Жаңалықтар

Дайындық пысықталды

 Оқу-жаттығу

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті көп қабатты тұрғын үйлердегі өртті сөндіру тактикасын пысықтау мақсатында оқу-жаттығу өткізді.

Іс-шараның барысын көрген облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин өрт кезінде адамдарды құтқаруға арналған құралдардың барлық түрімен танысып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Төтенше жағдайлар туындаған кезде шұғыл іс-әрекеттеріміз, адамдардың өлімі мен жарақаттануының алдын алады. Осы мақсатта кең көлемде оқу-жаттығуымызды өткізіп жатырмыз, — дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев.

Жоспарға сәйкес Әбілқайыр хан даңғылындағы 16 қабатты тұрғын үй таңдалып алынып, тұрғындарға оқу-жаттығу өтетіні жайында алдын ала ескертілді.

16 қабатты тұрғын үй кешенінің 7-қабатындағы пәтерде үтікті қосып қалдыру салдарынан өрт шығып, жатын бөлмедегі заттар мен жиһаз жанады. Басқа бөлмелер де жалынға оранып, өрт пластик терезе арқылы жоғарғы қабаттарға тарайды.

Дабыл қағылған сәтте оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру бөлімі түтін баспайтын баспалдақ маршы, автосаты және алпинистік жабдық арқылы 18 адамды құтқарып, 40 адамды эвуакациялады.

Іс-шара барысында полиция департаментінің қызметкерлері қоршау қойып, өрт сөндіру техникасының кедергісіз өтуін қамтамасыз етті. Сонымен қатар психологтер жұмысы ұйымдастырылып, эвуакацияланған тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындармен де кездесіп,ақпараттық үнпарақтар таратып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Өрт сөндірушілердің жұмысын бақылаған зейнеткер Ақжеңіс Жаналина былай дейді:

— Мен осы үйдің тұрғынымын. Адам басынан түрлі оқыс оқиғалар өтетіні рас. Сондай кезде кейбіреу не істерін білмей абдырап қалып, қайғылы жағдайларға душар болып жатады. Өрт сөндірушілер тұрғындармен жиі кездесулер өткізіп тұрса, қауіп-қатердің алдын алуға болады.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button