Жаңалықтар

Ақтөбеде жаңа пошта бөлімшесі ашылды

Байланыс

Облыс орталығындағы қарқынды дамып келе жатқан Батыс-2 шағын ауданында жаңа қалалық пошта бөлімшесі ашылды. Бөлімше Мәңгілік ел көшесі, 22-үй мекенжайында орналасқан.

Іс-шарағақатысқан Астана ауданы әкімінің орынбасары Жақсат Төлегенов тұрғындардың сұранысын ескерген «Қазпошта» басшылығына ризашылығын білдіріп, жаңа пошта бөлімшесінің ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Ал «Қазпошта» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Қосыбек Бөлекбай:

— Жаңадан бой көтерген Батыс-2 шағын ауданында бүгінде 40 мыңға жуық тұрғын бар. Жастар көп шоғырланған аудан болғандықтан, бәрі шетінен белсенді. Сондықтан қалааралық, дүниежүзілік пошта байланысының қызметіне де сұраныс әркез болады. Батапқы кезде бұл жерде бір оператор жұмыс істейді. Оператор хат немесе сәлемдеме жіберу, газет-журналдарға жазылу, басылымдарды сату, қаржылық қызметтердің ішіндегі коммуналдық төлемдерді төлеу қызметтерін көрсетеді. Бізбен келісімшартқа отырған банктердің де төлемдерін қабылдайды. Сондай-ақ бұл бөлімшеде салық төлемдерін де төлеуге мүмкіндік болады. Алдағы уақытта бұл жерде сұранысқа сай шағын супермаркет желісін ашамыз деген ойымыз бар. Мұның бәрі — кезең-кезеңімен атқарылатын шаруалар. Тұрғындардың қажеттіліктері ескеріліп ашылған жаңа пошта бөлімшесі де жергілікті әкімдікпен бірлесе жасалған жұмыстардың нәтижесі, — деді.Одан соңБатыс-2 шағын ауданының тұрғыны Гузелия Хафизова мен оның кішкентай қызы Мариям жаңа бөлімшенің лентасын қиды.

— Халық бар жерде пошта байланысы болуға тиіс. Енді басқа қалаға хат немесе сәлемдеме жіберу үшін қаланың екінші шетіне бармайтын болдық. Жаңа бөлімше қызметкерлеріне сәттілік тілеймін, — деді қала тұрғыны Гузелия Хафизова.

«Қазпошта» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Шынар Нұрмұхамбетованың айтуынша, 9 қазанда — «Қазпошта» акционерлік қоғамының құрылғанына 30 жыл толады. Әрі «Қазпошта» — Аустралиядағы дүниежүзілік пошта одағының мүшесі. Сондықтан бүгінгі іс-шара Дүниежүзілік пошта күніне және «Қазпоштаның» 30 жылдық мерейтойына арналып отыр.

Батыс-2 қалалық пошта бөлімшесі дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін. Сенбі және жексенбі күндері — демалыс.

Жаңа бөлімшеде клиенттер ақша аударымдарын, сәлемдемелерді, хаттарды және EMS жөнелтілімдерін жіберіп және ала алады. Сонымен қатар газеттер мен журналдарға жазылуды рәсімдеуге, коммуналдық, салықтық және басқа да төлем түрлерін төлеуге, зейнетақы мен жәрдемақыларын алуға мүмкіндік бар.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button