Жаңалықтар

Биік ғимараттағы дайындық

Оқу-жаттығу

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті көп қабатты тұрғын  үйлердегі өртті сөндіру тактикасын пысықтау мақсатында кезекті оқу-жаттығуын өткізді.

Облыс әкімі Асхат Шахаров өткізіліп жатқан іс-шараны соңына дейін бақылап, қызметкерлердің шапшаң іс-қимылдарына ризашылығын білдірді.

Жоспарға сәйкес 25 қабатты тұрғын үй таңдалып алынып, тұрғындарға оқу-жаттығу өтетіні жайында алдын ала ескертілді. 25 қабатты тұрғын үй кешенінің 12-қабатындағы пәтер иелері жөндеу жұмыстарын  жүргізіп жатқан кезде құрылыс материалдарының жануы орын алып, пәтерден өрт шығады. Түтінді байқаған тұрғындар 101 өрт сөндіру қызметіне хабарлайды. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру бөлімі жалынның бетін қайтарып, түтін баспайтын баспалдақ маршы, автосаты және алпинистік жабдық арқылыалпыс адамды эвакуациялады.

Полиция департаментінің қызметкерлері дабыл қағылған кезде жолға қоршау қойып, өрт сөндіру техникасының кедергісіз өтуін қамтамасыз етті. Сонымен қатар эвакуацияланған тұрғындарға психологтар мен дәрігерлер де көмектесті. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындармен де кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

— Еліміздің барлық қалаларында өртті сөндіру тактикасын пысықтау мақсатында оқу-жаттығулар жиі өтіп жатыр. Біздің басты міндетіміз —адамдарды құтқару. Бүгінгі жаттығуға  сегіз техника мен алпыс қызметкеріміз қатысып, өздерінің шеберліктерін шыңдады. Оқу-жаттығудың жиі өтуі, төтенше жағдайлар туындаған кезде  шұғыл іс-әрекеттеріміз, адамдардың өлімі мен жарақаттануының алдын алады, — дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев.

Т.БҰРХАНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button