Жаңалықтар

Облыс әкімі жаңа SMART BILIM мектеп-гимназиясына барды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов еліміздегі ең ірі мектептің бірі саналатын «SMART BILIM» мектеп-гимназиясына барып, жұмысымен танысты.

Жаңа оқу ордасы Батыс-2 шағын ауданында Білім күнінде ашылған еді. Аумағы 122 мың шаршы метр аумақты қамтиды. Мұнда екі ауысымда 7 мыңнан астам бала білім алады.

Оқушылардың заман талабына сай сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Мектептің құрылысына мердігер 5,7 миллиард теңге қаражат жұмсапты. Дегенмен, нысан кәсіпкер Зәмзәгүл Баймағамбетованың өз қаражатына салынғанымен, оқушылар мұнда мемлекеттік тапсырыс арқылы тегін оқиды. Ата-аналардың қалауы бойынша бастауыш сыныптарда ақылы бөлімдер бар. Яғни балалар балабақшадағыдай кешке дейін мектепте бола алады. Ақылы оқитындарға тамақтану, қосымша үйірмелерге қатысу жағы қарастырылған.

Үйірмелер төрт бағыт бойынша жұмыс істейді. Мұнда оқушыларға ағылшын, түрік, француз, қытай, кәріс тілдерін үйренуге мүмкіндік бар. ІТ саласына қызығушылық танытқандарға қосымша сабақтар қарастырылған.

Қазіргі таңда мектепте 3647 оқушы қазақ және орыс тілдерінде білім алады. Биыл 22 бірінші сыныпқа 596 бала қабылданыпты.

Білім ордасының жұмысымен танысқан өңір басшысы мектептің құрылтайшысына алғысын білдіріп, мұғалімдер мен оқушыларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button