Профессор Бауыржан ЖҮНІСОВ: «Экономика факультеті — менің өмірім»

Экономика және құқықтану саласында жоғары білікті мамандарды даярлау деңгейін арттыру, жоғары кәсіби білім беруді дамыту мақсатында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде 1992 жылы Экономика факультеті құрылды. 2014 жылдан экономика және құқық факультеттерінің біріктірілуі нәтижесінде «Экономика және құқық» институты ашылды. 2017 жылдың мамыр айынан бастап бұл құрылым «Экономика және құқық» факультеті атанды.
Профессор Бауыржан Жүнісов — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің экономика және құқық факультетінің негізін қалаушылардың бірі.
Еліміз үшін білікті мамандар даярлап келе жатқан факультеттің отыз жылдық белесі артта қалды. Осы жылдар ішінде не атқарылды, қандай межелер игерілді, бүгінгі ахуал қандай деген сауал төңірегінде біз Бауыржан Арыстанұлын ортақ әңгімеге шақырған едік…
— Әңгімені алғашқы қадамнан бастасақ.
— Экономика факультетін құру идеясын 1992 жылы сол кездегі педагогикалық институттың ректоры Мұхтар Арын ұсынған болатын. «Саяси экономия» кафедрасының ашық отырысын өзі өткізіп, Оқу министрлігі ұсынған «Нарық теориясы» және «Экономика және менеджмент» мамандықтарының біреуін таңдап, нарықтық экономикаға кадр даярлау мәселесін алға қойды. Сонымен, «Экономика және менеджмент» мамандығын ашуға тоқтадық.
Экономика факультеті 1992 жылдың 1 қыркүйегінде табалдырығын аттаған алғашқы 43 талапкерден бастау алып, «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша дайындық жүргізілді. Арада жылдар өтіп, факультет Батыс Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ішінде жетекші орынды иеленді.
Экономика факультетін құру бастамасында Ү.Байжомартов, Ү.Мәмбетов, Н.Ювица тұрды. Осы топтың құрамында өзім де болғанымды қазір қанағат сезімімен еске аламын. Ол кезде ұжым алдында жоғары білікті профессорлық-оқытушылар құрамын құру, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру және оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етуге байланысты өте күрделі міндеттер тұрды.
Экономика факультеті үшін профессорлық-оқытушылық кадрларды даярлау, ең алдымен, аспирантура арқылы жүзеге асырылды. Бірінші жылдан бастап-ақ бізден әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аспирантурасына екі оқытушы жіберілді. Озық тәжірибені зерттеу, экономикалық кадрларды даярлау мақсатында Ү.Байжомартов — Мәскеуде, Н.В.Ювица — Челябинскіде, мен Алматыда болып, тәжірибелі экономист-ғалымдардың нарықтық экономикаға көшу жағдайындағы экономикалық пәндерді оқыту әдіснамасын зерттедік, өзіміздің экономика факультетіне оқу-процесін жетілдіруге байланысты пайдалы ақпараттар жинадық.
— Нарықтық экономика біздің өмірімізге тың тыныс алып келді, бір жағы жұмбағы да мол еді. Сол уақытта студенттер үшін қазақша оқулықтардың жетіспеушілігі байқалды. Бұл тұйықтан қалай шықтыңыздар?
— Экономика факультетінің профессорлық-оқытушылық құрамының жасақталуы білім алушылардың көбеюіне және жаңа мамандықтардың ашылуына байланысты жүргізіліп отырды. Сол кездегі факультет деканы Үкітай Байжомартов Үбайдолла Мәмбетов пен мені әдейі Алматыға жібереді. Жоғары оқу орны қазынасынан бөлінген бір жарым миллион ақшаға шетелдік ғалым-экономистерінің 100-ге жуық оқулықтарын «Экономикс» баспасынан сатып алдық. Сөйтіп, институт кітапханасы нарықтық экономика саласындағы оқулықтармен, оқу құралдарымен толықтырылады. Бірақ бұл кітаптардың Қазақстан экономикасының ерекшеліктерін ескермейтіні сезілді. Оның үстіне бізде қазақ топтарының ашылуына байланысты Үкітай Байжомартовтың бастауымен авторлық ұжым болып мемлекеттік тілде оқулықтар жазуға кірістік.
1994 жылы Ү.Байжомартов, Ү.Мәмбетов және менің авторлығыммен «Нарықтық экономика негіздері» атты оқу құралы «Республикалық баспа кабинеті» арқылы қазақ тілінде жарыққа шықты. Бұл басылым мен директор болып жүрген «Ноу-хау» ғылыми фирмасының қаржыландыруымен Қазақстанның барлық оқу орындарына таратылды.
Жаңа экономикалық мамандықтар ашуда және кадрларды даярлауда экс-ректорлар Мұхтар Арын, Кенжеғали Кенжебаев, профессорлар Үкітай Байжомартов, Жақсылық Тасмәмбетов, Халел Құсайынов, доценттер Үбайдолла Мәмбетов, Раушан Түсіпбекова, аға оқытушы Күлпаш Дүйсенбаева және т.б. ғалымдардың қосқан үлестері зор. Жыл өткен сайын экономика факультетінің әлеуеті артып, қазіргі уақытта жоғары білікті мамандарды дайындайтын оқу ордасына айналды.
Экономика мамандықтары бойынша бес мыңнан астам жоғары білікті мамандар даярланды. Көптеген түлектер ғылыми-педагогикалық қызметте өз орындарын тауып, белгілі нәтижелерге жетті. Біздің түлектеріміз Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері атанды және магистратура мен докторантураның толық курстарын Ресей, Қытай және Еуропаның ең жақсы жоғары оқу орындарында өтті.
КЕЙІПКЕР КЕЛБЕТІ
Бауыржан Арыстанұлы 1958 жылы 5 тамызда Қобда ауданында дүниеге келген. Ауылдағы Қаратал сегіз жылдық мектебін бітірген соң оқуын Алматы қаласындағы №12 орта мектепте жалғастырады.
Ол — отбасында он баланың ортаншысы. Он бір жасар Бауыржанның өлеңдері республикалық «Қазақстан пионерлері» газетінде жарияланып тұрады. Алматыда «Арман» кинотеатрына қойылған сурет көрмесін тамашалаған соң соның әсерімен келесі күні натюрморт суретін салып, сол көрмеге алып барады, оған белгілі қылқалам мамандары ұсыныс беріп, бейнелеу өнері студиясына түседі.
Алматы халық шаруашылығы институтында студент кезінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.
Алматы халық шаруашылығы институтының кафедра меңгерушісі, профессор Тарбай Шәукенбаев шәкіртін өзінің қарамағына стажер-зерттеуші ретінде алып қалады. Ол жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары және аспиранттар кәсіподақ бюросының мүшесі болып, «Білім» қоғамының белсенді мүшесі ретінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.
1981 жылы әскер қатарына шақырылып, бір жарым жыл Мәскеу қаласында азаматтық борышын өтейді. Әскери штабта офицерлер мен солдаттарға айлық есептеу, сарбаздарды азық-түлікпен қамтамасыз етумен мәселесімен де айналысады. Рота комсомол ұйымын басқарады. Кіші сержант шенімен бөлім командирі болады.
Студент кезінде достарымен демалыс күндері қосымша табыс табу мақсатында жұмыс істеп, вагон түсіргені үшін 10 рубльден табыс тауып отырады. Жазғы каникулда студенттік құрылыс жасағы құрамында екі ай еңбек етіп, 1000 рубль алады. Сол кездегі орташа айлық — 120-140 рубль.
Бауыржан Арыстанұлы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, аспирант достарын «Алматы» қонақжайында орналасқан «Есік» мейрамханасына шақырады. Болашақ жарын осындағы отырыста жолықтырады.
Ол — белсенді азаматтық ұстанымымен ерекшеленеді, университет, қала және облыс көлемінде қоғамдық шараларға белсене атсалысады. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасының қатысушысы.
— Сізді әріптестеріңіз, жалпы ғылыми орта белгілі ғалым, тәжірибелі педагог, танымал оқу үрдісін ұйымдастырушы деп біледі. Өзіңіздің еңбек жолыңыз туралы айтып өтсеңіз.
— 1988 жылы «Қазақстандағы шағын және орта қалалардың дамуын жоспарлауды жетілдіру» (Ақтөбе қаласы бойынша) тақырыбында кандидаттық диссертациямды қорғадым. Сол жылы қыркүйек айынан Қазақ КСР Жоғары және орта арнайы білім беру министрлігінің жолдамасымен Ақтөбе педагогикалық институтының «КОКП тарихы және саяси экономия» кафедрасына аға оқытушысы ретінде жіберді.
1994 жылдың қыркүйегі мен 1996 жылдың қаңтар айы аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің физика-математика факультеті деканының орынбасары қызметін атқардым. 1996 жылдың ақпан айынан кафедраны қайта ұйымдастыруға байланысты «Экономика және менеджмент» кафедрасының доценті қызметіне ауыстым. 1997-1999 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің экономика факультетінің деканы қызметін атқардым. 1999 жылдың қыркүйек айында «Менеджмент» кафедрасының қалыптасуына байланысты аталмыш кафедраның меңгерушісі болып тағайындалдым.
2000 жылы оқу үдерісінде ғылыми-әдістемелік және ұйымдастырушылық көмек көрсету мақсатында Батыс Қазақстан экономика және қаржы институтында жаңадан құрылған «Халықаралық экономика» кафедрасын басқаруға шақырды. 2000-2001 жылдары С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің «Халықаралық экономика және ақпараттық жүйелер» факультетінің деканы қызметін атқардым. 2001 жылдың қыркүйек айынан Қ.Жұбанов атындағы университеттің «Басқару және кәсіпкерлік» кафедрасына доцент ретінде қайтадан шақырылып, 2004 жылдың қыркүйегінен кафедраның профессоры болып жұмыс істедім. 2005 жылдан «Экономикалық теория» кафедрасының меңгерушісі, ал 2008-2014 жылдар аралығында экономика факультетінің деканы қызметін атқардым.
Одан кейін университеттің экономика және құқық институты директорының ғылыми жұмыстар және халықаралық қатынастар жөніндегі орынбасары қызметінде болдым. Қазір Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мемлекеттік басқару, қаржы және маркетинг» кафедрасының профессоры болып қызмет етемін.
Осы жылдар ауқымында отыздан астам оқулықтар мен оқу құралдарының авторы атандым. Бірінші оқу құралым 1991 жылы нарықтық экономикаға арналды. Оған жалғасып «Нарықтық экономика негіздері», «Основы экономической теории», «Государственное регулирование региональной экономики», «Теоретическая экономика», «Жалпы экономикалық теория», «Основы менеджмента», «Менеджмент негіздері», «Экономикалық ілімдер тарихы», «Макроэкономика», «Экономиканы мемлекеттік реттеу», «Аймақтық экономика және басқару», тағы басқа еңбектерім жарық көрді.
2002 жылы Халықаралық Ақпараттандыру академиясының корреспонденті, ал 2015 жылдан толыққанды мүшесі (академик) болып қабылдандым.
— Заман ағымына сай экономика және құқық факультетінің ілгері дамуын қалай бағамдар едіңіз?
— Экономика және құқық факультеті тұрақты және теңгерімді өсіп келе жатқан ғылыми білім беру құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Бұл факультетті мен алдағы онжылдықта түлектерге арналған кәсіпкерлік, сондай-ақ аймақтағы бизнесті басқару және көшбасшылық саласындағы жетекші оқу орны ретінде көремін. Ол болашақ іскер және білікті мамандар даярлауда бірегей инновациялық білім беру мүмкіндіктерін ұсына отырып, бизнес-білім беру саласында халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алады деп үміттенемін.
Біз көптеген шетелдік жоғары оқу орындарының, соның ішінде Алматыдағы халық шаруашылығы университетінің майнинг бағдарламасының тәжірибесін енгізуіміз керек деп ойлаймын. Оның мәні мынада: экономика және құқық факультетінің студенттері экономикалық пәндерді оқып қана қоймай, экономикаға қатысы жоқ әртүрлі курстарды таңдай алады. Мысалы: Big Data — үлкен деректерді талдау, кәсіпкерлік негіздері. Екіншіден, экономика және құқық факультеті жаңа мамандықтарды ашуы керек, мысалы: «Мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі», «Әлеуметтік жұмыс» және т. б.
Тағы бір маңызды мәселе — цифрлық технологияларға назар аудару жайы, бұл бүгінде кез келген процестің маңызды бөлігі болып табылады.
Сөз түйінінде экономика және құқық факультетінің болашағы зор екенін және бір атап өткім келеді.
Сұхбаттасқан: Нұрмұханбет ДИЯРОВ.



