Жаңалықтар

Сұйытылған газ неліктен тапшы?

Анық-қанық

Ақтөбеде сұйытылған газдың жетіспеушілігі байқалады. Кеше құзырлы орган өкілі осыған қатысты түсінік берді.

— Еліміздіңішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізудің 2023 жылғы 3 тоқсанға арналған жоспарына сәйкес, Энергетика министрлігі Ақтөбе облысына 33,228 тонна сұйытылған мұнай газын бөлді. Атап айтсам, шілде айында 10,219 тонна, тамызда 12,394 тонна, ал қыркүйекте 10,615 тонна бөлінді.

Полиция департаментінің деректері бойынша,бүгінгі таңда облыста газ жабдығымен жабдықталған 52 949 автокөлік тіркелген. Сондай-ақ Шекара қызметі департаментінің деректеріне сәйкес өңір аумағына кіретін автокөлік саны айына мемлекеттік нөмірімен — 4 520 және шетелдік нөмірмен — 9 369. Осыған байланысты Ақтөбе облысының ішкі нарығының қажеттілігін жабу үшін 16 мың тонна сұйытылған мұнай газы қажет.

Газ құю станцияларындағы кезектің пайда болуы бірнеше факторларға байланысты. Біріншіден, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы Жаңажол мұнай-газ кешенінің ГӨЗ-2-де жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сұйытылған мұнай газын теміржол көлігімен жөнелту биылғы тамызда 20 пайызға төмендеді.

Сонымен қатар «Қазақойл Ақтөбе» серіктестігінде компрессордың тоқтауына байланысты тамыз айында газ өндіру тәулігіне 84 тоннадан 64 тоннаға дейін төмендеді. Газ өндіретін 3 зауытта да жоспарлы жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Сондықтан осы қыркүйек айында сұйытылған газдың жеткізілуі бойынша үзілістер болуы мүмкін. Өз тарапымыздан Атырау мұнай өңдеу зауытынан қосымша газ бөлу туралы хаттарды жолдап жатырмыз, — деді облыстық энергетика және және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұртай Сертаев.

Ресми деректерге жүгінсек, облыс аумағында 7 газ станциясы (оның 4-і Ақтөбе қаласында және 3-і Мұғалжар ауданында), сондай-ақ 181 автогаз құю станциясы (оның 88-і Ақтөбе қаласында және 93-і аудандарда) жұмыс істейді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдесұйытылған мұнай газын өндіретін 3 зауыт бары айтылды. Олар: «СНПС Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы, «Қазақойл Ақтөбе» және «Gas Processing Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button