Агроөнеркәсіп кешенін дамыту — уақыт талабы

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған мәселелерді талқылау мақсатында жиын өткізді. Оған филиал қызметкерлері мен қаржыгерлер қатысты.
Жолдауда еліміздің қуатты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру үшін шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тарту туралы айтылды:
— Президент агроөнеркәсіп кешенін дамыту, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын кеңейтіп, алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу қажеттігін айтты. «Аграрлық несие корпорациясы» жастарды қолдау мақсатында наурыз айынан бері 2,5 пайызбен берілетін несиеге құжаттарды қабылдау бастағаны белгілі. Осы мақсатта мемлекеттік бюджеттен 935 миллион теңге бөлініп, 147 адамға жалпы құны 707 миллион теңге көлемінде шағын несие берілді. Шағын несие беру бағдарламасы 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Несие талаптарына сәйкес, өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген мерзімі 5 жылдан аспауға тиіс. Бағдарламаға жұмыс істеп жүрген жастар да қатыса алады. Несие 5 жылға беріледі. Несиелеу шарттарына сәйкес жылдық 2,5 пайызбен мал шаруашылығын дамыту үшін 7 жылға дейін, бизнестің басқа бағыттары үшін 5 жылға дейін жалпы көлемі 5 миллион теңгеден аспайтын несие алу мүмкіндігі бар, — дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе облысы филиалы несие бөлімінің басшысы Айнұр Медетова.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе облысы филиалының директоры Гүлжанат Ерғазинаның айтуынша, бұл жолғы Жолдаудың мәні ерекше.
— Президент халықтың көкейінде жүрген көптеген мәселелерді айтып, елдің көңілінен шығатын жоспарларды да ортаға салды. Жолдауда елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажеттігі айтылды. Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту мақсатында мемлекеттік бюджеттен 10 миллиард теңге қаражат бөлініп, 9,7 миллиард теңге игерілді. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін кеңейтуге бағытталған «Агробизнес» «Кең дала», «Шағын несие», «Іскер» бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр, — дейді филиал директоры.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



