Жаңалықтар

Аманқос МЕКТЕПТЕГІ, филология ғылымдарының кандидаты, алаштанушы ғалым: Болмысым туған жерімнің табиғатымен үндес…

Филология ғылымдарының кандидаты, Журналистер одағының мүшесі, алаштанушы ғалым Аманқос Мектептегі көпшілікке қазақтың ағартушылары, қазақ тілінің тарихы туралы еңбектерімен таныс. Ұзақ жылдардан бері Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде сабақ беретін ол жер-жердегі экспедицияларға да белсене қатысады. Қара тастан тарихымызды түгендеген Ақтөбенің перзентінің семиотика, яғни таңбатану ғылымына да қосқан үлесі аз емес.

Біз белгілі зерттеушімен Ақтөбедегі балалық шағы, туған жердің тұлға боп қалыптасудағы әсері, жергілікті ескерткіштердің аужайы, т.б. жөнінде сұхбаттасқан едік…

— Елге жиі келесіз бе?

— Олай деп айта алмаймын. 2-3 жылда бір рет қана туған жеріме жолым түседі. Көбіне-көп туыстарым маған, Алматыға келеді. Өйткені күнделікті жұмыстамын, ал жылына бір келетін еңбек демалысымда әдетте экспедицияға шығып кетемін. Сөйте тұра, лажы болса, елге сапарлатуға тырысып тұрамын.

— Алдағы жылы мерейтойыңыз екен. Өткенге көз жүгіртіп, артқа бұрылып қарағанда, өміріңіздің қай тұсын ерекше сағынышпен еске аласыз?

— Менің ойымша, 70 жылдың барлығы да қымбат. Әр жастың өзіне тән қызығы бар және ешқайсысы да қайталанбайды…

Балалық шақта көрген әдет-ғұрып, дәстүрдің барлығы — тұнып тұрған ғылым. Соның бәрін білу, ана тіліне «суарылып» өсу ауылдан басталады. Байғанин ауданының желі, қатты аязы, тіпті құмы да айналып келгенде менің қалыптасуыма, бүгінгі деңгейге жетуіме, жалпы мінезіме әсер етті. Бұл — сөзбен айтып жеткізуі қиын үлкен құбылыс.

Жалпы, адамның балалық шағы, туып-өскен жері үйдің іргетасы сияқты ғой. Бүкіл болмысыңа әсер етеді.

— Өзіңіз үшін ғылым жолындағы қай еңбегіңіздің шоқтығы биік?

— Қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында 15 жыл еңбек еттім. Сол менің ғалым болуыма, осы жолды таңдауыма үлкен әсер етті.

Өзіме Ахаң, Ахмет Байтұрсынов, басқа да Алаш зиялылары туралы жазған кітаптарым ыстық. Түркітануға қатысты жазған дүниелерім де ең басты еңбектерім деп есептеймін.

Шын мәнінде, ғылымға келуіме әкемнің фотограф болғаны әсер етті. Ол кезде әр фотоны жасап шығарудың өзі үлкен жұмыс, қазіргідей цифрландырылмаған. Сол суреттердегі адамдардың бейнесі, Байғаниндегі табиғат және ескерткіштер менің осы жолды таңдауыма сеп болды. Біле білгенге сурет өнері қай ғылыммен де етене байланысты. Адамның өзі, тастағы белгі де түбінде суретке айналады… Одан кейін түркітануға қызығып, ежелгі ескерткіштерді зерттеуіме Ғұбайдолла Айдаров, Тайжан Досановтар ықпал етті.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Аманқос Құлтанұлы Мектептегі 1954 жылы Ақтөбе облысыБайғанин ауданына қарасты Жарқамыс ауылында туған. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР Журналистер одағының мүшесі.

1979 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. 1981-1996 жылдары ҚР ғылым академиясының А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері, 1995-1996 жылдары республикалық «Жалын» журналы проза бөлімінің меңгерушісі болды. 1996 жылдан бері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде оқытушылық қызметте.

Аманқос Мектептегі — Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлы, Смахан Бөкейхан, т.б. мұрасын баспасөз бетінде насихаттаушылардың бірі. ОныңАлаш тақырыбына байланысты зерттеу мақалалары мерзімді баспасөз беттерінде және «Бес арыс», «Тіл тағылымы», «Аламан», «Халел тағылымы», «Бекет ата», «Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы», «Антология педагогической мысли Казахстана», «Халел Досмұхамедұлының өмірі және оның шығармашылығы», «Ұлттық рухтың ұлы тіні», «Ағартушы Халел», т.б. монографиялар мен ғылыми-танымдық жинақтарда жарияланған.

— «Болашақ» бағдарламасы бойынша Польша мемлекетінің Познань қаласында болғанда, қазақ халқына қатысы бар ескерткішті көріпсіз…

— 2010-2011 жылдары экспедиция кезінде Польшаның тұңғыш академиясының ғимаратымен таныстым. Соған басылған таңбадан (герб) біздің халыққа тән белгілерді көрдім. Композицияда рулық таңбаларымыз, киіз үйіміздің үлгісі, қанатын қомдаған қаз бар. Басқасын былай қойғанда, қазақ халқында қазға байланысты аңыз-әпсаналар көп. Өйткені бұл — тотемдік анамыз. Өз болжамым бойынша шамамен XVII ғасырда ата-бабаларымыз Еуропаға барғанда, бұл солардың құрметіне жасалған.

Сол сияқты ертеректе қазақтар әлемнің түкпір-түкпірін аралаған ғой,  өзге тілдердің сөздерінің біздікіне ұқсас болуы сондықтан. Бұны айта берсең, шеті мен шегі көрінбейтін үлкен әңгіме, тұнған тарих…

— Осы орайда алыс-жақын жерлердегі ескерткіштерді зерттеуші ретінде Ақтөбедегі сәулет өнеріне қандай баға бересіз?

— Таяуда Байғанин аудандық музейінен пілдің омыртқасын көріп, қатты таңғалдым. Біздің елге бұл жануар таңсық қой. Бірақ қазақта «зіл» деген сөз бар. Сосын сол жерден керемет құмыраны көзім шалды. Шүмегі ерекше, ұстайтын жерінде құс «отыр». Түсіне білгенге бұл — ғажап ескерткіш. Неге десеңіз, бұрын қазақ қайтыс болды деп айтпаған, суық хабарды «жаны ұшты» деп жеткізген. Сол тұрғыдан келгенде, бұлардың философиялық мәні терең, үлкен зерттеуді қажет етеді.

Ірі ескерткіштерге тоқталсам, менің арғы атам Сақау батырдың мазарының өзі сәулет өнерінің керемет үлгісі деуге тұрарлық. Бір таңданарлығы, соның басына бүркіт ұя салған… Аталған құстың шыңға қонатынын ескерсек, бұл ғажайып емес пе?! Жалпы, Ақтөбеде зерттеуге сұранып тұрған ескерткіштер көп-ақ. Кезінде талай батырлардың жүріп өткен жолы ғой. Сондықтан әзір өзім кіріспеген іске баға беруім дұрыс емес болар. Бір анығы, бұл өңір талай тарихи-танымдық жаңалықтарға сұранып тұр.

— Өз деңгейінде зерттелмеген, өмір жолы көпшілікке белгісіз ақтөбелік тұлғалар да баршылық. Сіздің ойыңызша, қай жерлесіміздің есімі әлі күнге бағаланбай келеді? 

— Ондай тұлғалар көп. Бұған, бір жағынан, Кеңес Одағы кезіндегі саясаттың салқыны тиді. Алысқа бармай-ақ, Дәуімшар, Құдабай батырларды атауға болады. Есімдері дұрыс еленбеді. Соның бір ғана көрінісі — аудандағы інімнің үйі Бірлік-2 көшесінде. Мұндай да  көше атауы бола ма? Есімі көше атауына сұранып тұрған ұлы тұлғаларымыз аз емес қой… Бұл мәселеге әлі атүсті қарап келеміз.

— Руналық жазулардың қыр-сырын зерттеп жүрген адам ретінде Ақтөбенің тарихына қатысты тың мәлімет таба алдыңыз ба? Басқасын былай қойғанда, Ақтөбе қаласының 150 жылдан астам тарихы бар…

— Оны зерттеуге уақыт, қаражат керек. Қазіргі нарық заманында әрі-бері қатынаудың өзі оңай емес. Сол себепті Ақтөбеге қатысты зерттеу жүргізуге мүмкіндік тумады.

Неге екенін білмеймін, облыстық деңгейді айтпағанда, аудандық экспедицияларға ұйымдастырушылар мені мүлде қоспайды. Осы мәселені өткенде аудандық музейдің басшысына да айттым.

Сондай-ақ осы елдің адамы болсам да, Байғанин ауданының 90,95 жылдық тойларына да шақырған жоқ. Жергілікті атқарушы орган өкілдері іздемейді…

— Сіздің АлматыдағыӘл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде болашақ журналистерге сабақ беретініңізді білеміз. Сала маманы ретінде қазіргі қазақ журналистикасына көңіліңіз тола ма?

— Мемлекеттік тіліміз өз тұғырына қонғанда ғана рухани өзгеріс болады. Ол үшін ең әуелі көше атаулары, жарнамалар, сырттағы жазулардың барлығы қазақша, жергілікті тұлғалардың құрметіне қойылуы қажет. Бұны ономастика комиссиялары жіті бақылап, соған өз ісінің мамандары ғана бекітілуге тиіс. Әңгіме арасында айтқанымдай, БАҚ-та тарихымыз туралы көп айтыла бермейді.

Қазіргі БАҚ-қа уақыттың өзі баға береді. Бір айтарым, біздің ұлттық тарихымыздың өзі толық зерттеліп болмады. Біз отарлаушы саясаттан енді айығып келеміз…

— Сұхбат соңында ғылымдағы ізбасарларыңыз жөнінде бірер сөз…

— Астанада Бекболат Төлегенов деген оқушым бар. Қазіргі таңда АҚШ-та докторантурада оқитын Нұрлан Наурызғалиев шәкіртім де болашағынан үлкен үміт күттіреді.

Өзімнің 4 баламнан тараған немерелерім де жолымды қуады деп үміттенемін. Тұңғышым Ақансері отбасымен осы Ақтөбеде тұрады. Қалғандары өзім сияқты Алматыда өмір сүріп жатыр.

Сұхбат барысында айтқанымдай, 70 жас мерейтойыма орай былтыр жарық көрген «Руна жұмбағы» атты мың беттік энциклопедиялық кітабымды жаңартып, толықтырып шығару жоспарда бар. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялылары туралы еңбегім дебаспаға дайын тұр.

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button