Қазақтан шыққан діни ағартушылардың бірегейі

«Баршасы үшбулардың пірім деді,
Хазірет ақылы дана, білімді еді.
Патшадан қазақ үшін мүфти сұрап,
Өзінен халық қамын бұрын жеді».
Әбубәкір КЕРДЕРІ.
Өткен аптада Темір ауданында Досжан хазірет мемориалды кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өткені белгілі. Осылайша Ақтөбеден шыққан діни ағартушы, қоғам қайраткері Досжан Қашақұлының есімі ұлықталды. Қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның өнегеге толы өмірі өз деңгейінде зерттелді ме? Бұл туралы еліміздің бас мүфтиі Наурызбай Тағанұлы бастаған теологтар, тарихшылар, жалпы зиялы қауым өкілдерінің пікірін білген едік.
Әлқисса…
Шәкірт тәрбиелеп, мешіт салдырған тұлға
Досжан Қашақұлы — діни ұстаз-ағартушы, өз дәуіріндегі қоғамдық және елдік мүдделерге етене араласқан қоғам қайраткері. Азан шақырып қойылған есімі — Досмұхаммед, бірақ ел аузында Досжан, Досеке, Дошеке аталып кеткен.
Досжан хазірет 1815 жылы қазіргі Ақтөбе облысының Доңызтау аумағында туған. Үш рет қажылыққа барған. Киелі мекенге алғаш рет 16 жасында аттанып, жолда түркиялық дін ғұламаларынан дәріс алып, білімін тереңдеткен. 1832 жылы Құран Кәрімді, Мұқтасарды жатқа оқып, Меккеден 17 жасында жас хазірет деген атпен елге оралады. Хиуа, Үргеніш, Бұқара қалаларында білімін жетілдірген. Көп ұзамай Доңызтаудағы Тасастау қайнар алқабында өзінің бірінші мешіт-медресесін ашып, табан аудармай 18 жыл бала оқытады. Мыңға жуық шәкірт тәрбиелеп шығарған.
Жалпы, Шилідегі Досжан хазіреттің «Ишан ата» деп аталатын, ХІХ ғасырдың 70-жылдары тұрғызылған діни-тұрғын кешені — мешіт-медресе, шәкірттер құжыралары, қызметтік құрылыстар, бау-бақша, егін салған жері, үлкен ел болып отырған мекен болған. Темір ауданының Шұбарқұдық ауылынан оңтүстікте 5 шақырым жерде орналасқан. Мешіттің құлап тұрған орны мен басқа да құрылыстары және қорым сақталған.
1868 жылы Орынбор губернаторынан рұқсат алып, Темір уезінде мұсылманша оқу-тәрбие кешенін салдырған. Алты күмбезді мешіт, 150 орындық медресе, ұстаздар мен шәкірттер тұратын жатақхана, қосалқы шаруашылық үйлері бар бұл кешен 1870-1925 жылдар аралығында жұмыс жасаған.
Қасиетті орынға қысқаша тоқталсақ, мешіттің ұзындығы шамамен — 28 метр, ені — 11 метр, биіктігі 5 метр шамасында болған. Мешіт жанына көшпелі қазақтар қоныстанып, қазіргі Шұбарқұдық өлкесінде алғашқы отырықшы қоныстың түзілуіне әсер еткен деседі. Мешіттің алты бөлмесі бар, терезелері адам бойынан ұзын. Бөлме ішінде тіреу жоқ. Терезесінде де бірде-бір қиық белдік жоқ, күмбез бұранда түрінде жасалған. Күмбез үстінде айшық тұрған, мешіт іші ою-өрнекпен әшекейленген, күмбезден түскен жарық барлық нақыштарын нұрландырып тұрған екен. Мешіт ішіндегі аят хадистері қызыл оюмен боялған. Мешіттің алдында кіреберіс үй және азан айтатын мұнарасы болған. Бұның бәрін өткен шақта жазып отырған себебіміз, осы уақытқа бұның жұрнағы ғана жеткен, тек қабырғалары қалған…
…Ақтөбеден шыққан қайраткердің құрметіне өткен бейсенбі күні мемориалды кешен — қажылыққа барған сапарларының мерзімі көрсетілген барельеф, музей-үйінің ашылу салтанаты өтіп, «Досжан ишан —Қазақстанның ХІХ ғасырдағы көрнекті діни қайраткері және рухани ағартушысы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылды, сондай-ақ Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры актерлері «Аманат» қойылымын сахналады. Аталған шараға атқарушы билік өкілдерінен бөлек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай Тағанұлы, «Түркі дүниесі» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Смағұл Елубай, атаның ұрпағы Асқар Хабибулин, өлкетанушы ғалымдар, тарихшылар және Астана, Алматы, Жамбыл, Ақтау, Атырау өңірлерінен келген қонақтар, т.б. қатысты. Артында қалған ұрпағы соңында құрбандық шалып, баба рухына ас берді.
Ендігі мақсат — мемориалды кешенді туристік орынға айналдырып, экскурсия ұйымдастыруды жолға қою. Нысанның айналасы абаттандырылып, кәнігі музей сынды штаттық қызметкерлермен қамтылмақ.

«Хазірет туралы мәліметтер әлі жабулы қазан күйінде тұр…»
Наурызбай ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти:
— Қазақ даласынан, соның ішінде еліміздің Батыс өңірінен жүздеген хазіреттер, ахун-ишандар шықты. Бір ғана Ақтөбе өңірінен Досжан хазірет Қашақұлы, Нұрпейіс хазірет Байғараұлы, Жұмағали ахун Оразалыұлы, Алдияр ишан Ниязұлы, Жиенәлі ишан Ізбасарұлы, Бекмағанбет хазірет Кенбайұлы, Жиенғали ахун Жұмағалиұлы секілді жүздеген дін қайраткерлері шықты. Өкінішке қарай, Кеңес дәуірінде сол хазіреттердің өздері һәм шәкірттері қудаланды. Кеңес өкіметіне дейін Ақтөбе облысында 200-дей мешіт болған екен. Олардың бәрі де Кеңес Одағының пәрменімен құлатылды. Кезіндегі 200 мешіттің ішінен Ақтөбе мешіті, Ойыл аудандық мешіті секілді құлшылық үйлері ғана бізге аман жетті. Осы мешіттердің сақталып қалуы Ақтөбе өңірінде ислам дінінің тамыры тереңге жайылғанын білдіреді. Әрине, бұл жоғарыда аты айтылған хазіреттеріміздің сіңірген еңбегінің өтеуі деп білеміз. Себебі олар бүкіл ғұмырын, бар күш-жігерін ислам дінін ел ішіне жаюға арнады.
Қазақ даласында бірнеше дәстүрлі діни мектептер болды. Соның бірі XVІІІ ғасырда қалыптасқан ишандар мектебі болатын. Ишандар мектебі бастауын VIII-XIV ғасырларда қалыптасқан баптық, шейхтық, мүршидтік мектептерден алады. Бұл мектептің негізін ишандар қалады.
Олар Қазақ даласындағы ислам мәдениеті мен білімін орнықтырды. Бертін келе қазақ қоғамында әр өңірдің өз ишаны, яғни рухани ұстазы болды. Ишандар діни сана мен дәстүрлік танымды ұштастырды. Осылайша дініміз бен дәстүріміздің қаймағы бұзылмай бізге жетуіне себепкер болды.
Ишандар мектебінің ұстаздары халықтың рухани сұранысын қанағаттандырды. Тіпті олар мәдени, ағартушылық, экономикалық, саяси, идеологиялық мәселелерді де парасатпен жолға қоя білді. Соның арқасында халқымыз діни сауатты ғана болып қоймай, барлық білім-ғылымды, ақыл-парасатты бойына жинады.
Ишандар мектебінің ірі өкілінің бірі діни ұстаз, ағартушы, ойшыл, қоғам қайраткері Досжан Қашақұлы болатын. Оның әкесі Қашақ та діндар, ағартушы кісі болған. Досжан алғашқы діни білімді осы әкесінен үйренді. Бұқарада діни білімін жетілдіріп, елге оралды. Атақонысына мешіт-медресе салдырып, шәкірт тәрбиеледі.
Досжан хазірет үш рет қажылыққа барды. 1874 жылы қазақтың бір топ ірі тұлғалары Меккеге қажылыққа барған болатын. Сол топтың ішінде Досжан хазірет те болған еді. Бұл жайында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Қазақ шежіресі» еңбегінде:«Орта жүзден жиырма кісі барыпты. Кіші жүзден табандаған жүз кісі барыпты. Ішінде Нұрпейіс хазірет пен Досжан халпе бар дейді. Мұнан бұрын қазақ бүйтіп бас қосып қажыға бармаған екен», — деп жазған болатын.
Бұл топта Досжан, Нұрпейіс хазіреттерден бөлек, Жәңгір ханның ұлы Ғұбайдолла сұлтан, хәкім Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы, жыр алыбы Жамбылдың ағасы Тәйті Жапаұлы да болғаны айтылады. Осы сапарында олар ортадан ақша шығарып, қазақ қажылары келіп түсетін тәкие, яғни қонақүй салдырады.
Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы 1905 жылдың соңында қажылыққа барғанда осы тәкиені көрген екен. Ол бұл жайында «Түрік, қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі» еңбегінде:
«…Қажыға барғанда тәкияны көрдім. Менен бұрын қажылар кіріп қалған екен. Оларды ренжітпей, пәтер алып түстім. Бұл тәкия осы күнде кіші жүз Досжан қажының атына жазулы екен», — депті.
Осы жерде Досжан хазіреттің үлкен еңбегін айта кеткен жөн болар. Тәкие салу үшін қазақ қажылары өздерінің мұсылман екенін дәлелдеу керек болады. Яғни арабтар қазақтардың мұсылман екенін дәлелдейтін құжат сұратады. Досжан хазірет осы құжатты Қазан қаласынан тауып, Бұқараға апарып құжатқа мөр соқтырып, арабтарға дер кезінде жеткізіпті. Шәкәрім қажының тәкиені Досжан қажының атына жазулы дегені бекер емес. Себебі Құнанбай бастаған қажылар хазіреттің осы еңбегін ескеріп, тәкиені Досжан қажының атына жаздырған болатын.
Досжан хазірет діни қызметпен ғана айналысып қоймай, өз дәуіріндегі қоғамдық, елдік мәселелерге де етене араласты. Хазіреттің тағы бір еңбегі ретінде оның қазақтың жеке мүфтилігін ашуды көтергенін айтуға болады. Әбубәкір Кердері бұл жайлы:
— Баршасы үшбулардың пірім деді,
Хазірет ақылы дана, білімді еді.
Патшадан қазақ үшін мүфти сұрап,
Өзінен халық қамын бұрын жеді, — деп жырға қосқан болатын.
Досжан хазірет1888 жылдан бастапқазақ даласында өз алдына діни басқарма болу керек екенін айтып, Патша үкіметіне, Орынбор губернаторына бірнеше рет хат жазады.Әр ауылдың мешіт басқаратын өз молдасы болып, барлық молдалардың бір мүфтиге бағынуы керек екенін айтады. Мүфтилік қазақ даласындағы діни мәселелерді реттеп отыруы керек екенін ұсынады.Хазіреттің мұндағы мақсаты қазақ жерін Ресейдің отарлау, шоқындыру саясатынан сақтау болатын. Алайда Ресей патшалығы хазіреттің талабын ескерусіз қалдырады. Дегенмен Досжан хазіреттің арманы бүгінде орындалды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы отыз жылдан астам уақыт бойы ел мұсылмандарының діни, рухани сұранысы бойынша қызмет етіп келеді.
Әбубәкір Кердері Досжан хазірет жайлы:
«Асыл сөзді, кең көкірек, орта бойлы, терең ойлы, жұмсақ мінезді, сабырлы, берекелі, дәулетті, Құдай жолында көп еңбек еткен, дұшпанға да пәле ойламаған, бұқараға сөзі ем болған, сабырда — Айюб пайғамбарға, мақамда — Дәуіт пайғамбарға ұқсас, пиғылда — Расулымдай жайлы, дәулетте — хақ Сүлеймендей салтанатты болған», — деп суреттегені белгілі. Осыдан-ақ хазіреттің қандай тақуа, шешен адам болғанын байқауға болады.
Досжан хазірет тақуалық жолын ұстанып, мыңға жуық шәкірт тәрбиелеп, Ислам дінінің аясын кеңейтуге, асыл дінімізді аймаққа жаюға үлкен үлес қосты.Хазірет 1890 жылы өмірден өтеді. Хазірет қайтыс болғанда алыс-жақыннан жамағат көп жиналады. Деректерде Досжан хазіреттің жаназасына 5 мың адам жиналғаны жазылыпты. Халықтың ишанға, хазіретке деген құрметін, ынтызарлығын осыдан-ақ білуге болады. Хазіреттің ұрпақтары да ата жолын қуып, дін жолын ұстанған болатын. Алайда кеңес дәуірі кезіндегі қудалау хазіреттің ұрпақтарын да айналып өтпеді.
Өкінішке қарай, Досжан хазіреттің өнегелі өмірі мен ел үшін атқарған еңбектері әлі де толық зерттелген жоқ. Шетелдердің, еліміздің архивтерінде хазіретке қатысты қаншама мәліметтер әлі жабулы күйінде жатыр. Соның ішінде хазіреттің күйеубаласы, дін қайраткері Жұмағали ахун Оразалыұлының да еңбектерін зерттеп-зерделеу керек деп білемін.
Себебі Жұмағали ахун — Мысырдағы әл-Азһар университетінің түлегі.Досжан хазірет салдырған мешітте имамдық қызмет атқарған, Исламға қалтқысыз қызмет еткен Жұмағали ахунның еңбектері де елге танылып, тиісті бағасын алуға тиіс.
Алла қаласа, көне көмбе ашылса, Досжан хазіреттің, оның жолын қуған шәкірттері мен ұрпақтарының ерен еңбегі елге мәлім болады деп білеміз.
Атаның ұрпағы не дейді?
Асқар ХАБИБУЛЛИН,
Досжан хазіреттің шөпшегі:
— Атамның осылай кесенесі салынып, оның құрметіне конференция ұйымдастырылуы тек ұрпағының ғана емес, жергілікті әкімдіктің де қолдауының арқасы. Ұзақ уақыттан бері ойластырған арманымыздың бүгін іске асуы — көпшіліктің еңбегінің нәтижесі. Ең алдымен, осы шараға келген қонақтардың барлығына алғысымды айтқым келеді.
Жасыратыны жоқ, осы кешенді салу оңайға тиген жоқ. Өйткені құрылыс жұмыстары карантинге тап келді әрі өз деңгейінде жасау үлкен қаражатты талап етті. Одан бұрын 3 ай бойы атам түсіме кіріп, кешенді салуға соның түрткі болғанын айтпай кетуге болмайды. Жерленген орнында мемориалды кешен тұрғызып, осы жерді ретке келтіруім керектігін түсіндім. Содан сол кездегі облыс басшылылығы бастамамды қолдады. Сөйтіп, бұл істі 2019 жылдың 16 желтоқсанында бастап кеттік.
Құрылыс жұмыстарына атсалысқан маңғыстаулық шеберлерге ризашылығым шексіз. Сол сияқты құрылыс материалдарын жеткізуге риясыз көмектесіп, ақы сұрамай, атаның аруағын сыйлағандарға рақмет. Әлгінде айтқанымдай, бұл көптің тілегімен біткен іс болды.
Ендігі аталған кешенді жұртшылық көптеп келетін, зиярат ететін, жалпы туристік орынға айналдыру — осындағы азаматтардың шаруасы. Алыстан келген қонақтардың түнейтін жатағы, музей-үйі бар кешенде ас беруге де болады. Болашақта жан-жағы көріктендіріліп, әу бастағыдай түрлі жеміс ағаштары жайқалып өседі деген үміттемін. Кейінгі ұрпағы, тарихты білетін қауым, жалпы өткенді сыйлайтын ел Досжан хазірет мәңгілік тыныстап жатқан жерге құрметпен қарап, өзгелерді де соған шақырады деп ойлаймын.
P.S. XIX ғасырда еліміздің батыс бөлігінде діни-рухани ағартушы ретінде үлкен із қалдырған Досжан хазірет Қашақұлының тарихтан өз орнын әлдеқашан алған тұлға екені сөзсіз. Енді оның мұрасын, салған сара жолын жалғастыру һәм ұлықтау — кейінгі ұрпақтың еншісіндегі іс. Өткен аптада Темір ауданының аумағында ашылған мемориалды кешен сол сауапты жұмыстың жалғауына сеп болғай.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.



