Басты жаңалықтарЖастар

Жастығыңның куәсі — жатақхана

Қыркүйек туысымен мыңдаған қыз-жігіттің есінде ерекше естеліктерімен сақталып қалатын студенттік өмірі басталды. Жаңа оқу жылының басында жатақханаларға келіп қоныстанып жатқан студенттердің жай-күйімен танысып қайтқан едік…

Жайлы мекен

Еліміздің батыс өңірінің агломерациясы болып саналатын Ақтөбе қаласындағы

Қ.Жұбанов университеті — аймақтық ғылымды дамытудың негізгі орталықтарының бірі. Жыл сайын мыңдаған жасты үлкен өмірге қанат қақтыратын білім ордасына биыл да білікті маман болғысы келетін жастар көп келіпті.

Университеттің 2200 орындық 4 жатақханасы бар. Біз 2017 жылы салынған Жастар үйіндегі жағдаймен таныстық. Бұл жатақханада тұру үшін студент бір жылға 75 750 теңге төлейді. Ал басқа жатақханаларда тұру құны жылына — 56 500 теңге. Әлеуметтік осал топтарға жататын студенттерге, сондай-ақ белсенді, оқу үлгерімі жақсы, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарына жатақханада тұру — тегін.

Жатақханадағы тағы бір жаңалық — енді жатақханаға құжат тапсыру үшін бұрынғыдай ауылдан ата-анаңды ертіп бірнеше күн бұрын келудің еш қажеті жоқ. Өйткені өтініш қабылдау Smart ARSU арнайы қосымшасы арқылы онлайн түрде жүзеге асырылады. Бұл қалай дейсіз ғой?Үйіңізде отырып-ақ, ұялы телефоныңызға Smart ARSU қосымшасын жүктеп алып, өтініш қалдырасыз. Қосымшада өзің тұрғың келетін қабатты, бөлмені, тіпті орынға дейін көрсету мүмкіндігі бар. Кейін өтінішіңіз мақұлданған жағдайда сізге электронды түрде жауап келеді.

Бізді кіреберісте күліп қарсы алған Жастар үйінің меңгерушісі Римма Ибраемова 9 қабатты 550 орындық жатақхананың жағдайы туралы айтып берді.

Жастардың қауіпсіздігі үшін әр қабатқа бейнебақылау камералары орнатылған. Бұрынғы жатақханалардағыдай емес, әжетхана мен жуынатын орын бөлменің ішінде. Смарт оқу залында интернет жүйесіне қосылған компьютерлер қойылған. Бұдан бөлек кітапхана, дәрігер бөлмесі, кинозал бар. Тіпті кір жуатын автомат машиналар да орнатылыпты.

Ас бөлмесінде бірнеше газ плитасы мен тоңазытқыш, микротолқынды пешке дейін тұр.

Біз мұнда түскі уақытта барғанбыз. Ас бөлмеде өзін Азамат Серікұлы деп таныстырған Жастар үйінің тұрғынымен таныстық. Университеттің физика-математика факультетінің 3-курсында оқитын ырғыздық жігіт жатақхананың әрбір кеші көңілді екенін айтты.

— Жатақханада тұрып жатқаныма биыл — үшінші жыл. Мұнда үйдегідей ата-анаң тамағыңды дайындап, күтіп отырмайды. Бірақ сабақ біте салысымен ішке қарай келуге асығамыз. Барлығы өзіміз сияқты жастар болғандықтан түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырамыз. Қыздар қонаққа көп шақыра бермейді, сондықтан түскі және кешкі асымызды өзіміз дайындап ішеміз, — деді күліп.

Оның айтуынша, жатақхананың белсенді жастары бірлесіп бірінші курс студенттерімен танысу кешін ұйымдастырғалы жатыр.

Сондай мерекелік іс-шаралардың бел ортасында жүретін болашақ филолог Ақмаржан Тұрарбекованың бөлмесіне қонақ боп бардық. Биыл университеттің соңғы курсында оқып жатқан атыраулық қыз құрбысымен бірге тұрады екен. Бөлмелері тап-тұйнақтай. Ұйықтауға арналға кереуеттері де, қағаз жазатын үстелдері мен киім жинап қойған шкафтары жап-жаңа.

— Жұбановтың жатақханасы — екінші үйіміз. Бұл жерде «Бәріміз — біріміз үшін» ұранымен өмір сүреміз. Өйткенікеректің барлығын осы жерден табасың. Бұл жерде болашақ заңгер де, сәнгер де, музыкант та, мұғалім де бар, — дейді Ақмаржан.

Барлығы жастар үшін

Өткен жылы Ақтөбеде бұрын-соңды болмаған Студенттер үйі ашылды. Жастар үйінен шыққан соң бірден сол жаққа қарай тарттық. Мұнда өңірдегі барлық жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері орналаса алады. Әрине, төлем жағынан оқу орны жанындағы жатақханаларға қарағанда айырмашылық байқалады. Жаңадан салынған сегіз қабатты ғимаратты Студенттер үйі емес, құдды бір қонақүй дерсіз. Бірінші қабатта тренажер залы, әсемдік салоны, мерекелік кештерді өткізуге арналған үлкен зал бар. Жаттығу залы студенттер үшін тегін. Ал әсемдік салонында қыздар қолжетімді бағада бояна алады. Сондай-ақ Студенттер үйінің тұрғындары үшін «Апорт» асханалар желісінде 10 пайыздық жеңілдік қарастырылған.

Бұл жерде жылына емес, ай сайын төлем жасайсың. Өйткені аталған ғимаратты кәсіпкер жеке қаражатына салған. «Эрудит» ЖШС директоры Сәуле Нұрбергенованың айтуынша, ай сайынғы төлем — 25 мың теңге. Ал киіміңізді жудырғыңыз келсе, қосымша 1000 теңге артық төлейсіз.

— Студенттер үйі 450 адамға шақталған. Бүгінде бос орын жоқтың қасы. 100-ден астам студент резервте тұр. Егер орын босап жатса, біз оларға хабар айтамыз. Ғимаратқа кіріп-шығу уақыты шектелмейді. Өйткені жұмыс жасайтын студенттер бар. Бірақ олар міндетті түрде күзетшіге ескертіп, дәптерге жазып кетеді. Егер белгіленген уақыттан кешігіп жатса, күзетші хабарласады. Біз барлығының ата-анасымен тығыз байланыстамыз, — дейді кәсіпкер.

Студенттер үйінің кіреберісіне де турникет орнатылған. Сәуле Нұрбергенова бұл жақта да жастардың қауіпсіздігі үшін барлық шаралар қолданылғанын жеткізді.

Жастардың түнгі тәртібін оқу орындарының оқытушылары келіп қадағалап тұрады екен.

Айтпақшы, кәсіпкер ата-анасынан айырылған 4 баланы тегін орналастырыпты.

Әлемде талай қызық бар. Бірақ ерекше үлгіде салынған мынандай жатақханаларды көріп пе едіңіз?

Cite A Docks жатақханасы Францияның Гавр қаласында орналасқан. Оны Cattani Architects компаниясы жергілікті университеттің тапсырысы бойынша тұрғызыпты. Бір-бірінің үстіне ретімен тізілген 100 жүк контейнері 100 студентке арналған. Ішінде жанға керектің бәрі бар. Терезені ашсаң, теңіздің лебі есіп тұрады.

Jaegersborg Water Tower – даттықтардың су құбыры тәріздес үлгідегі жатақханасы. Данияның Гентофте қаласындағы бұл жатақхана бұрын суайдайтын мұнара болған. Жобалаушылар нысанды бұзбай, қосымша құрылыстар жүргізу арқылы оның қызметін өзгертіпті. Алдымен  ол көрме орталығы, кейін мейрамхана болды. Кейін студенттер жатақханасына айналды. Онда қырықтан астам бөлме бар. Сонымен қатар ішінде асхана, кітапхана, спортзал орналасқан. Ең жоғарғы қабатына шықсаңыз, Гентофте қаласы алақандағыдай көрінеді.

Оңтүстік Африка республикасының Йоханнесбург қаласында 4,5 миллионға жуық халық тұрады. Оның басым бөлігі — аймақтардан білім қуып келген жастар. Сондықтан болар студенттерді баспанамен қамту — бұл ел үшін аса түйткілді мәселе. Оны шешу үшін қала басшылығы кезінде мүлде басқа мақсат үшін салынған нысандарды жолын тауып жатақханаға айналдыруда. Мысалы, Mill Junction жатақханасы бұрын астық элеваторы болған.

Алдымен оның іші ондаған қабатқа бөлініп, әр қабатта бірнеше бөлме пайда болды. Содан кейін құрылысшылар элеватордың іргетасы мен қабырғасының беріктігін ескеріп, үстіне жүк контейнерлерін орналастыруды жөн деп тапты. Қазір бұл жатақханада 500-ге жуық студент тұрып жатыр. Жалғыз кемшілігі — қаланың сыртында.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button