ЖаңалықтарМәдениет

«Мәдени мекемелер креативті индустрияны дамыту жолында жұмыс жасауға тиіс»

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов мәдениет қызметкерлерімен кездесіп, креативті индустрияны аудандарда дамыту мәселелерін талқылады.  

Бүгінде креативті индустрия жаңа технологиялардың негізгі көзі және экономикалық өсудің драйвері ретінде әрекет ететінін айтқан облыс әкімі:

— Мемлекет басшысы Үкіметке экономиканың креативті секторын дамыту бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырған болатын. Нәтижесінде креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Тұжырымдамасы бекітілді. Кей елдерде креативті индустрия экономиканың негізгі секторларына айналып жатыр. Мысалы, Оңтүстік Кореяда экономика өсімінің 30 пайызы сол салаға тиесілі. Біздің бұл бағытта даму әлеуетіміз бар, дегенмен жұмысқа деген көзқарасымызды өзгерту қажет. Әсіресе мәдениет саласындағы мекемелердің жұмысын өзгеше форматта ұйымдастыру керек.  Цифрландыру дәуірінде бізге кез келген аудитория үшін ашық, жаңа технологияларды еркін пайдалана алатын жаңа форматтағы мәдени мекемелер қажет, — деді.

Кездесу Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының базасында өтті. Бұл кітапхана жақында креативті орталыққа айналған еді. Мұнда контент жасау, фото және бейнетүсірілім жүргізу, коворкинг, коммунити-спейс, тақырыптық кітап залдары, шеберханалар мен студиялар жұмыс істейді. Алдағы уақытта өңірдің барлық мәдени мекемелері осы қағида бойынша жұмыс жасауға тиіс.

Өңірде жаңа идеяларды қалыптастыратын креативті және талантты жастар көп, бірақ оларды жүзеге асыру үшін қаражат пен технология қажет. Бұл орталық сондай қыз-жігіттер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Мұнда олар ойлаған жобаларын жүзеге асыра алады. Ең бастысы, бәрі тегін. Ауылда да дарынды, талантты жастар көп. Олар идеяларын сол өздері тұрып жатқан жерде жүзеге асыра алуы керек. Біз оларға бұл тұрғыда қолдау көрсетіп, мүмкіндік тудыруымыз қажет. Мәдениет мекемелері үшін сатып алынған жабдықтар мен техникаларды осы мақсатта да қолдануға болады, — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Облыстық жасөспірімдер кітапханасы базасындағы креативті орталық қысқа мерзім ішінде кеңінен танылып, жастар арасында ерекше қызығушылық тудырып үлгерді. Бір айдың ішінде келушілер саны 15 мыңнан асқан нысанның танымалдығы күннен-күнге артып келеді.

Облыс әкімі мұндай орталықтардың ашылуы облысымыздың, жалпы еліміздің дамуына елеулі үлес қосатын жастардың болашағына салынған инвестиция екендігіне сенім білдіріп, шығармашылық орталықтар халқымыздың рухани құндылықтарымен үйлесім тауып тұруы керектігін айтты.

Кездесу соңында креативті индустрияны дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу мақсатында жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button