Екі айлық сенбілік басталды

Қыркүйектің 9-ы күні Ақтөбеде санитарлық екі айлық аясында «Таза жағалау» акциясы өтті.
Қалалық әкімдіктің және квазимемлекеттік ұйымдардың, коммуналдық қызметтер мен кәсіпорындардың қызметкерлері Заречный көпірінің маңындағы Електің жағалауын жинады. Олармен бірге шаһар әкімі Азамат Бекет те тазалық жұмыстарын жүргізді. Бұл күнгі шараға жалпы саны 800-ден астам адам атсалысты.
Күзгі екі айлық акция аясында 5 сенбілік және «таза бейсенбі» шарасын өткізу жоспарланып отыр, яғни 9, 23 қыркүйек және 7, 21, 26 қазанда жалпықалалық сенбіліктер өткізілмек.
— Екі айға жоспарланған акция негізі 24 тамыз күні басталуы керек-тін. Дегенмен ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгін қолға алынып жатыр. Тазалық шарасы 26 қазанға дейін жалғасады. Қала тұрғындарының бәрін осы игі іске үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлер, жеке құрылымдардың ұжымдары өздерінің іргелес аумақтарында тәртіп пен тазалық орнатулары керек. Тұрғындар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүрген сенбілікке барынша жауапкершілікпен қарауғатиіс, —деді қала әкімі Азамат Бекет.
Оның айтуынша, қаланың көшелеріне, кіреберіс жолдарына, айналма тасжолдарына тұрақты түрде тазалық жұмыстарын ұйымдастыру үшін облыстық басқармалар, қалалық бөлімдер, мемлекеттік кәсіпорындар және мердігер мекемелер секілді 100-ден астам мекеме бекітіліпті.
Бүгінде тұрғын үйлер аумағындағы контейнерлер маңында жалпы саны жүзден астам бейнебақылау орнатылған. Екі айлық акция барысында Ақтөбе қаласының жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары және оның бөлімшелерінің қызметкерлері бірлесіп, рейд ұйымдастырады.Заңсыз қоқыс төккен тұрғындарға, абаттандыру ережесін бұзғандарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексіне сәйкеснұсқамалар беріліп, әкімшілік шаралар қолданылады.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



