Жаңалықтар

«Басты міндет — әлеуметтік жағдайды жақсарту»

Amanat партиясы облыстық филиалының кезекті ХХХV конференциясында кейінгі екі жылда атқарылған жұмыстар қорытындыланды.

Жиынға Amanat партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев және өңірдегі бастауыш партия ұйымдары мен аумақтық филиалдардан  сайланған 160 делегат қатысты.

Делегаттардың дауыс беруімен партия филиалдарындағы саяси кеңестердің 214 мүшесі сайланып, құрамы 55 пайызға жаңарды. Соның ішінде әйелдер — 34,6 пайыз, ал жастар 26,6 пайызға жетіп отыр.

— Amanat  партиясының басты міндеті — халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, әділетті қоғам құруға күш салып, азаматтардың құқығын қорғау. Халық бізден нақты нәтиже, сапалы көрсеткіш күтіп отыр. Партияның ішкі құрылымы да, стратегиясы да, имиджі де уақыт талабына сай болуы шарт. Сондықтан партия мүшелерін одан әрі бірлесе жемісті еңбек етуге шақырамын, — деді Эльдар Жұмағазиев.

Жиында 2021-2022 жылдарда атқарылған жұмысты қорытындылаған партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов өңірлік сайлауалды бағдарламаның жүзеге асырылу барысына кеңірек тоқталды. Оның айтуынша, облыстың өнеркәсібі дамып келеді. Бұл мақсатта екі жылда 60,9 миллиард теңге инвестиция тартылып, 86 өнеркәсіп нысаны ашылған. Өңірде бетон бұйымдарын шығаратын, фарфордан және керамикалық плиткаларды жасайтын, минералды мақта, құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар, жиһаз цехы, сұйық сабын өндіру цехы пайдалануға берілді. Бұл компанияларда 1 700-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды.

Сонымен бірге 7 мектеп, 51 балабақша ашылып, 83 денешынықтыру нысандары салынды. Ал денсаулық сақтау саласында 12 нысан — 200 орындық перинаталдық орталық, 390 келушіге арналған гемодиализ орталығы, 290 келушіге шақталған 8 дәрігерлік амбулатория, 2 медициналық пункт  тапсырылды. Облыс бойынша 2 млн 381 мың шаршы метр жерге тұрғын үй салынып, 12 мыңнан астам пәтер берілген.

Ербол Данағұлов партиялық жобалардың жүйелі жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 4966 ауыл тұрғыны қаржылық сауатын арттырған.

— Осы кезге дейін облыстағы 5 мыңға жуық адам оқуын аяқтады. Олардың 43 пайызында 1 несиеден, 32 пайызында 2 несиеден болды, — деді ол.

Партиялық бақылау комиссиялары отырыстарында облыс тұрғындарына көгілдір отын, жарық тарату, ауызсумен қамтамасыз ету, облыстық мәндегі және қала/ауданішілік автожолдар, өңірдегі түрлі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы және т.б. мәселелер қаралды.

Сондай-ақөңірдегі құрылыс нысандарының уақтылы пайдалануға берілуін бақылау мақсатында 637 рейд, 340 рет кездесу өткізілгені айтылды. Нәтижесінде партиялық бақылау комиссияларының тікелей араласуымен 12 мыңнан астам халық тұратын 10 елді мекенде 16 мәселе шешіліпті.

Өз кезегінде партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев халыққа берген уәделердің толық орындалуы ең маңызды міндет екенін атап өтті. Мәслихаттардағы фракция мүшелері, партиядан сайланған ауыл әкімдері өңірлік мәселелерді шешуге және инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударуға тиіс екендігі айтылды.

— Президенттің саяси реформалары өміршең болуы үшін депутаттық фракция, соның ішінде Ақтөбе облысының аудандық, қалалық мәслихаттағы фракциялары, партиядан сайланған ауыл әкімдері екі есе күш-жігермен жұмыс жасауы қажет.

Біз  халықтың алдында берген уәделеріміз бен жоспарларымызды уақтылы орындауымыз            керек, — деді партия хатшысы.

Эльдар Жұмағазиев ауылдағы өмір сүру деңгейін көтеруге және жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы облыста табысты іске асырылып жатқанын айтты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button