Басты жаңалықтар

Ақтөбе — жерасты суын пайдаланып отырған өңірлердің бірі

«Су үнемдейтін технологияларды енгізу — аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу — өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс».

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында суеліміздегі өзекті мәселелердің бірі екенін айтып,үнемдеп пайдаланбаса, оның да тез таусылатын шектеулі ресурс екендігін тағы бір еске салды. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, адамзат тіршілігіне қажетті су қоры жыл өткен сайын азайып бара жатыр. Қазірдің өзінде әлемде 2 млрд-тан астам адам таза ауызсуға жарымай отыр. Алдағы уақытта бұл сан тіпті көбеюі мүмкін.

…Жеті жүз мыңға жуық тұрғыны бар Ақтөбе қаласында су тапшылығы мәселесі бар ма? Күнделікті тұтынып жүрген ауызсудың қазіргі жайы қалай? Бұл туралы бізге шаһар тұрғындарын салқын, ыстық сумен және жылумен қамтамасыз етіп, сондай-ақ кәріз су бұру қызметтерін үздіксіз ұйымдастырып отырған «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамының бас директоры Ерлан Блиев кеңірек айтып берді.

Дағдарыстан үнем ғана құтқарады

Мемлекет басшысы Жолдауда елімізде суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керектігін, сондай-ақ көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесін шешуді тапсырды. Ол үшін 20 жаңа бөген салынып, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізіледі және 3500 шақырымдық канал жаңғыртылып, цифрлық тәсілмен бақылауға алынады. Осы жұмыстар сәтті аяқталса, 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткіземіз.

— Жолдауда су тапшылығына қатысты бірнеше мәселеге тоқталып, соны шешуге нақты тапсырмалар берген Президент суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керектігін айтты. Дәл осы тарифке қатысты мәселені мен бұған дейінгі бірнеше отырыста көтерген едім. Өйткені біз дәл қазіргі жағдайда су тапшылығы мәселесін үнемдеу арқылы шеше аламыз. Ал адам қай нәрсені де қалтасынан артық шығын шыққан кезде ғана үнемдейді. Сондықтан қыс айларында пайдаланатын су мөлшерін норматив ретінде бекітіп алып, пайдалану көлемі содан асқан жағдайда басқа тарифпен есептесек, ысырапшылдыққа жол берілмейтін еді. Бұл мәселені бұған дейін егжей-тегжейлі зерделеп, экология министрлігіне жолдадық. Жуырда елімізде Президент тапсырмасынан соң су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес айналысатын Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Соның аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады. Бұйырса, сол жаққа да хат жіберетін боламыз, — деген Ерлан Блиев ақтөбеліктер ауызсуды әсіресе жаз айларында нормадан тыс жасыл желек суару үшін пайдаланатындарын айтты.

— Күз бен көктем аралығында қала тұрғындары күніне — 75 мың текше метр, демалыс күндері 90 мың текше метр су пайдаланады. Ал жаз айларында суды қолдану деңгейі 110-115 мың текше метрге дейін жетеді, — деді  «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамының бас директоры.

«Aqtobe su-energy group» АҚ 2020 жылы екі қалалық коммуналдық мекемесі —«Ақбұлақ» АҚ және «Трансэнерго» АҚ қайта ұйымдастыру арқылы құрылды.

Акционерлік қоғам 220 шақырым магистралды және тарату жылуын, 1.000 шақырымнан астам су құбырларын, 550 шақырымға жуық кәріз желілерін пайдалануды жүзеге асырады. 24 қазандыққа, 6 сорғы станциясына және 79 топтық пунктке, 55 кәріз сорғы станциясына, 35 негізгі тоғанына қызмет көрсетеді. Кәсіпорынның балансында 30 мыңнан астам құдық бар.

«Aqtobe su-energy group» АҚ қызметтерін 150 мыңға жуық абонент пайдаланады, оның 137 мыңы — жеке тұлғалар және 5 мыңнан астамы — заңды тұлғалар.

Су жинау ұңғымалары тазартылып жатыр

«Aqtobe su-еnergy group» акционерлік қоғамы Ақтөбе қаласында су тапшылығы мәселесінің алдын алу мақсатында бірқатар жобаны қолға алған. Соның бірі — қала аумағындағы су жинау ұңғымаларын тазарту жұмыстары. Облыс орталығын сумен жабдықтау, көлемін арттыру және ауызсу сапасын жақсарту мақсатында биыл — 20, келесі жылы 30 ұңғыма тазартылады.

Ұңғымаларға құм толып, қоқыс түсіп, бітеліп қалуы мүмкін. Соның кесірінен су беру мүмкіндігі төмендейді, сапасы нашарлайды. Ал тазарту жұмыстары дебитті қалпына келтіруді қамтамасыз етеді, су жинау процесін жеңілдетіп, су көлемін арттырады. Бүгінде қала аумағында 187 ұңғыма, 35 су құрылғысы бар. Соның елуі гидродинамикалық тазартуды қажет етеді.

Ұңғымалар суды өте көп пайдалану салдарынан лайланып, ластанған. Мәселен, өткен аптада Ақтөбе қаласының әкімімен бірге Ақжардағытелеинспекция жүйесі арқылы тазартылып жатқан ұңғыманы барып көрдік. Су жинау ұңғымасының жобалық қуаттылығы сағатына 20 текше метр болуға тиіс, алайда оның су беру мүмкіндігі сағатына 2 текше метрге дейін төмендеп кеткен. Телеинспекция жұмыстарының қорытындысы бойынша қазіргі күні ұңғыма қуаттылығын сағатына 10 текше метрге дейін жеткіздік. Бүгінде Ақжар-2 елді мекеніндегі барлық 6 ұңғыма толық көлемде пайдаланылып отыр. Алайда жаз мезгілінде тұрғындардың жасыл желектерді суаруынан судың үзіліспен немесе шектеліп беруі байқалды. Осы ұңғымалардың қуаттылығы төмендеп кетуіне байланысты жаздыгүні бізде ауызсу тапшылығы мәселесі пайда болды. Тазарту жұмыстарынан соң қосымша судың деңгейін шамамен тәулігіне 480 текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік туындайтынын мен бұған дейін де айтқан болатынмын, — деді «Aqtobe su-еnergy group» АҚ Бас директоры Ерлан Блиев.Сонымен қатар биыл Ақжар, Ақжар-2, Ақжар плюс тұрғын үй алаптарын жерасты суымен қамтамасыз ету үшін гидрогеологиялық жұмыстар жүргізілмек.

Жұмыстар екі аптада толық аяқталады.

«Ақтөбенің» анықтамасы:

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласын сумен қамтамасыз ету Електің оң және сол жағалау, Тамды және Жоғарғы Қарғалы мен Құңдақтықыр бастоғандары жерасты суларынан алынады.

Енді шағын ауданнан шағым болмайды

Биылғы жаздың басы Ақтөбе қаласының Есет батыр тұрғын үй алабының тұрғындарына қиын тиді. Бұл аудандағы көп үйлерде, әсіресе жоғары қабаттарда су болмады. Ерлан Блиевтен осы мәселе алдағы жазда қайталануы мүмкін бе деп сұраған едік.

Есет батыр — Ақтөбенің күн санап өсіп келе жатқан шағын аудандарының бірі. Бастапқыда бұл ауданды сумен қамтамасыз ету үшін 7 ұңғыма пайдаланылуы керек болған. Алайда су тұтыну қажеттілігіне орай тек үш ұңғыма ғана  іске қосылып, қалғандары аяқталмай қалған. Қазір жұмыс істеп тұрған үш ұңғыманың Есет батыр шағын ауданын үздіксіз сумен қамтуға толық мүмкідігі бар. Дегенмен біз Қызылжар мен Кеңес Нокин ауылдарындағы  ұңғымалардың жұмысын тоқтатып,(себеп — ұңғымадан берілетін судың нейтраттарының көптігіне байланысты —ред.)  аталған елдімекендерге осы үш ұңғымадан су тартып отырмыз. Жаздағы мәселе содан туындады. Өздеріңіз білетіндей, жаз айларында тұрғындар суды әдеттегіден екі есе көп пайдаланады.

Тұрғындарды алаңдатқан бұл мәселенің көп ұзатпай шешімін таптық. Есет батыр ауданына су беретін 4 ұңғыманы қайта жаңадан бұрғылау үшін қалалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінді. Сондай-ақ енді Қызылжар мен Кеңес Нокин елді мекендерінде өз ұңғымаларын пайдалану мүмкіндігін қарастырып,

су тазартатын модуль сатып алып жатырмыз. Бұл мақсатта да қаржы бөлінді. Осы жұмыстарды аяқтасақ, біздің су қорымыз қайта қалпына келтіріледі. Алдағы жазда бұндай мәселе қайталанбауы керек, — деді Ерлан Блиев.

«Жерасты суларын үнемсіз пайдала беретін болсақ, қазіргі жасалып жатқан жұмыстардың бірде-бірі ешқандай нәтиже бермейтін күнге жетіп қалуымыз мүмкін».

Жерүсті суын пайдалануға дайынбыз ба?

Ақтөбеліктерді ауызсумен қамтуға қатысты жасалатын ірі жобалар көп. Солардың бірі — Ақтөбе су қоймасындағы суды сүзгі арқылы қалаға беру. Әзірге бұған қатысты жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу жұмыстары пысықталып жатыр.

— Ақтөбе — жерасты суын пайдаланып отырған бірегей өңір. Жыл өткен сайын тұрғындар саны өсіп, қала дамып келе жатқандықтан, жерасты көздері де сарқылуда. Осыған байланысты жазғы кезеңде жерүсті сумен жабдықтау көздерін, оның ішінде Ақтөбе су қоймасын пайдалану мәселесі пысықталып жатыр, — деген Ерлан Блиев аталған жобаны жүзеге асыру үшін 10 млрд теңге көлемінде қаражат жеткілікті екенін айтады.

— Қазіргі таңда Ақтөбеден100-120 шақырым қашықтағы Сарыбұлақ, Моисеевский жерасты суларынан су алу мүмкіндігі бар. Бірақ оны жеткізу экономикалық жағынан тиімсіз. Алдын ала есеп бойынша ол үшін 100 миллиард теңгенің үстінде қаражат қажет. Әрі оны тартқан күннің өзінде бізге техникалық ақауларын жөндеу оңайға соқпайды.

Ал Ақтөбе су қоймасы қалаға едәуір жақын жерде орналасқан. Экономикалық жағынан да, экологиялық жағынан да тиімді болғалы тұр.Қоймадағы су қайта қалпына келтірілетін энергия көзі болғандықтан біз одан 12 миллион текше метр суды еш қиындықсыз ала аламыз.Өйткені мұнда жылына 300 миллион текше метрге дейін су келеді, — деді Ерлан Блиев.

Біле жүріңіз

Ақтөбе облысында 1 шілдеден бастап судың тарифі —  текше метріне

15 пайызға, жылу мен кәріздің тарифі 10 пайызға өскен. Бұған дейін облыс тұрғындары 1 текше метр суға 81 теңге төлеп келсе, енді 1000 литр су үшін 93 теңге төлейді.

Кранның суын қорықпай ішіңіз!

Бүгінде қала тұрғындарының көбі сүзгіден өткен суды пайдаланады. Үйінде су тазартатын арнайы қондырғысы жоқ адамдар  көпқабатты үйлердің маңында орнатылған аппараттан сатып ішеді. Сондай-ақ бұлақ суын тұтынатындар да бар.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Ақтөбеде ауызсу үшін жерасты сулары пайдаланылады. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласын сумен қамтамасыз ету Електің оң және сол жағалау, Тамды және Жоғарғы Қарғалы мен Құңдақтықыр бастоғандары жерасты суларынан алынады.Жерасты сулары 20-260 метр тереңдіктен алынады екен.

Әңгіме барысында Ерлан Асқарұлынан үйімізге келіп тұрған кран суының сапасы туралы да сұрадық.

— «Aqtobe su-energy group» мекемесі стратегиялық маңызы бар аймаққа жатады. Сондықтан біз үшін судың тазалығы мен сапасы — басты назарда. Қазіргі біздің пайдаланып отырған жерасты сулары болғандықтан, таза, мөлдір сулардың қатарына жатады. Одан бөлек міндетті түрде сүзгіден өткізіп, залалсыздандырамыз.

Біздің су тазарту зертханамыз бар. Күніне бірнеше рет судан сынама алынып, сонда тексеріледі. Ол жерде арнайы аккредиттелген, жабдықталған зертхана жұмыс істейді. Зертхана бес жыл сайын аккредитациядан өтіп тұрады. Осы жерде арнайы технологиялар арқылы судың құрамы және сапасы зерттеледі. Темір, хром секілді металдардың судағы мөлшері анықталады, реттеледі.  Сондай-ақ заманауи технологияға сай  тазалау, сүзгілеу секілді бірнеше процестерден өтіп барып, әр үйге жетеді. Жылына бір рет мамыр айында ауызсу құбырлары залалсыздандырылады. Қай кезден де ауызсу сапасы үнемі қатаң бақылауда, қалалық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасының мамандары үнемі қадағалап, арнайы жұмыс кестелеріне сай сынамалар алып, құрамын зерттеп отырады, — деді.

Р.S «Өзен жағасында тұрсаң да, суды ысырап етпе» деген Пайғамбардың үмбетіміз, «Судың да сұрауы бар» дейтін дана халықтың ұрпағымыз.

«Су. Сенің түсің де, иісің де, дәмің де жоқ. Сондықтан сені суреттеу мүмкін емес. Бірақ сен адамға рақат сыйлайсың. Сені тіршілікке қажет деп айту аздық етеді. Сен тіршіліктің өзісің!» деген екен француздың ұлы ақын-жазушысы Антуан де Сент-Экзюпери. Расында да,жанға рахат, бойға қуат беретін судың тек адам үшін ғана емес, тұтас тіршілік үшін маңызы ерекше.

Сондықтан тіршіліктің көзін ысырап етпей, үнемдеу баршамызға ортақ іс болуға тиіс.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button