Ауыл

Бизнеске бет бұрған  Бекет

Бегімбет ауылының тұрғыны Бекет Құдайбергенов  2 жыл бұрын картоп егіп, шаруасын бастаған-ды. Сол уақытта пандемия басталып, шектеуге байланысты  аудан орталығына қатынас үзіледі.

Осы кезде Бекетке  «Ауыл халқын бау-бақша өнімдерімен өзіміз неге қамтамасыз етпеске?» деген ой келеді. Сөйтіп, өткен жылдың күз айында мемлекеттік бағдарлама арқылы 1 225 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып, ол қаржыға Алматыдан өсімдік шаруашылығына қажетті техникалар сатып алған. Қазір ауыл шетінен шағын жер алып,  картоп, қияр, қызанақ, қарбыз егіп, жақсы өнім алып отыр.  Ол келесі жылдан бастап бақшасын кеңейтіп, ауылды көкөніспен барынша қамтамасыз етуді көздеп жүр.

Карантин кезінде аудан мен ауыл арасындағы жол қатынасына тоқтау салынып, ауылымыздағы дүкендердің сөрелерінде күнделікті тұтынатын қияр мен қызанақ сияқты өнімдер тапшы болды. Содан ойлана келе, ауылдас ағамның қыстақтағы жеріне барып, картоп ектім. Бақша өнімдерінің басқа да түрлерін көбейткім келді. Ол үшін қаражат керек. Мемлекеттің қайтарымсыз қаражаты бұл ісімді жандандыруға үлкен көмек болды, — дейді ол.

Бекеттің бақшамен қоса мал шаруашылығымен айналыссам дейтін мақсаты да орындалды. Биыл  «Ауыл аманаты» жобасы арқылы  «Нұралы» шаруа қожалығынан тауарлық несиеге 15  сиыр алған.

Ауылда өскендіктен, мал шаруашылығының қыр-сырын жетік білеміз.  Сондықтан бір кәсіппен тоқталып қалмай, мал шаруашылығын да қолға алдым. Өйткені ауылдағы ағайын малдың сүтін қайда өткізерін, кімге сатарын білмей жатады. Мен тек мал өсіріп қана қоймай, табысымды әрі қарай еселейтін сүт өнімдерін өңдейтін шағын цех ашсам деген жоспарым бар, — дейді Бекет.

Ол жақында ауылдастарымен бірігіп, «Айшуақ-Несібе» атты кооператив құрған. Енді сол арқылы несие алып, кәсібін одан әрі дамытпақшы.

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button