Темір нарком рухына тағзым
Темірбек Жүргенов — 125
«ХХ ғасыр басында халқымыз бен еліміздің болашағы жолында тізе қосып күрескен ұлт қайраткерлерін Алаш арыстары мен большевиктер деп бөлуге болмайды. Олар біртұтас күш еді».
ХХ ғасыр басындағы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына арналған шаралар барысында белгілі тарихшы ғалым, академик Хангелді Әбжанов осылай деді.
Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына арналған шаралар Ақтөбедегі «Азаттықтың ақ таңы» ескерткіш-кешеніне тағзым етуден басталды. Тәуелсіздік даңғылындағы ескерткіш-кешен орналасқан алаңға осы мерейтойға орай еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар, атап айтқанда, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Телжан Шонанов, Тел Жаманмұрынов әулеттерінің, басқа да ұлт қайраткерлерінің ұрпақтары, тарихшы ғалымдар, ақтөбелік зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері, жастар жиналды.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова ашып,сөз сөйледі:
— Бүкіл ғұмырын жұртының қамы, елінің жарқын болашағы жолындағы қызметке жұмсаған аяулы перзенттерін халық ешқашан ұмытпайды. Бүгінгі басқосу дасоның бір айғағы. Темірбек Жүргеновтің мерейтойын биыл ТүрікСОЙ халықаралық ұйымының аясында атап өтуге шешім қабылданған, — деді ол.
Облыс әкімінің орынбасары Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараларға тұлғалары «Азаттықтың ақ таңы» ескерткішінде бейнеленген ұлт қайраткерлері ұрпақтарының арнайы келгенін айтып, оларға ел алғысын жеткізді.
Жиында Жүргеновтің жары Дәмеш Әмірханқызының көзін көрген, Ұзақбай Құлымбетовтің қызы Орынша Қарабалина естелік айтып, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова өзінің жүрекжарды тілегін білдірді.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Ханкелді Әбжанов өзінің сөзінде ХХ ғасыр басында ұлт тағдыры жолында тізе қосып күрескен қайраткерлерімізді большевиктер мен Алаш арыстары деп жіктеп, екі жаққа бөліп көрсетудің әлі де тыйылмай келе жатқанына қынжылыс білдірді.
— Екі түрлі партияда болғанына қарамастан, олардың мақсаты бір еді. Шынтуайтына келгенде, олар — біртұтас құбылыс, біртұтас күш болды. Кезінде Әлихан Бөкейханның өзі: «Мен де ұлтшылмын, Сәкен де ұлтшыл, Тұрар да ұлтшыл», — деген. Сол айтқандай, көз алдымыздағы ескерткіш-кешенде олардың бірге тұруы — тамаша көрініс, — деді ғалым.
Жиналғандар тәуелсіздік жолында күрескен барша бабалар рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Мерейтой одан әрі «Темірбек Жүргенов және түркі әлемінің рухани бірегейлігі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция, «Ұрпақтар үні» кездесу кеші, концерт және басқа да шаралармен жалғасты.
Сондай-ақ осы шаралар аясында Алаш арыстарының ұрпақтары Ырғыз, Әйтеке би аудандарына сапарлап, халықпен жүздеспек.
А.САРЫБАЙ.
(Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойына арналған шаралар туралы материалды газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.)