БілімБасты жаңалықтар

Сапалы білім — жарқын болашақ кепілі

«Сапалы орта білім алу — әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы түйінді сөз — «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту мен мұғалімдер біліктілігін арттыру ауадай қажет.

Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін және қолжетімді болуы шарт. Білім беру ресурсы еңбек нарығына қарай өзгеріп отыруы керек».

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы.

Күні кеше Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметкебалаларға сапалы орта білім беру, педагогтер біліктілігін арттыру керегін нықтап тапсырды. Қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты жою, тұрғылықты жеріне қарамастан, балаларға сапалы білім беру — білім шаңырақтарының алдындағы басты міндет. Мемлекет тарапынан бұл мәселені түбегейлі шешу мақсатында бірегей жобалар қолға алынып, кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар Ақтөбеде қалай атқарылып жатыр? Білім сапасы қайтсе артады? Біз бұл сауалдарды облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанға қойған едік. Сонымен…

Ақтөбе айрықша қолдауға ие болды

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында білім сапасына баса назар аударды. Мемлекет тарапынан жас ұрпақты саналы тәрбие, сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Соның бір парасы — «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасы. Бірегей жобаның басты мақсаты — шағын жинақты ауыл мектептерінің білім сапасын көтеру, тұрғылықты жеріне қарамастан, баланың сапалы білім алуына жағдай жасау. Жобаны сәтті жүзеге асыру нәтижесінде ауыл мектептерінде оқу сапасын 12 пайызға арттыру, дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдарына оқуға түсетін ауыл балаларының үлесін 10 пайызға көбейту, ауыл мектептерінде білім алатын облыстық, республикалық пәндік олимпиадалар мен оқушылардың ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздарының үлесін 10 пайызға арттыру жоспарланып отыр.

Аталған жоба жаңа оқу жылында Оқуағарту министрлігі мен облыс әкімдігінің бірлескен қаулы, бұйрығына сәйкес «Қазақстан халқына» және «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорларының қолдауымен бастау алды. 

Жоба аясында 12 тірек мектебі және 134 шағын жинақты мектеп оқушыларына сапалы білім беру, мұғалімдерді даярлау, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту, интернет жылдамдығын арттыру  жоспарланып отыр.

Облысқа жұмыс тобымен бірнеше рет келіп шағын жинақты мектеп мәселесін зерделеп, мұғалімдерді оқыту, балаға сапалы білім беру, мектептерді жабдықтауға қолдау жасауға ұсыныс берген еліміздің еңбек сіңірген ұстазы Күләш Ноғатайқызы жобаны жүзеге асыру модульдерін анықтап берді.

Ауыл мектептерінің материалдық техникалық базасын нығайтуға «Қазақстан халқына» және «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорларының қолдауымен 5 миллиард теңге бөлінді. 12 тірек мектептің әрқайсысы 250 миллион теңгеге жабдықталды. 134 шағын жинақты мектептің әрқайсысына 8 миллион теңгеге құрал-жабдықтар алынып, ғылым кабинеттері жабдықталды. Соның арқасында шағын жинақты мектептерде білім алушылар жаңа оқу жылында жоғары сапалы жаңа модификациялы оқу кабинеттерімен, жиһаздармен жабдықталған мектептерде білім алуға мүмкіндік  алды. Айта кету керек, «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы Қазақстанның 6 облысында қолға алынып жатыр. Дегенмен «Қазақстан халқына» және «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорлары еліміз бойынша қомақты қаржыны тек біздің облысымыздың шағын жинақты мектептері үшін ғана бөліп отыр. Өйткені біздің өңір өткен оқу жылында «Білім ал» бірегей жобасын жүзеге асырып, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы арақашықты жойып, білім сапасын арттырудың ақтөбелік моделін қалыптастырып, өзге облыстар үшін үлгі болған еді. 

Білім сапасын арттыру үшін цифрлық технологияларды пайдалану бұл оқушының өз бетімен білім алуына мол мүмкіндік береді. Жобаға қатысатын мектептерге BilimLand, Daryn Online, Күнделік, AmanSultan, Roqed Science секілді цифрлық білім беру платформалары қолдау көрсетеді.

Жаңа оқу жылының алғашқы аптасында тірек мектептерінің математика, физика, химия, биология және ағылшын тілі пәндері мұғалімдері кестеге сәйкес үлгілік (дайындық) сабақтар көрсетіп, өзара тәжірибе алмасты, — деді Жайық Исаұлы.

Баланың көңіл күйі басты назарда болуға тиіс

Білім сапасына әсер ететін фактор көп. Халықаралық зерттеулер мен тәжірибелер бойынша ең алдымен ұстаздың рөлі зор болмақ. Осы тұрғыдан келгенде әрбір педагогтің өз пәнін терең білуге, тақырыпты шебер жеткізуге, балалардың психологиясын меңгере білуге, жас ерекшелігіне мән беруге тиіс. Домбыраны тартар алдында құлақ күйін келтіріп алу керек екені белгілі, сол секілді сабақты сапалы, жоғары деңгейде өткізу үшін ең бірінші баланың көңіл күйіне қарап алу қажет. Бала үйінен қандай көңіл күймен келді? Оқушының үйінде жайсыз жағдай болса, оны баланың бет-әлпетінен, сөйлеген сөзінен, жүріс-тұрысынан аңғара білетін әрбір педагогте кәсіби қабілет болуы керек. Екіншіден, баланың білім алатын ортасы өте жайлы әрі қауіпсіз болуға тиіс. Қаланың да, ауылдың да мектебінде де баланың саналы тәрбие, сапалы білім алуы үшін қолайлы жағдай жасалуы қажет. Бұл үшін мектеп ғимаратынқымбат жиһазбен қамту міндет емес. Жайлы ортаны қалыптастыруға бала, ата-ана, педагог — осы үштік одақ бірлесіп үлес қосуы керек, — деді Жайық Сұлтан.

Жаңа үлгідегі кабинеттердің пайдасы

Білімнің сапасынарттыратын үшінші фактор — физика, химия, биология секілді пән кабинеттері жаңа үлгіде модификациялануғатиіс. Оқушылар зертханалық жұмыстарды, практикалық тапсырмаларды орындау кезінде қажетті құрал-жабдықтарды тиімді пайдалануы керек. Кей мектептерде соңғы үлгідегі құрылғылар босқа тұрып қалатыны рас. Мұғалімдер пайдаланбайды немесе пайдалана білмейді. Бұл — дұрыс емес.

Біз жақында ғана «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасы аясында шағын жинақты мектептердің мұғалімдерін жинап, шеберлік сабағын ұйымдастырдық. Республикалық деңгейде өткізілген игі шараға Оқуағарту министрлігі, «Қазақстан халқына қоры», «Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры» қоғамдық қоры, облыстық әкімдік, Назарбаев Зиятткерлік мектебі ұйытқы болды. Семинарға пилотты жобаға қатысатын 134 шағын жинақты мектептің және 12 тірек мектебінің математика, физика, химия, биология, ағылшын тілі пәндерінен сабақ беретін 732 мұғалім қатысып, жаңаша оқыту әдіс-тәсілдері, жаңа технология «тілін» меңгеру  бойынша дайындықтан өтті.

Айта кету керек, қолға алынған пилоттық жобаның басты мақсат-міндеттері —ауыл  балаларына  сапалы  білім беру,  математика, физика, химия, биология,  ағылшын тілі пәндері бойынша білім сапасын  арттыруға жағдай жасау, шағын жинақты мектептерді кеңес беру-ақпараттық, әдістемелік және ресурстық  қолдау.

Ауыл педагогтеріне дәрістіҚазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, қоғам қайраткері Күләш Шамшидинова, Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы ауыл мектептерін және шағын жинақты мектептерді дамыту зертханасының меңгерушісіАлмагүл Мукушевалар бастаған білікті педагогтер өткізді.

Жалпы білім сапасын арттыру мақсатында ауыл мұғалімдеріне облыстық білім басқармасының жанындағы әдістемелік орталық та әдістемелік көмек көрсетіп отырады.

Айта кету керек, бұрын тек қала мектептері ғана пәндік кабинеттермен жабдықталатын-ды, қазіргі кезде шалғайдағы ауыл мектептері де тиісті құрал-жабдықтармен қамтылып жатыр.Мемлекет басшысы биыл еліміздің мектептерінде жалпы саны 1000 робот техникасы, физика, химия, биология, STEM пәндерін ашуды тапсырған болатын. Бұл мақсаттағы жұмыстар біздің өңірде де қолға алынды. Бүгінде облыс мектептерінің жаңа модификациялы кабинеттермен жабдықталу көрсеткіші — 76,2 пайыз. 2023-2027 жылдары аралығында 450 кабинеттің жабдықтарын сатып алу (5,7 миллиард теңге) жоспарланып отыр. Биыл 92 мектепке жалпы құны 846,7 миллион теңгеге 158 жаңа модификациялық кабинет алынатын болады. Қазіргі уақытта 67 мектепке 121 кабинеттің жабдықтары жеткізілді. Қалған 25 мектепке 37 кабинет жабдықтарын 20 қыркүйекке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде облыс мектептерінің жаңа модификациялық пәндік кабинеттермен жабдықталу көрсеткіші 83 пайызға жетеді, — деді басқарма басшысы.

Интернетпен қамтылуда Ақтөбе алдыңғы қатарда тұр

Оқушылар сапалы білім алуы үшін, төртіншіден, мұғалімдер сабақты тек оқулықтағы материалдарды ғана пайдаланумен шектелмеуі керек. Әрбір педагог қосымша материалдарды ізденіп, өз пәнінің мазмұнын байыта түсуі, сабақты қызықты етіп өткізуге тиіс. Бұл ретте интернет ресурстарын мүмкіндігінше пайдалану қажет.

Айта кету керек, біздің облыс интернетпен қамтылу жөнінен облыстардың арасында алдыңғы орында тұр. Өңірдегі 403 мектептің 194-і, яғни 48,1 пайызы   талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылған (2022 жылы 174 мектеп). Ал 184 мектеп (45,7 пайыз) радиорелелік байланыс түрімен (2022 жылы 151) қамтылған. Жыл басында спутниктік байланыс орнатылған мектептердің үлесі 25 болған-ды. (Бұл — жалпы мектептердің  6,2 пайызы). Ауыл мектептерінің білім сапасын арттыру мақсатында жүргізілген жүйелі жұмыстардың арқасында жаңа оқу жылында бұл мектептердің 10-ы радиорелелік байланыс түрімен алмастырылып, жылдамдығы 20-40 Мбит/с-қа дейін арттырылды. Қазан айына дейін қосымша 11 мектептің интернет жылдамдығы жақсартылатын болады. Шалғай ауылдағы 4 мектепке жоғары жылдамдықтағы интернетке қосуға әзірге техникалық мүмкіндік болмай тұр. Олар — Байғанин ауданындағы Матайқұм, Айбергенов және  Жиенбаеватындағы орта мектептер, сондай-ақ Шалқар ауданындағы Орынбасаров атындағы негізгі мектеп.

Спутниктік байланыс тиімсіз екені белгілі. Байланыстың бұл түрінде интернет жылдамдығы 4-8 Мбит/с-тан аспайды және оқу процесіндегі ақпараттық жүйелермен тиімді жұмыс жасауға мүмкіндік бермейді.

Қуаныштысы, жыл сайын спутиктік интернетпен қамтылған білім шаңырақтарының саны азайып келеді. Мысалы, 2021 жылы 121 мектепке спутниктік байланыс орнатылған болса, былтыр байланыстың бұл түрімен қамтылған мектептердң үлесі 55 болды.

Өңірде білім беру мекемелерін жоғары сапалы, қолжетімді интернетпен қамту жұмыстарының арқасында қазір 156 мектеп 100 Мбит/с және одан жоғары интернет жылдамдығына қосылып отыр. Сондай-ақ 70 мектеп 50-70 Мбит/с жылдамдықпен қамтылған. Ал  20-40 Мбит/с жылдамдыққа қосылғандардың саны — 152, — деді Жайық Сұлтан.

 Үш кезең және сапа

Сапалы білім берудің бесінші талабы — сыныптағы барлық балаға бір деңгейде тапсырма бермей, әр баланың қарым-қабілетін ескере отырып, тапсырма беру керек. Бір бала оқу арқылы, біреуі тыңдау арқылы, тағы бірі зертханалық жұмыстарды жасау арқылы, енді бірі нақты мысалдарды айтып, түсіндіргенде ғана сабақты жақсы қабылдайды. Осы ерекшеліктеріне байланысты педагог әр баланың  оқуға деген ынта-ықыласын, белсенділігін арттыра білуге тиіс. Оқушының сапалы білім алуы үшін балаға өз бетінше ізденуге мүмкіндік беру де маңызды. Алтыншы фактор білім сапалы болуы үшін мұғалімнің жүктемесі, сағаты да аздау болуы керек. Әдетте мұғалімдер 1,5-2 жүктемемен жүреді. Жүктемесі көп болса, мұғалімнің сабаққа дайындалуға мүмкіндігі болмай қалады. Соның кесірінен білім сапасы төмендейді. Сабақ сапалы өтуі үшін оған жоғары деңгейде дайындалу қажет. Әрбір сабақтан кейін сол тақырыпты педагог әріптестерімен бірге талдау керек. Жалпы мұғалімдер бір-бірімен жиі пікір алмасып, тәжірибе алмасып тұрғаны жөн. Басылым беттерінде тәжірибелерін бөліскен дұрыс.

Сабаққа дейінгі дайындық, сабақ және сабақтан кейінгі талдау — осы үш кезең толық жүзеге асқан кезде сабақ жоғары деңгейде өткізіледі.

Бұл ретте ауылдағы шағын жинақты мектептер артықшылыққа ие. Өйткені ондағы мұғалімдерде уақыт жеткілікті, сыныптағы бала саны да аз. Баланы дамытуға, әр балаға көбірек көңіл бөліп, сабақты жеткілікті деңгейде түсіндіруге мүмкіндік мол.

Қазіргі заманда педагогтер цифрлық технологияны жақсы меңгеруі керек. Әйтпесе баланың алдында беделі түсіп қалу қаупі бар. Өйткені қазіргі балалар цифрлық технологияның «тілін» кей мұғалімдерден артық біледі. Әрбір мұғалімнің цифрлық дағдысы баланың қабілетінен төмен болмауға тиіс.

«Оқу инемен құдық қазғандай» деген нақыл бар. Қазір адамдар ақпарат ағымының көптігіне байланысты білім мен ақпарат арасындағы айырмашылықты айыра алмай жатады. Ақпаратты оқи салып, соны оқумен ғана шектелу білім алғанға жатпайды. Білімді болу үшін қажырлы еңбек керек, сол кезде ғана ілім санаға қонып, білім болып қалыптасады. Яғни инемен құдық қазғанындай болмайынша, білім білім болмайды, — деп түйіндеді сөзін Жайық Сұлтан.

Жазып алған Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button