Тілге құрмет — баршаға міндет

Тіл
Ырғыз ауданында 5 қыркүйек — Қазақстан халқы тілдері күніне орай бірнеше шара өткізілді.
Алдымен Ырғыз аудандық орталық кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен тіл мерекесіне арналған «Тіл — халықтың жаны» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов бастаған бір топ аға буын өкілдері қатысты.
Шарада жас ұрпақтың ана тілге деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, оқушыларды қазақ тілінде таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту, т.б мәселелер төңірегінде талқылау ұйымдастырылды.
Нұрлан Қызбергенов жиналған жұртшылыққа тіл мәртебесін көтеру үшін ауданда қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын, жас ұрпақтың ана тіліне деген сүйіспеншілігі мектеп қабырғасында оқып жүргеннен-ақ қалыптасатынын жеткізіп, жастарды мемлекеттік тілді құрметтеуге, сауатты сөйлеуге шақырды.
Бұдан кейін тіл мерекесіне арналған шара Ырғыз аудандық балалар кітапханасының BALA TIME қызығушылар клубында ұйымдастырылды. Мұнда оқушылар арасында «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» атты интеллектуалды сайыс өткізілді.
Сайыста «Болашақ» тобы және «Адай» тобы өзара бақтарын сынап, «Кім көп біледі?», «Жалғасын тап», «Кім тапқыр?», «Қорытынды» бөлімдері бойынша әртүрлі сауалдарға жауап берді.
Шара соңында қазылар алқасы сайысқа қатысушыларға Алғыс хат табыстап, тәттілер үлестірді.
Д.ҚАЗИХАН,
Ырғыз ауданы.



