Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы жобасына көңіл бөлінеді

«Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиевтің төрағалығымен кеңес өтті. Жиынға салалық кәсіподақтар филиалдарының және жергілікті кәсіподақтардың төрағалары, кәсіподақтар бірлестігінің қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібінде Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары мен 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобалары және ҚР Кәсіподақтар күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар туралы мәселелер қаралды.
Кеңесте кәсіподақ жетекшісі Жолдаудың негізгі бағыттарымен таныстырып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың мақсаттарын белгіледі.
Сонымен қатар үйлестіру кеңесінің мүшелері Кәсіподақтар күніне арналған іс-шараны өткізу жоспарынан хабардар етіліп, оның маңыздылығы атап көрсетілді. Жиынға қатысушылар өз ұсыныстарын айтып, «Ұрпақтар кездесуі» форматында Кәсіподақтар күніне арналған іс-шараны өткізу жоспарын бекітті. Жиында әсіресе 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобаларына кәсіподақ мүшелерінің тікелей атсалысуы туралы жан-жақты айтылды. Бұл тұжырымдамаға үйлестіру кеңесінің мүшелері қолдау білдірді.
Үйлестіру кеңесінің отырысын қорытындылаған Алтынбек Әмірғалиев Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының тапсырмаларына сай алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар туралы нақтылап, оны орындау мақсатында кеңес мүшелеріне тиісті тапсырмалар берді.
Аян ДӘНЕКЕРОВ.



