Бала қауіпсіздігі — басты назарда
Кеңес
Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясының ғимаратында кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында кеңес өтті.
Шараға облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан, облыстық полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдос Құлжанов, Ақтөбе қалалық полиция басқармасының бастығы Әсет Қалиев қатысты. Сондай-ақ кеңеске аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, Ақтөбе қаласындағы жалпы білім беретін мектептердің директорлары мен тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, ата-аналар комитеттерінің өкілдері, ювеналды полиция тобының инспекторлары — барлығы 400 адам жиналды.
Күн тәртібінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс және оның алдын алу бойынша жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндамалар тыңдалып, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқыланды.
Полицейлер балалардың жолдағы қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Соңғы 8 айдың қорытындысы бойынша балалардың қатысуымен 89 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 104 бала жарақат алып, 11 бала көз жұмған.
— Мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайтып, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруымыз керек. Былтыр оқушылары көп құқықбұзушылық жасаған мектептерде ата-аналардың кезекшілігі ұйымдастырылды. Сол жобаны барлық мектепте жалғастыру қажет, — деді басқарма басшысы Жайық Сұлтан.
Кеңес соңында бала тәрбиесіне, оның ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты құқықбұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу мәселесіне қатысты ұсыныс-пікірлер тыңдалып, сұрақтарға жауап берілді.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.