Ақтөбеде қой жүнін өңдеу мәселесі толық шешімін тапты

Ақтөбе қаласында мал жүнін өңдеуге қатысты жаңа жобаны жүзеге асыру қолға алынды. Экологиялық таза жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт салуға 4 млрд 321 млн теңге көлемінде инвестиция тартылып отыр. Зауыт шикізат ретінде қой жүнін пайдаланбақ.
Өткен жылы күзде жергілікті әкімдік «KazFeltec» ЖШС және италиялық «Cormatex» компаниясымен өзара келісімге қол қойған болатын. Сол келісімнің аясында бүгінде кәсіпорынның құрылысы жүргізіліп жатыр.
«KazFeltec» ЖШС-ның директоры Ерлан Жаңабергеновтің айтуынша, кәсіпорын алдағы жылдың жазында іске қосылмақ. Алайда кәсіпорын басшылығы құрылыс қашан бітеді екен деп қарап отырған жоқ, шикізат дайындай беру үшін жүн қабылдау пунктін ашып жатқанын айтады:
— Бұл, ең алдымен, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен жеке тұлғалардан жүн қабылдаудың нақты тетігін сынау және оны жолға қою үшін жасалып жатыр, — деген Ерлан Жаңабергенов бұл бағытта шаруалармен бірлесіп жұмыс жасауға дайын екендігін тілге тиек етті.
Бұл зауыт облыстағы ғана емес, өңірдегі бірегей кәсіпорын болмақ.
— Өкінішке қарай, бүгінге дейін біздің облыста ғана емес, көп өңірде қойдың жүні қажетті болмай қалды. Енді, міне, біздің кәсіпорын ашылған соң облыстағы шаруашылықтардан жүн қабылдайтын боламыз. Бұл мәселеге қатысты қазір бізге өзге өңірлерден де хабарласып жатқан шаруалар бар. Жалпы зауыт ашылса, шикізат өндіруде ешқандай мәселе болмайды, — дейді ол.
Шынында жүн өңдеу мәселесі тек облыста ғана емес, елімізде кешеуілдеп қалғаны рас. Былтыр қыркүйек айында зауыт салу жобасы талқыланған жиында облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңірде қой жүнін өңдейтін кәсіпорынның болмауына байланысты жыл сайын 3,5 мың тонна жүн сұранысқа ие болмай отырғанын айтқан-ды. Сондай-ақ облыс басшысы бүгінде облысымызда 1 миллион 400 мың бас қой тіркелгенін атап өткен. Енді, міне, бұл мәселе де шешімін тауып отыр. Одан бөлек биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында 500-ге жуық облыс тұрғыны несиеге қой алуға ниетті екенін жеткізді. Осылайша жыл соңына дейін облыста қой саны тағы 18 мыңға көбеймек.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратовтың айтуынша, кеңес заманында жұмыс жасаған «Жүнді бастапқы өндеу» зауыты (ПОШ) өз жұмысын тоқтатқан соң облыста жүнді өткізу күрделі мәселеге айналды.
— Облыс бойынша жыл сайын шамамен үш мың тонна қой жүні өндіріледі. Соңғы жылдары шаруалар өндірген жүндерін кездейсоқ сатып алушыларға өткізіп келді. Қазіргі уақытта ол сатып алушылар да өз жұмыстарын тоқтатып, шаруа қожалықтары жүнді өртеп немесе жерге көміп тастап, құтылып жүр. Жүнге сұраныстың азаюы жеңіл өнеркәсіп саласында жасанды жүннің (синтефон) кеңінен пайдаланылуы болып отыр деп ойлаймын. Алдағы уақытта облысымызда экологиялық таза жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт іске қосылса, бұл күрделі мәселенің оң шешімін табатындығына сенімім мол, — дейді П.Бимұратов.
Ерлан Жаңабергеновтің айтуынша, зауыт іске қосылса, жылына 2100 тонна дайын өнім шығаратын болады. Сондай-ақ кәсіпорын 40 адамды жұмыспен қамтиды.
— Кәсіпорында қайта өңдеу процесі екі кезеңнен тұрады. Оның біріншісі — жүнді жуу, кептіру және әртүрлі қоспалардан тазарту. Ал екіншісі — дайын өнімдерді аэродинамикалық жолмен өндіру. Бұл жұмыстардың барлығы италиялық технологиялардың арқасында жүзеге асады. Бұл технология, негізінен, жүнді ғана емес, сонымен қатар макулатураны, мысалы, зығыр сияқты өсімдік талшықтарын өңдеуге мүмкіндік береді, — дейді кәсіпорын басшысы.
Зауытқа барлық қажетті құрал-жабдықтар Италиядан жеткізіледі. Келісімге сәйкес құрал-жабдықтарды осы елдің мамандары жүргізіп, іске қосады. Бүгінде «Cormatex» компаниясы — тоқыма өнеркәсібінде машина жасаумен айналысатын көшбасшылардың бірі.
Облыста экологиялық таза жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт іске қосылса, қой жүні сұранысқа ие болары сөзсіз. Облыс әкімі айтқандай, аудандарда шикізат қабылдау пункттері ашылса, бұл жергілікті халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл шаруашылықтардың қосымша табыс табуына септігін тигізеді.
Д.ҚАЗИХАН.



