Жаңалықтар

Қарғалы ауданындағы құрылысы ұзаққа созылған нысандар – қатаң бақылауда

Облыс әкімі Асхат Шахаров Қарғалы ауданына жұмыс сапары аясында инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

Алдымен облыс басшысы құрылысы жүріп жатқан 45-75 шақырым учаскедегі «Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск» автожолының жұмыс жоспарын көрді.

Бадамша ауылдық округінде әкім облыстағы алғашқы жел-электр станциясын визуалды қарап және «ТАС ПРОМ ТРЕЙД» ЖШС қиыршық тас өндіру кәсіпорнына барды.

Сондай-ақ, ол Бадамша ауылында азаматтарды қабылдады, онда ақсақалдар ауылды одан әрі дамыту, кентішілік жолдар мен елді мекенді облыс орталығымен байланыстыратын трассаны жөндеу тақырыптарын көтерді. Асхат Шахаров «Бадамша-Ақтөбе» жолын жөндеуді қаржыландыру көзделгенін, келесі жылы жұмыстар аяқталуға тиіс екенін атап өтті. Ауылішілік жолдарды жөндеу мәселесі де қарастырылуда.

Асхат Шахаров проблемалық нысандарға, соның ішінде Бадамша ауылындағы Өнер мектебінің жаңа ғимаратына ерекше назар аударды. Бұл нысанның құрылысы 2017 жылы басталған, бірақ құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобалық құжаттаманы түзету қажеттігі туды. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы 2023 жылдың мамыр айында ғана алынды. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Осы мектепке баратын балалардың ата-аналары да құрылыс барысын көрді.

💬 «Біз өнер мектебін көптен күткен едік. Балалар үнемі жаңа ғимаратқа қашан көшетіндерін сұрайды. Біз жұмыстың қызу жүріп жатқанын көргенімізге қуаныштымыз», – деді ауыл тұрғыны Сабина Құмарова.

Облыс әкімі жоба қатаң бақылауда екенін айтты және ғимарат келесі жылы пайдалануға беріледі деп сендірді. Көктемде аумақты абаттандыру және көгалдандыру бойынша іс-шаралар өткізіледі.

Сонымен қатар, ауылдағы  құрылысы ұзаққа созылған тағы бір нысан – спорттық-сауықтыру кешені, оның құрылысы 2018 жылы басталған. Нысанның жобалық құжаттамасы қайта түзетілген, ғимарат ағымдағы жылдың сәуір айында пайдалануға берілуі тиіс еді.  Алайда, нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарының кестеге сәйкес жүргізілмегенінің нәтижесінде сот мердігер ұйымнан мемлекет пайдасына айыппұл өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Қарғалы ауданына сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі Қарғалы ауданының әкіміне, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдарға ауданның туристік әлеуетін одан әрі дамыту мен іске асыру, басталған жобаларды аяқтау және ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Д.АЙДАР. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button