Жаңалықтар

Бұл – тиімді шешім табу жолы

5 тамыз — Медиация күні

«ҚР Медиация туралы» Заңы 2011 жылы қабылданды. Медиация — жанжалды жағдайды үшінші бейтарап тарап өкілдері-медиаторлардың көмегімен сотқа дейінгі шешудің бір тиімді тәсілі. Бұл ретте дауға түсушілер өзара қолайлы шешімге келеді. Мұндағы басты қағидаттар: еріктілік, екі тараптың теңдігі, құпиялылық.

Ортақ мәмілеге келу — екі жаққа да оңтайлы

Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы медиация кеңесі бүгінде кең көлемді қызмет атқаруда. Қоғамдық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынастың тұрақты  қалыптасуына, адами қасиеттердің сақталуына оның үлкен ықпалы бар екенін ерекше атап өткен жөн.

Біздегі медиаторлардың басты ерекшелігі — олар облыстың барлық ауданында болып, жұртшылықпен кездесулер өткізді. Бітімгерлікпен айналысып жүрген кәсіби және қоғамдық медиаторлар халық арасында Ашық есік күндерін, кездесулер, дөңгелек үстел отырыстарын ұйымдасатырып, жеке адамдарға медиативтік кеңес беріп, көптеген түйткілді мәселелерді шешуге өзіндік үлесін қосып келеді.

Облыстық медиация кеңесі әртүрлі қауіп-қауіптерлердің алдын алу бойынша тұрақты түрде ақпараттық-кеңестік жұмыстарды жүргізіп, этносаралық татулықтың маңызын түсіндіруде. Сондықтан да бүгінде медиацияның рөлі айрықша екенін халық түсініп, оның жеке адам үшін маңыздылығын ескеріп, әртүрлі мәселелерді шешу алаңына айналғанын білді.

Біздің кәсіби медиаторлар медиацияны пайдаланудың техникасы мен тетіктерін жан-жақты меңгерген өз ісінің шеберлері десек, артық айтқандық емес. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласы бойынша сотқа дейін, сот барысында, соттан кейінгі отбасылық мәселелер, еңбек және жер дауы, мұрагерлік пен мүлік бөлісу, қарыз ақша мен кәсіпкерлік келісімшарттарды медиативтік келісіммен жасау сияқты 1000-нан астам дау кәсіби медиаторлардың араласуымен келісімге келді.

Сонымен қатар этномедиацияға да ерекше көңіл бөлініп жатыр. Биылдың өзінде этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен әртүрлі іс-шаралар жүргізіліп, әртүрлі кездесулер, оқыту семинарлары,  медиативтік ақапараттандыру жұмыстары жүзеге асты. Этномедиацияның одан әрі дамуы көзделуде. Осы жұмыстың барлығы да халық игілігі үшін жүзеге асырылып жатыр. Біздің басты мақсатымыз — тараптарға  ортақ мәміле тауып беру,  ортақ шешімге келтіріп, татуластыру.

 Нелли ҚАЙЫРОВА,
бапкер-медиатор, заң ғылымдарының кандидаты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button