ҚОРЫМ МАҢЫН КҮЛ-ҚОҚЫСТАН ТАЗАРТТЫ
Бүгін облыстық және Байғанин аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Kieli Tabigat» республикалық акциясы аясында Байғанин ауданы Жарқамыс ауылы маңындағы Дауымшар қорымында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Аталған акцияға облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Елеусіз Нұрғалиев, «Жасыл ел» жасағы облыстық штабының төрағасы Нұржан Шаңғытбаев, Жарқамыс ауылының әкімі Асылхан Жұбаналин бастаған «Жасыл ел» жасағының жастары мен Жарқамыс ауылының тұрғындары қатысты.
Ауыл тұрғындары мен жастар қорым айналасын күл-қоқыстан, арам шөптен тазалады.
Жарқамыс ауылының әкімі Асылхан Жұбаналиннің айтуынша, екі айдан бері бұл қорым аумағында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарына республикалық және облыстық деңгейдегі мекемелерден 15-ке жуық адам жұмылдырылған.
— Бұл қорым Жарқамыс ауылынан 37 шақырым жерде, Жем өзенінің сол жағында орналасқан. Қорымдағы ескерткіш, құлпытас, қойтастардың архитектуралық, тарихи-этнографиялық маңызы бар. 1810 жылы осы жерге Дауымшар деген ел билеген атақты адам жерленгендіктен, қорым сол кісінің есімімен аталып кеткен.
Бұл мазар — оңтүстікке қаратып салынған төртбұрышты, күмбезді ескерткіш. Қорымда мазарлардан бөлек әк тастардан қиылып қаланған сағанатамдар, құлпытастар, қойтастар, сандықтастар, таспен қоршалған бейіттер бар. Сәулет өнері тұрғысынан сағанатамдар, мазарлар ерекше көз тартады. Біз жыл сайын келіп, осы қорым аумағын қоқыстан, шөптен тазартамыз. Биыл да «Жасыл ел» жасағының жастары мен тұрғындардың қатысуымен тазалық акциясын ұйымдастырып жатырмыз. Біз мұндай киелі жерлерді үнемі қарап, күтіп-ұстауымыз керек. Жастарды осындай тарихи жерлерге әкеліп, көрсетуге тиіспіз, сонда ғана жас ұрпақ ол туралы мағлұмат алып, киелі жерлердің тарихымен танысады, — дейді ауыл әкімі.
Тазалық жұмыстарына атсалысқан «Жасыл елдің» сарбаздары жұмыс жасап қана қоймай, қорымның тарихымен танысып, оның аумағын аралап шықты.
Айта кету керек, бүгін еліміздің барлық өңірінде «Kieli Tabigat» экологиялық акциясы ұйымдастырылып жатыр. Оған республика жастары ерекше атсалысуда. Олардың қатарында облысымыздың жастары да бар.
Д.ҚАЗИХАН.