Басты жаңалықтарӘлеумет

Біздің Конституциямыз — ұлттық мұрат, идеал

30 тамыз — Қазақстан Республикасы Конституциясы күні

Биыл Тәуелсіз Қазақстан Республикасының ең маңызды құжаты —  Конституциямыздың қабылданғанына 28 жыл толды. Отыз жылға жуық уақыт бойы еліміздің мемлекеттілігінің, Отанымыздың дамуының, Қазақ жеріндегі әрбір азаматтың алаңсыз өмір сүруінің кепілі болып келе жатқан Ата Заңның қабылданған күні — ұлт үшін қасиетті мереке!

Қазақстан Республикасының Конституциясы — тарихтың қатпарлы қойнауына сіңіп кеткен ұлы даланың алғашқы заңдарының, дәстүрлі жөн-жосығының, әдет ережелерінің бүгінгі логикалық жалғасы екендігі даусыз.

Осы мереке тұсында Қазақ халқының мемлекеттілігі тарихында билік ауысқан сайын өзгеріп, жетілдіріліп отырған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» сияқты тарихи құжаттардан тұратын дала заңдарын үнемі тілге тиек ететініміз рас. Себебі тәуелсіз Қазақ мемлекетінің дербес басты құжатының қабылдану тарихында ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы ұстанған қастерлі жолының жалғасы бар…

 Алғашқы заңдар

Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1926 жылы жазылыпты. Осы Конституцияға сәйкес Қазақстан РСФСР құрамындағы толық құқықты республика болып танылған. Одан кейін 1937 жылы, 1978 жылы Қазақ КСР Конституциялары тағы қабылданды.

1993 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы Ата Заңымыз қабылданды. Тұңғыш Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрды. Конституция Қазақстан мемлекеттік егемендігін алған сәттен бергі көптеген құқықтық нормаларды, соның ішінде халықтық егемендік, мемлекет тәуелсіздігі, билікті бөлісу принципі, қазақ тілін мемлекеттік деп тану, Президентті мемлекет басшысы деп тану, сот органдарын — Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар және басқаларды қамтыды. 1993 жылғы Конституция негізіне парламенттік республика моделі алынды.

1995 жылы қазіргі қолданыстағы екінші Конституция қабылданды. Жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданған Конституция 1995 жылдың 5 қыркүйегінде өз күшіне енді. Ол 9 тараудан, 98 баптан тұрды.

1995 жылы 22 мамырда ҚР Президентінің Жарлығымен құрылған ҚР Президенті жанындағы ҚР Конституциясы жобасы бойынша сарапшылық-конституциялық кеңестің ғылыми жетекшісі болған профессор Майдан Сүлейменов Ата Заң қабылданған кездерді былайша еске алады: «Кеңес құрамында үш мемлекеттік қызметкер болды. Олар — Н.Шайкенов, К.Колпаков, Б.Мұхамеджанов. Жарлыққа сәйкес аталған Сарапшылық-конституциялық Кеңес 10 маусымға дейін, бір айға жетпейтін уақыт ішінде Конституцияның дайын мәтінінің құқықтық сараптамасын жүргізуге тиіс болды. Бізді осы күнге дейін Конституцияның авторлары дейді, бірақ шын мәнінде оның негізгі авторы Нағашыбай Шайкенов болды, біз бар болғаны ол әзірлеген мәтінге толықтырулар мен өзгерістер ғана енгіздік.  Президент Н.Назарбаев Конституция мәтінінің жазылуына, талқылауына өзі  тікелей қатысты, жобаның әрбір жолын, әрбір бапты мұқият оқып, толықтырып, өзгерістер енгізіп отырды.

Сол кезде жасаған жұмысымызды сараптап қарасам, біз жақсы Конституция жасадық деп айта аламын. Біздің Ата Заңды дайындау барысында Францияның Конституциясы негізге алынды. Францияда президенттік биліктің ықпалы өте жоғары, бірақ онда демократия жоқ деп ешкім айта алмайды. Біз заңды әзірлеген кезде басқарудың парламенттік және президенттік формасына қатысты таңдау жасау керек болды, алайда тоқсаныншы жылдардағы тоқырау мен дағдарыстың кезінде басқарудың парламенттік формасын енгізу өте қауіпті еді, бізге өте күшті президенттік билік қажет болды. Посткеңестік елдердің көпшілігі басқарудың осы формасын таңдады», — деп жазады ол.

Ғалымдар Конституцияның ең үлкен жаңалығы ретінде мемлекеттің сипатына түбегейлі өзгерістер енгізілгендігін, парламенттік-президенттік басқару нысанынан президенттік басқару нысанына өткендігімізді айтады. «2-баптың 1-тармағында «Қазақстан Республикасы — президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» деп орнықтырылған. Сарапшылар кейін Қазақстанда «жұмсақ» революция, төңкеріс болды деп бағалаған.

Өтпелі кезеңде қабылданған мемлекеттің басты құжаты сол уақыттағы күрделі кезеңнің көптеген мәселелерін реттеуге мүмкіндік берді.  Конституцияда адам, оның құқы мен бостандығы басты құндылықтар болып мойындалды. Оның бірінші қабылданған Конституциядан айырмашылығы сол — жаңа Ата Заңға алғаш рет азаматтың құқығына ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енгізілгені. Құжаттың алғашқы бөлімнің бірінші бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», — деп жазылған.

Конституция мәтінінің негізгі авторы Нағашыбай Шайкенов 1995 жылы қабылданған Ата Заңның алғашқы құжаттан айтарлықтай айырмашылығы бар екенін айтады: «Жаңа Конституция алдыңғысынан саяси-экономикалық және құқықтық принциптеріне, мемлекеттің саяси-экономикалық құрылымы тұрғысынан, тіпті мәтін жағынан, яғни преамбуласы мен қорытынды ережелеріне дейін өзгеше жазылған. Конституция мәтінінде төрт ұғым маңызды болып саналады, олар — адам құқы, билік, демократия және сот әділдігі. Бұл Конституция тұңғыш рет халық атынан және мемлекет үшін жазылды. Керісінше емес», — дейді.

Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің одан әрі дамуына тың серпін берген құжатты қабылдау — елдің тағдырындағы тарихи маңызды қадам болғаны айқын.

«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз», —  деген сөйлеммен басталатын Ата Заңымыздың әр сөзінің, әр сөйлемінің талай талқылаудан, сараптамадан өткені айқын.  Заңды қабылдау алдында халықтың ұсыныс-пікірі тыңдалды, жалпы алғанда жоба 33 мыңға жуық ұжымдық талқылаудан өтіп, оған 3 миллионнан астам азамат қатысқан. Талқылау барысында 30 мыңға жуық ұсыныс пен ескерту, 55 бапқа 1100-ден астам түзету мен толықтыру енгізілген. Осылайша мемлекеттік құрылым сенімді саяси-құқықтық негізге ие болды.

Ол кездерде — кеңес одағынан бөлінгенімен, кеңестік сана-сезімнен толық ажырай қоймаған, елдегі этнодемографиялық жағдай әлі де күрделі болғанын мәтінді құрастырушылар жақсы білді. Осы ретте тағы да ғалымдардың пікіріне жүгінейік: «Алғашқы Конституциядағы ҚР қазақ ұлтының мемлекеттік құрылымы деген тұжырымды өзге ұлттар қабылдай бермеді, себебі мемлекетті құраушы басқа этностар «біз де осы мемлкеттік құраушылармыз» деген уәж айтты, кейбіреулері Қазақстан Республикасын менсінбеді, тарихи отандарына көше бастады, аймақтарда сепаратистік топтар бас көтерді. Сондықтан екінші Конституция елдің этнодемографиялық құрылымын есептей келе, Қазақстан Республикасы тек қазақтардың емес, алғашқы конституцияда жазылғандай, барлық қазақстандықтардың мемлекеті деген жаңа концепцияға негізделді. Кеңес Одағында еліміз Қазақ Республикасы болса, Тәуелсіз еліміз Қазақстан Республикасы болып аталды. Бұл жеңіліс емес, Тәуелсіздікті сақтау үшін уақытша шегініс еді, енді бүгін ол мәселелерге қайта оралуға да болады.

Сонымен, «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып» деген сөздерден басталатын Конституцияның преамбуласы өмірге келді. «Байырғы қазақ жерінде» деген идеямен ешкім таласпады, бірақ сыртта да, өз ішімізде де әртүрлі ойлар әлі де айтылып қалады», — деп жазады профессор Амангелді Айталы.

Өзгерістер мен толықтырулар

Уақыт бір орында тұрмайды. Уақыттың озуымен ұрпақ алмасады, жаңа толқын келеді, қоғам өзгереді. Кешегі қағидалар бүгін ескіріп, жаңа мұраттар, мақсаттар пайда болады.

1998 жылғы  ел Конституциясының 9 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтсақ, президенттікке үміткер адамның жас шегі 40-қа дейін көтерілді, ал 65 жасқа дейінгі шектеуді алып тастады. Бұдан бөлек мемлекеттік қызметшілер үшін де жас шегі жойылды. Ал Президент қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаса не кетірілсе, оның өкiлеттiгi көшетін лауазымды тұлғалардың қатарына мәжiлiс төрағасы да қосылды.

Сонымен бірге Президентті бес жылға емес, жеті жылға сайлау, Мәжілістің кезектен тыс Президент сайлауын белгілеу өкілеттігін жою, Парламент депутаттарын партиялық тізіммен сайлау, депутаттардың санын 77-ге дейін жеткізу, Парламентке Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге өкілеттік беру, Сенат депутаттарының өкілеттігі — 6 жыл, ал Мәжілістегі өкілеттілікті – 5 жыл қылу сынды өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сонымен бірге сайлауға қатысты баптар өзгертілді, нақтырақ айтсақ, саяси науқанға сайлаушылардың елу пайызы қатысуы керек деген талап алынып тасталды.

Одан кейін Конституцияға 2007 жылы тағы да өзгерістер енгізілді. Бұл жолы 30 түзету жасалды. Оның ішінде пропорционалды сайлау жүйесіне көшу, Премьер-Министрді парламенттік көпшілік дауыспен бекіту туралы норманы енгізу және Үкімет басшысын тағайындау кезінде Президенттің партиялық фракциялармен консультациялар рәсімі есебінен Парламент мәртебесін нығайту, Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе беру және белгіленген квотаға сәйкес өз өкілдерін Парламент Мәжілісі мен Сенатына жіберу құқығына ие болу сынды өзгерістер енгізілді. Сонымен бірге ел Президенті өкілеттігіне қатысты бірқатар өзгерістер мен түзетулер енгізілді: Президент өкілеттігі қайтадан 5 жылға қысқартылды (бұрын 7 жыл болатын). Сонымен бірге «Бір адам қатарынан екі мерзімнен артық Президент лауазымын атқара алмайды» деген ереже енгізілді және бұл тармаққа «Бұл шектеу Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентіне қолданылмайды» деген сөйлем қосылды. Сондай-ақ егер бұрынғы бас құжатта ҚР Президентінің ел аумағында тұру уақыты анықталмай, тек мерзімі белгілі болған болса, жаңа өзгерістерге сай Президент Қазақстанда соңғы 15 жылда тұрақты тұруға тиіс деген өзгеріс енгізілді. Тұңғыш Президентке айрықша артықшылықтар берілді: оның лауазымда болу мерзімі бойынша шектеу қойылмайтыны, тұңғыш Президенттің мәртебесі жеке Конституциялық заңмен айқындалатыны көрсетілді. Сонымен бірге Мемлекет басшысына қосымша өкілеттіктер беріліп, өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезеңiнде саяси партиядағы қызметiн тоқтата тұруына қатысты тармақ алынып тасталды. Бұл жолғы өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі шын мәніндегі конституциялық реформа болды.

Бұдан кейін Конституцияға 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 2011 жылы бас құжаттағы Президент сайлауына қатысты 41-бапқа жаңа тармақ қосылды. Бұл тармақта «Президенттің кезектен тыс сайлауы Президент шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі» деп айтылған. Сонымен бірге Заңға  «Елбасы» деген мәртебе енгізілді.

2017 жылы елімізде билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу,  Парламентті күшейту мәселесі қаралып, Үкімет Президентпен қатар, парламентке де есеп беруге міндеттелді. Осы ретте Ата Заңның 91-бабына «… тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті — Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті — Елбасының мәртебесі өзгермейді» деген сөйлем қосылды.

2019 жылы Н.Назарбаев президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеп, оның орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың атын өзгертіп, оған Н.Назарбаевтың есімін беруді ұсынды. Осылайша Конституцияның 2-бабы, 3-тармағы «Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы, оның астанасының мәртебесі заңмен белгіленеді. Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласы болып табылады» деп өзгертілді.

Соңғы реформа: Жаңа Қазақстанды құруға тарихи бетбұрыс

Өткен жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев республикалық референдум өтетінін жариялап, Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды халық талқысына шығарды.  Бұл Қазақстанның саяси өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі болды. Бұған дейін елімізде референдум соңғы рет 1995 жылы өтіп, сол кезде қолданыстағы Конституция бекітілген еді.

«27 жыл бұрын өткізілген референдумда қазіргі Ата Заң қабылданды. Одан кейінгі барлық конституциялық реформа Парламентте мақұлданды. Негізінде, бұл — заңды қалыптасқан тәжірибе. Бірақ дамудың жаңа кезеңінде, жаңа Қазақстанды құру жолында еліміз үшін осындай аса маңызды шешімдерді бүкіл халық болып қабылдауымыз керек. Бұған кәміл сенемін. Сондықтан бүгін мен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойдым», — деді Қ.Тоқаев.

Ел Президенті былтырғы халыққа Жолдауында халыққа саяси жаңғыру туралы ауқымды бағдарламасын ұсынған болатын. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда осы бағдарлама айтылған мәселелер де қамтылды.

— Жолдауда айтылған бастамалардың негізгі мақсаты — саяси жүйемізді түбірімен өзгерту. Бұл халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындап отыр. Азаматтарымыз мемлекетті басқару ісіне қатысуға кең мүмкіндік берілгенін қалайды. Сондай-ақ саяси үдерісті түбегейлі демократияландыру қажет деп санайды. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін Ата Заңымызға өзгерістер енгізу қажет. Бір сөзбен айтқанда, конституциялық реформа жасау керек. Осыған орай менің тапсырмаммен арнаулы жұмыс тобы құрылды.

Біз конституциялық реформаның шешуші кезеңіне қадам бастық. Енді Негізгі заңды өзгертуіміз керек. Шын мәнінде, мұның ел тағдыры үшін айрықша мәні бар. Ата Заң баптарының үштен бірі өзгереді. Ашығын айтсақ, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады. Сол себепті мен республикалық референдум өткізу туралы бастама көтердім. Өйткені мұндай ауқымды өзгеріс бүкіл халықтың шешімімен жүзеге асырылуға тиіс. Алдағы референдум Қазақстанның болашағын айқындайды. Әрбір азаматымыз дауыс беріп, осы тарихи бетбұрысты жасауға өз үлесін қоса алады, — деді Президент халыққа Үндеуінде.

Конституцияның былтырғы жаңаруы шын мәнінде еліміздің демократиялық бағытта дамудың жаңа жолына түскендігін көрсетеді. Халық осы өзгерістерден көп үміт күтті, қоғамдағы кейбір қордаланған мәселелердің тап осы өзгерістерден кейін шешімі табылатынына сеніммен қарады.

Былтыр 5 маусымда өткен республикалық референдум нәтижесінде Ата Заңға негізінен мынадай өзгерістер енгізілді: Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар президенттік формаға көшеді; Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі; Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ; Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады;

Өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ; Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады; Сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады; Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді; Тұңғыш Президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталады.

Бұл жолы Ата Заңның 98 бабының 33-іне, яғни үштен біріне өзгерістер енгізілді. Құжат тек сан жағынан ғана емес, мазмұн жағынан айтарлықтай өзгерді.

Сарапшылардың айтуынша, бұл реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Президенттің өзі «әрбір азаматтың құқықы қорғалатын, бәріне бірдей мүмкіндік берілетін, халықтың ой-санасын жаңғыртып, өмір салтын өзгертетін,  мемлекеттік жүйені жетілдіріп, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнататын» Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан құратынымызды айтты.

P.S. ҚР Конституциясына әр жылдары енгізілген өзгерістер мен толықтырулар — дәл сол кезеңнің сұраныстарына жауап беретін, дәл сол уақыттағы іске асырылуға тиіс болған өзгерістер болар. Оны уақыт өзі саралайды.  

«Біздің Конституциямыз — ұлттық мұрат, идеал. Ал мұрат ол біздің ертеңіміз. Конституцияның берері көп, ол сарқылады деу қате, ұшқарақ пікір. Екіншіден, Конституцияны кінәлау, айып тағуға тырысу ғылыми тұрғыдан орынсыз. Конституция біздің демократиялық дамуымыздың басты бағыт-бағдары болып қала береді, оны жүзеге асыру ұдайы жалғаса береді, соңғы нүкте еш уақытта қойылмайды», — деп жазады профессор Амангелді Айталы.

Отанымыздың Конституциясы — Тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттілігінің, яғни Тәуелсіздігінің, дербестігі мен егемендігінің кепілі.

Ұлттық һәм мемлекеттік қастерлі мереке құтты болсын!

 Әзірлеген Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.                                                                                                                                                                                 

Басқа жаңалықтар

Back to top button