларына қатысады.
Данагүл ҚАЗИХАН.