Шипалы құм, шежірелі өлке

Өлкетану
Ақтөбе облысының аумағы — талай тарихи оқиғаларға куә болған мекен. Осы жолы біз облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының материалдарына үңілдік. Талайды таңдандырған тарихи тұлғалар мен жылдарды жаңғыртқан жәдігерлер, сырын ішіне бүккен көне ғимараттар мен ескерткіштер туралы деректер өлкесін жақын танығысы келетін әр адамға ыстық болса керек-ті.
Барқын құмымен, Көкжар жәрмеңкесімен ерекшеленетін Ойыл ауданына бірге сапар шегейік…
Барқын құмы
Сусылдаған сары құмның ортасында ғасырлық тарихы бар алып қарағайлы орман өсіп тұрғанын көрдіңіз бе? Ерекше қорғауға алынған мұндай жерді тек Ойыл ауданынан көре аласыз. Барқын құмы деп аталады.
Бұл көшпелі құм санатына жатады. 1896 жылы полковник Н.Иванов осықұмның көшуін тоқтату мақсатында Орынбор қаласынан түйе керуеніне артып, қарағай, қайың, көктерек, қараағаш қөшеттерін әкеліп, отырғызған.Бүгінде жергілікті орман шаруашылығы ағашы жоқ жерлерге тал-терек өсірумен айналысып келеді.
Барқын құмының аумағы — 17232 гектар жер. Құмының ұзындығы —18, ені 7 километрге жетеді. Шығысында — Қуырдақты, батысындаОйыл өзендері ағып жатыр.
Облыс тұрғындары Барқын құмының емдік қасиеті бар деп санайды және соған сеніп, емделу мақсатында құмға түседі. Барқынның атауына және құмның шипалық қасиетіне қатысты әңгімелер жетерлік. Ойылдың құмды жоталарын құм иесінің кезетіні туралы аңыз да бар. Өзіне шын сеніп, ем іздеп келген жанды шипасымен қайтаратынын білетін жұртшылық бұл мекенге көп келеді.
Құмның орнында бір дәуірлерде ғажайып нулы орман болғаны жайындағы әпсанада нөкерлерімен аң атып жүрген хан баласының қаңғыған жебесі ауылына адам емдеуге асығып бара жатқан тәуіптің өмірін қияды.Болған оқиғаның салдары сол мезетте табиғатпен тұтасып, дауыл тұрып, жер әлемді шаңға көміп, емшінің наласынан ханның баласы да, жанындағы нөкерлері де құйынның арасына сіңіп жоғалады. Орман орны алай-түлей дауылдан қу медиен дала, құмдауыт жерге айналады. Емшінің қасиеті сол жердің киесіне айналған деген аңыз ел аузынан бүгінге жалғасып жеткен. Осы құмдардың ішінен ем алып жатып ұйықтап кеткен кей адамның құлағына хан баласының нөкерлерімен сықылықтап күлген дауыстары тұс-тұстан естілетін көрінеді. Сайран салған алаңсыз күлкінің дауысын естіген жұрт кәлимасын айтып, дұғасын тілейді. «Барқын атауы — сол тәуіптің есімі» деп айтып отыратын көнекөз қариялар. Қазақ тілеуіне медет болған мекендерді қасиетті санаған. Адамдар әсілінде жаны мен тәніне шипа тілеп, түрлі салт-жоралғылар мен амал-әрекеттерге барады. Осындай мекендердің бірегейі — Барқын құмы. Бұл мекенге арнайылап еліміздің сан аймағынан жыл сайын мыңға тарта ем іздеген жұрт ат басын бұрады. Әсіресеқырық күн шілдеде ыстық құмбуын аурулары, ревматизм, аяқ-қол тамырлары ісінуі, ас ауруларын емдеп жазатынын айтады жұрт.
Бүгінде өңір жастары Барқынның ыстық құмына қыздырынып, қарағайлы орманның ауасымен тыныстап, шашылып жатқан шырша жаңғақтарын таза ауада самаурын қайнатуға пайдаланатынын айтып, мақтанып жүр.
Расында, Барқын құмы — емдік қасиетін бойына бүккен мекен.Ал құмы — шипалы, қарағайлы орманы — жанға сая. Барқын құмында еліміздің Қызыл кітабына енген емдік шөптер көптеп кездеседі. Жеуге жарамды түрлі саңырауқұлақтарда бар.Ойыл өлкесіндежусан, балмия, есекмия, алабұта, қырықбуын, балдырған, көктікен, жолжелкен, еркекшөп, сарғалдақ, бәйшешек, дала жуасы дала сарымсағы, түйежапырақ, андыз, адыраспан, бидайық, қарапайым кармила секілді көптеген өсімдіктер өседі. Сонымен қатар бұл аймақта жабайы шошқа, дала күзені және кіші аққұтан мекендейді.
«Керуен сарай» кешені
XIX ғасырда қазақ даласында өткен Қарқаралы, Қоянды жәрмеңкелерімен аты қатар аталатын Көкжардыңтарихи орны — Ойыл ауданы орталығында орналасқан. Жәрмеңкенің сауда қатарлары, кіріс-шығыс құжаттарын жүргізген комитет үйі, мешіті мен көпестердің үйі секілді тарихи ғимараттар тек Ойылда сақталған.

Көкжар — ел аумағындағы ең ірі 13 жәрмеңкенің ішінде тауар айналымының көлемі бойынша 9-орынды иеленген тарихи орын. Батыс Қазақстанда халық өнері мен мәдениетін насихаттауға мол мүмкіндік туғызған орталық болған. Қазақ даласындағы 13 жәрмеңкеден ізі қалған, архитектурасы сақталып, жойылмаған тарихи ескерткіш тек осы — «Керуен сарай» кешені.
Ойылдағы ХІХ ғасырдың екінші жартысында тұрғызылған Керуен сарай, мешіт, сауда, жәрмеңке комитетінің үйлері облыс әкімдігінің 2010 жылғы 4 маусымдағы қаулысымен Ақтөбе облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді.
Қазіргі таңда ішкі туризмді дамытуға және халықтың рухани дамуына үлесі зор.
Көкжар жәрмеңкесі ресми түрде 1867 жылы Орал облысының Қазбек болысында көктемде ашылған.
Қазақстанның батыс аймағын зерттеген белгілі ғалым саяхатшылар П.Паллас, И.Фальк, П.Рычков, тағы басқалары өз жазбаларында сауда жолдары мен орталықтары жөнінде көптеген мәліметтер қалдырды. Қазақ жерінің тарихын зерттеген әйгілі ғалым Ермахан Бекмаханов осы жәрмеңкенің ашылуы жөнінде«Басқарушы органдардың тәртібі бойынша алғаш рет 1867 жылы көктемде Орынбор даласындағы Ойыл өзенінің жанында ашылған жәрмеңкенің сауда нәтижесі жақсы болды» деп нақты дерек келтірген.

Жергілікті жерде күйдірілген қызыл кірпіштен салынған құрылыс 1865 жылы 19 маусымда басталып, әрбірінде 9 дүңгіршек-лавкадан тұратын 15 корпус пен жәрмеңке комитетінің үйі 1867 жылы әзір болған. Сонымен қатар қазіргі интернат қызметін атқарып тұрған «Красавин үйі» ауласынан 8×8 метрлік өлшемде банк үйі есебінде қызыл тастан үй тұрғызылып, жәрмеңке комитеті үйімен арасында ақша тасымалдайтын адам бойының биіктігіндей 700 метрдей жерасты жолы қазылған.
Осыған байланысты Орал әскери губернаторы Николай Веревкин Орынбор генерал-губернаторы Николай Крыжановскийге хат жолдап, жәрмеңкені Барқын құмынан Ойыл бекінісіне көшіру жөнінде өтініш жасайды. Осылайша 1867 жылы 9 мамырда қырда салынған Ойыл бекінісінде алғашқы жәрмеңке ашылды.Ойыл бекінісінің алғашқы басшысы Ашықбай Лепесов, базарбасы Меңдібай Күмісбайұлы болған. 1870 жылғы 20 мамырда Ойыл жәрмеңкесіне Орынбордың генерал-губернаторы Н.Крыжановский келіп, аралап, өз ризашылығын білдірген.
1867 жылы Көкжар жәрмеңкесіне 137 саудагер қатысты. Жәрмеңке жылына екі рет — жаздың басында және күзде өткен. Сауда-саттық мерекесіне солтүстіктен Орынбор, Сарытау, Самара қалаларынан орыс, татар саудагерлері жетсе, Оңтүстіктен Хиуа, Бұқара, Түркіменстан және Орта Азия, Ауғанстан, Иран елдерінен керуендер ағылып келген, осылайша ішкі-сыртқы байланыс орнатылған.
Өлкетанушы Жақсылық Бисалиевтің пайымдауынша , тарихи сауда қатарлары құрылысы ағылшын, орыс, татар кәсіпкерлері мен саудагерлерінің демеушілігімен белгілі орыс сәулетшісі А.Брюлловтің жобасы бойынша салынған. Себебі «Керуен сарай» кешені Орынбор жәрмеңке комитетінің, сондағы сауда корпустары мен мұсылман мешітінің, емхана, аса ауқатты татар байлары салдырған ғимараттардың дәлме-дәл көшірмесі етіп келтірген.
Ойыл мешіті
Ойыл мешітінің құрылысы 1893 жылы басталған. Іргетасына жабайы тастар төселіп, тастама белдіктері түйе арбамен Орынбордан тасылған, табаны қызыл кірпіштен қаланған.
Мешіт діни ағартушылық бағытында жұмыс жасаған.Алғашқы бас имамы Сағидолла Ізтілеуовараб, парсы, орыс тілдерін игерген сауатты адам болған, ол 1926 жылы Ойыл мешітіне хазірет болды. Өңірде діни тәрбиенің өрісі ашылды. Тек 1926 және 1930 жылдар арасында Ойыл ауданында 15 дін мектебі ашылды, 20 мешіттің жұмысы жанданып, қалпына келтірілді.

ХХ ғасырдың 30-жылдары мешіттің діни белгілері қиратылып, драма театр үйіне, техникалық-шаруашылық қоймаға айналдырылды. Жергілікті жерде күйдірілген қызыл кірпіштен сәндеп тұрғызылған мешіт үйі талай жыл қараусыз қалса да асылдың сынығындай болып бүгінге жетті. Тәуелсіздік демімен1999 жылы жөнделіп, қайтадан мешіт қалпына келтірілді. Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы имамы Алтынбек Какиев болды.
2014 жылы күрделі жөндеуден өткізілді және аула аймағы абаттандырылды. Қазіргі таңда халыққа рухани азық ісінде өз қызметін атқарып келеді.
Көкжар мешіті — рухани тазалықтың орталығы болған және қазіргі кезге дейін сақталып жұмыс жасап тұрған ХІХ-ХХ ғасырдың ерекше сәулеттік құрылыс ғимараты. Қазіргі таңда туризм саласын дамытуда, жергілікті халықтың рухани байлығын кеңейтуде тарихи маңызды қызмет атқарады.
Ақтөбе облысындағы ең ескі мешіттердің бірі саналатын Көкжарды тауар тасушы татар көпестері салған деседі.Мешіт тарихына қатысты ел аузында тараған аңыз- әңгіменің бірі — Ойылдағы жерасты жолының мешітпен ұштасып жатқандығы. Осы жерасты жолы арқылы көпестер сауда қатарларына және бай көпестің үйіне қатынап отырған. Осы жерасты жолы мешіттен сауда қатарына және Бай көпестің үйі аралығында бірнеше шақырымда болған, қазіргі таңда зерттеуді қажет етеді.
Мешіт күмбезінің алғашқы түпнұсқасы мұсылман күмбезі іспеттес күмістен жасалып, үлкен айшығы болған. Саяси қуғын-сүргін жылдары мешіт күмбезі құлатылып, жергілікті сайдың бойында жасырылған деген аңызда бар.
«Даңқ мұнарасы»
Тары өсіруден әлемдік рекорд жасаған даңқты диқан Шығанақ Берсиев 1881 жылы Ойыл ауданы Ащыойыл бойында дүниеге келді.
Шығанақ Берсиев ақ тары егуде мол өнім жинап, еңбектегі ерлігі үшін 1940 жылы Ленин орденімен марапатталды. 1943 жылы ақ тары өнімін жинауды 201 центнерге жеткізіп, әлемдік рекорд жасады.

«Ойылдың ақ тарысын» дүниежүзіне танытып, қазақ елінің еңбек төлқұжатын жасаған атақты диқан тары өнімін көбейту жолында созылмалы ауруға тап болып, 1944 жылы өмірден өтті.
Әйгілі тары өсіруші марқұм Шығанақ БерсиевШ.Берсиев атындағы ауылдық округіҚарасу ауылындағы зиратта жерленген. Оның бейіті саман кірпіштен салынып, цемент ерітіндісімен сыланған. Бетіне қоладан жасалған мемориалды тақтайшада «Знатный просвод Шаганак Берсиев» деген мәтін жазылған. Бейіт күйдірілген кірпішпен қоршалған. Солтүстік-батысында обелиск белгі орнатылған.
1947 жылы бейітке жақын жерде Ш.Берсиевтің құрметіне кесене тұрғызылды. Сырт пішіні қазақтың үйтам үлгісіне ұқсас, пирамидатәріздес кесенесәулетші Төлеу Бәсеновтің жобасы бойыншакүйдірілген кірпіштен салынған.«Даңқ мұнарасы» мемориалды кешені тұтастай металл шарбақпен қоршалған.
Ал 1971 жылы Қаратал ауылында Шығанақ атаға арналған ескерткіш бой көтерді.
Р.S.Ойыл өлкесінің кереметтері мұнымен шектелмейді. Орта ғасыр дәуірлерінің дүбірлі ізі сайрап жатқан Ойыл өңірінде талай тарихи тұлғалардың іздері қалған. Батырдан да, ақын-шешен, билерден де кенде болмаған бұл аймақта әулие-әмбиелер де аз болмаған. Мәселен, сынықшы Сүлеймен атаның ерекше қасиеті, Есет Көкіұлының қызы, Әжібай бидің келіні Ботагөздің батырлығы туралы айтпауға болмас. Сондай-ақ 2009 жылы Ойыл өзенінің сол жағалауындағы төбелі жерден облыстық тарих, этнография және археология орталығының қызметкерлері палеометалл дәуірінде өмір сүрген ежелгі тұрғындардың ірі зираттарының бірі — Құмсай қорымын тапқан.
Деректерді топтастырған Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



