Жаңалықтар

Тұрғындар көтерген мәселелер аяқсыз қалмауы тиіс – Асхат Шахаров

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қаланың Батыс-2 ықшам ауданындағы желілік саябақ аумағын, тротуарларды, Шанхай ықшам ауданындағы кейбір көпқабатты үйлердің аулаларын жаяу аралап шықты.

Ұзындығы 550 метрді құрайтын желілік саябақтың қазіргі күйі көңіл көншітпейді. Жасыл желектердің дұрыс суарылмауы, отырғызылған ағаштардың солып қалуына қатысты мердігер компания бұған дейін де сынға ұшыраған. Ал көгалдандыру – жобаның ең маңызды бөлігі. Өңір басшысы қала әкімдігіне мердігерлермен жұмысты күшейтіп, саябақты қалпына келтіру керектігін қадап айтты.

Асхат Шахаров «Дина» супермаркеті аумағындағы тротуарларға да шүйлікті. Бұл маңда жұмыстар олқы-солқы жасалған, кейбір жерлер қазылып, сол күйінше жатыр. Дәл осындай аяқсыз қалған жұмыстар Шанхай ықшам ауданындағы Ө.Тұрмағамбетов көшесі №32 үйдің ауласында да бар.

Осы үйдің тұрғыны Мәдина Сәрсенбаеваның айтуынша, бірнеше жыл бұрын аулаларды абаттандыру басталған, бордюрлері салынып, жарық шамдары қондырылған, алайда, мердігер компания жұмыстарын толық бітірмепті. Яғни, асфальт төселмеген. Тұрғындар балаларға арналған ойын алаңдарын салуды сұрады. Облыс әкімі Асхат Шахаров қала басшысына ақтөбеліктер көтерген мәселелер аяқсыз қалмауы тиіс екенін алға тартты, ұсыныстарын бағамдауды тапсырды.

💬 «Ауладағы шашылған қоқысты жинауға тұрғындар да үлес қосып, тазалыққа жауапкершілікпен қарауы тиіс» деген Асхат Шахаров бұл маңға бейнекамералар қондырылатынын алға тартты.

Пожарская көшесі №36 үй тұрғындарының да ауланы абаттандыруға қатысты мәселелері бар. Келер жылы мұнда асфальт төселіп, көлік тұрағы салынады.
Осы екі үйдің ортасындағы бос жер көгалдандырылып, тұрғындар демалатын орынға айналуы тиіс.

Ал «Қоныс» спорт сарайының артында орналасқан, бүгінде бос жатқан жер алдағы уақытта ақтөбеліктердің спортпен шұғылданып, жастардың бос уақытын өткізетін орны болмақ.

💬 «Осы жерге үй, басқа да нысандар салуға қызығушылық білдірген кәсіпкерлер болды. Алайда, ешкімге де берілмейді. Бұл аумақта қала тұрғындарының спортпен шұғылдануына жағдай жасалады. Жастарымыздың бас қосатын, бос уақытын өткізетін орнына айналады. Қала әкімдігіне жоба дайындау туралы тапсырма берілді», – деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі қаланы аралау барысында көтерілген барлық проблемаларды жойып, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде орындауды жауапты мемлекеттің орган өкілдеріне міндеттеді.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button