Жаңалықтар

Сапалы білім беру — басты міндет

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің әкімшілік-басқару және профессорлық-оқытушылар құрамы ел Президентінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты кезекті Жолдауын тыңдап, онда айтылған міндеттер туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрамы Президент тапсырмасын орындау ортақ міндет, ал ондағы білім сапасын көтеру, кадрларды даярлау, білім алушыларға жағдай жасау, кадр тапшылығын жою, білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту, оқу орындарында интернет жылдамдығы мен білім берудің цифрлы ресурстарын тегін әрі қолжетімді ету, т.б. мәселелерді орындауда бірлесе жұмыс жасау маңызды екендігін тілге тиек етті.
Оқытушылардың айтуынша, оқу орнында Президент Жолдауын түсіндіру жұмыстары алда жалғасатын болады.
Жыл сайын Президентіміз өз Жолдауында білім саласындағы жаңашылдықтар туралы айтады. Мәселен, биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы еліміздегі оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге әріптестік орнатуы қажет екенін атап өтті. Президентіміздің бұл бастамасы көпшіліктің көңілінен шықты. Себебі қазір жас мамандарды еңбекпен қамту, оларға жағдай жасау өзекті мәселе болып отыр. Сондай-ақ соңғы кезде әр өңірде жасөспірімдерге жасалып жатқан зорлық-зомбылық деректерінің көбеюіне байланысты білім беру мекемелерінде психологиялық қолдау қызметін күшейтуді тапсырды. Зорлық-зомбылыққа, буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керектігі де айтылды. Кез келген оқу орны үшін балалардың, студенттердің қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керек. Сондықтан Жолдауда айтылған тапсырмалар дер кезінде орындалса, қазіргідей оқыс оқиғалар мен жағымсыз жағдайлардың саны азаяр деп ойлаймын. Ең бастысы, біз үшін жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беру маңызды, — дейді филология ғылымдарының кандидаты Нұрдәулет Алдашев.
Президент Жолдауын Ақтөбе политехникалық колледжінің ұжымы да ұйып тыңдап, өз пікірлерін ортаға салды.
Колледж оқытушылары Жолдауда айтылған жаңа міндеттерді қолдайтындарын жеткізді. Сондай-ақ алдағы уақытта Мемлекет басшысы көтерген өзекті мәселелерді жаңа оқу жылында оқушыларға жеткізетіндерін айтты.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button