Мәселе

Кәріз жүйелері жаңартылады

Облыстағы кәріздік тазарту қондырғысының құрылыстарын салу және жаңғырту мәселелері қаралып жатыр. Бұл туралы «Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің қызметі» тақырыбында өткен брифингте айтылды.

Бүгінгі таңда кәріздік тазарту қондырғыларының нашарлауы Елек өзенінің ластануына әкеп соғуда. Сондай-ақ Ақтөбеден жағымсыз иістің шығуының бірден-бір себебі де осы — ескі тазарту қондырғылары.

Биыл 10-нан астам кәріз жүйесі жаңартылып, катализаторлар орнатылып жатыр. Бұл қондырғы күкірсутек концентрациясының 1238-ден 1095-ке дейін азайтуға мүмкіндік береді. Ақтөбеде кәріздік тазарту қондырғысы құрылысының ең ірі жобасы Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаржыландырылуымен жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме жасалуда. Сонымен қатар облыс әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылып, жобаны жүзеге асырудың жол картасы әзірленіп, бекітілді, — дейді Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Талап Ұснадин.

Оның айтуынша, биыл  балқыту цехтарында 67 аспирациялық қондырғы ауыстырылды. Жаңа кәріздік тазарту қондырғысын салу қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға да оң әсерін тигізеді.

Бүгінде облыста 11 полигон бар, оның 5-еуі коммуналдық полигон қатарына жатады. Сондай-ақ соңғы тексеріске сәйкес 23 жер учаскесінің иелеріне ауаны зиянды қалдықтармен ластағаны үшін айыппұл салынды. Биыл тұрмыстық қалдықтардың өртенуі бойынша 14 дерек тіркеліп, көмірсутек оксидінің 1,5 пайызға артқаны анықталды.  Кәсіпорындарға экологиялық заңнаманың талаптарын сақтау туралы нұсқама беріліп, Көкжиде құм объектісінде орналасқан 38 ұңғымаға мемлекеттік экологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Елек өзенін хром мен бордан тазарту бойынша  «Геотерм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұңғымалар мен жерүсті су көздерінен сынама алып жатыр, — дейді ол.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button