Қате жазылған 150 жарнама мәтіні түзетілді

Тіл
Мемлекеттік тілді меңгергендер саны жылма-жыл артып келе жатыр. Айталық, биылғы 8 айдағы қорытынды бойынша облыста қазақ тілінде еркін сөйлейтін, оқитын және жазатын халықтың үлесі 59,7 пайызға жетіп отыр. Мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі қазіргі таңда 99 пайызға жеткен.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маржан Жанасова брифингте осылай деді.
— Мемлекеттік тілді әртүрлі деңгейде меңгергендер үлесі 95,1 пайыз болса, облыс халқының 59,7 пайызы қазақ тілін жетік біледі.
Жалпы, өңірдетілдерді дамыту бағдарламасы аясында түрлі форматтағы шаралар кешенді түрде іске асырылып жатыр. Мәселен, тілдерді оқыту орталығының курстары Ақтөбе қаласы ғана емес, 3 ауданда — Қарғалы, Хромтау, Мәртөкте жұмыс істейді. Биылғы 8 айда мемлекеттік тілді оқытумен қамтылған 1497 адамның 42 пайызы — өзге ұлт өкілдері.
Сондай-ақ облыста жастар бастамасымен құрылған «Söile&Say» қазақша сөйлесу клубы бар. «Мен қазақ тілінде қызмет көрсетемін» акциясы бойынша шағын және орта бизнес нысандарына сөздіктер, салалық сөз орамдары, шағын диалогтар жазылған тілашарлар таратылып, әдістемелік қолдау көрсетілді, — дейді ол.
Мұнымен бірге «Шетелдегі қазақ диаспорасымен байланыс» жобасы аясында Орынбор облысындағы қазақ диаспорасы өкілдеріне қазақ тілін үйретуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылған.
Ономастика саласында да оң өзгерістер бар. Ресми деректерге сүйенсек, биылдыққа Ақтөбе қаласындағы атауы жоқ көшелерге атау беру және идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелерді қайта атау бойынша 99 ұсыныс, аудандар бойынша 9 ұсыныс қолдау тапқан.
— Ақтөбедегі көрнекі ақпарат мәтіндерінің тіл туралы заңнама талаптарына сәйкес, стильдік, орфографиялық тұрғыда сауатты жазылуын қадағалау, әдістемелік көмек беру, азаматтардың тіл саясаты туралы ақпараттандыру деңгейін көтеру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Осы жылдың 8 айында облыс бойынша 1045 жарнама мәтіні сараланды. Тіл туралы заңды бұзған 150 жарнама мәтінін түзету бойынша әдістемелік көмек көрсетілді. Жарнама агенттіктерінен түскен 1015 жарнама мәтінінің 476-нан қателер анықталып, түзетілді, — деп сөзін түйіндеді Маржан Жанасова.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.