Денсаулық

Көкжөтел көбейе ме деген қауіп бар

Бүгінгі күні біздің облыста санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында айтылды.

Жиында биылғы алғашқы 8 ай ішіндегі аймақтағы эпидемиологиялық жағдай жөнінде облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев баяндады.

Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда биыл бірқатар инфекциялар аз тіркелген немесе мүлде тіркелмеген. Мысалы, өткен жылы 3 адамменингококк инфекциясына шалдыққан болса, биыл бұл дерт мүлде тіркелмепті. Ал ротавирусты энтерит 6,7 есеге азайған. Нақты айтқанда, былтыр 223 жағдай анықталса, биыл бұл инфекция 34 адамнан анықталған. Сондай-ақ, негізінен, кеміргіштерден немесе үй жануарларынан жұғатын иерсиниоз инфекциясы биыл мүлде тіркелмеген. Ал эхинококкоз, аскаридоз, энтеробиоз, тениоз, описторхоз инфекцияларымен ауырғандар саны азайған.

Алайда жедел респираторлы вирусты инфекция ауруы, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 18,5 есеге көбейіп отыр. Биылғы 8 ай ішінде 121,5 мың науқас тіркелсе, өткен жылы бұл мерзім ішінде 6412 жағдай тіркелген еді. Тұмаумен ауырғандар саны да көбейген: өткен жылы — 1, биыл 30 науқас анықталып отыр. Биыл жыл басынан бастап қыркүйекке дейінгі аралықта тұмаумен ауырғандардың 66,6 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар. Тұмау жұқтырған 30 науқастың 26-сы Ақтөбе қаласынан тіркелген.

Облыс аумағында биыл эпидемиологиялық тұрғыдан ең қолайсыз жағдай қызылша инфекциясына байланысты туындады. Алғашқы науқас16 ақпанда тіркелген еді. Ол Түркия елінде болып, індтетті сол жақтан жұқтырып келген. Содан бері бұл дертке қатысты күдікпен 251 адам бақылауға алынды. Оның 177-сінің індет жұқтырғаны зертханалық жолмен анықталды. Олардың146-сы (82,4 пайызы) — балалар. Тіркелген науқастардың 70 пайыздан астамы — қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар.

Қызылша дертіне қатысты күдікті жағдайлардың басым бөлігі — Ақтөбе қаласында, ал аудандар арасында Шалқар, Мәртөк, Ойыл, Алға, Әйтеке би және Хромтауда тіркеліпті. Өкінішке қарай, бұл инфекция адамнан-адамға тез таралады. Сондықтан мамандар алдағы уақытта қызылшаға қарсы екпе алмаған адамдар арасында індетті жұқтырғандар саны өсуі мүмкін деп қауіптенеді. 1 қыркүйектегі дерек бойынша, облыста уақтылы алынуға тиіс профилактикалық екпеден бас тартқан 3290 жағдайтіркелген, оның ішінде 2459 бала қызылшаға қарсы екпе алмапты.

Қазір бізді алаңдатып отырған жағдай — облыс тұрғындары арасында көкжөтел инфекциясының тіркелуі. Бұл індетке байланысты күдікпен 10 адам дәрігерлердің бақылауына алынып, 4 адамның науқасы зертханалық жолмен расталды, — деді Мұхтар Сербаев.

Бұл жұқпалы дерт те профилактикалық екпе алмаған балаларарасында ғана тіркеліп отыр.

Қазіргі күні облыста көкжөтелге қарсы екпе алмаған 2518 бала бар екен. Соған байланысты мамандар бұл дертке шалдығушылар қатары да көбейіп кетуі мүмкін деп қауіптенеді.

Қазіргі күні әр ата-ана баласының қызылша мен көкжөтелге қарсы вакцинаны уақтылы алған-алмағанын тексергені жөн. Вакцина алмаған болса, тұрғылықты жері бойынша емханаларға хабарласуы керек, — деді Мұхтар Сербаев.

Ал коронавирус инфекциясына келсек, биылғы жылдың 8 айында 43 жағдай тіркелген. Оның ішінде соңғы рет маусым айында 3 науқас тіркеліпті.

 А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button