Жаңалықтар

Қауіпсіз саяхат

Көптен күткен уақыт — бұл жазғы демалыс. Барлығымыз ұшақтың жайлы креслосына отырып, жаңа әсер алу үшін жылы елдерге баруды асыға күтеміз. Бірақ қарбалас пен эмоциялардың көптігіне байланысты қаржылық алаяқтықтың құрбаны болмау үшін сақтық шараларын ұмытпаған жөн.

Қаржылық алаяқтардың шабуылдары шетелде демалуды жоспарлағандардың демалысын бұзбас үшін Fingramota.kz оларға арнап жадынама жасады.
Демалысты жоспарлау кезінде біз ресми туристік агенттіктен барлық шығындар кіретін ыңғайлы турды таңдай аламыз: ұшу, тұру, сақтандыру, гид немесе сапарды интернет арқылы өзіміз ұйымдастырамыз. Алайда туристік елдерде шетелдіктер көбіне алаяқтардың құрбаны болатынын есте ұстаған жөн. Өздігінен саяхаттайтын туристер тап болуы мүмкін алаяқтықтың негізгі түрлерін қарастырайық.

Авиабилеттерді сатып алу кезіндегі алаяқтық

Алаяқтар фишингтік сайтты жасайды, яғни кез келген танымал веб-ресурсты толығымен қайталайтын сайт және үлкен жеңілдікпен брондау туралы хабарландыру орналастырады. Сенімдірек болу үшін бағыттың түбіртегі поштаңызға да келуі мүмкін. Тиімді ұсыныстарға ұмтылу кезінде азаматтар қырағылығын жоғалтады және осындай сайтқа өз деректерін әсіресе карта деректемелерін енгізеді, оларды кибершабуылдарға береді, содан кейін бірнеше минут ішінде олардың банктік шотын нөлге айналдырады.
Аса әккі алаяқтар нағыз билеттің өзін сатады және оны сіз тексергеннен кейін бірден жояды, себебі билеттің түпнұсқалығына екі рет көз жеткізу ешкімнің ойына келмейді ғой. Билеттің жарамды екеніне көз жеткізу үшін авиакомпанияға қоңырау шалу қажет.

Қонақүйді брондау кезіндегі алаяқтық

Жиі жағдайда алаяқтар өздерінің сату арналарының бар екені туралы жалған ақпарат таратып, турлар сатып алу, төмен бағада жалдау туралы ұсыныстар жасай отырып, әлеуетті сатып алушыларды әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттар арқылы тартады. Бір қарағанда барлығы шынайы сияқты көрінеді және күдік тудырмайды. Төлем жасауға арналған сілтемелер танымал туристік агенттіктердің атынан келеді, алайда төлем жасағаннан кейін картадан ақша есептен шығарылып, ал жауап ретінде техникалық ақау туралы хабарлама келеді.
Сондай-ақ көбіне саяхатшылар қонақүйлерді Airbnb немесе Booking.com жалдамалы баспана мен қонақүйлердің агрегаторлары арқылы өздері брондап жатады. Әрине, әрбір адам жақсы жерді брондағысы келеді, бірақ көп қаражат жұмсағысы келмейді. Алайда өзіңіздің бірдейлендіру жөніндегі деректеріңізді енгізуден бұрын әрдайым мекенжай жолын мұқият тексеріңіз — сіз өзіңіз ойлаған сайттан басқа сайтқа кірген болуыңыз мүмкін. URL-мекенжайдың жазылуына мән беріңіз, ол HTTPS-тан басталуы тиіс және сол жағында жабық құлпының суреті болу керек. Жақсы жазылған пікірлерге сенбеңіз — олар да сенімді саяхатшыларды алдау тәсілі болуы мүмкін.
Мына сілтеме бойынша Қазақстан туристік қауымдастығының (ҚТҚ) сайтында туристік фирма лицензиясының нөмірін тексеріп алу да артық етпейді: https://kaztour-association.com/o-nas/nashi-proekty/ob-ert-rk/chleny-ert-rk/.

Валюта айырбастау пункттеріндегі алаяқтық

Саяхаттың алдында теңгені өзіңіз баратын елдің валютасына айырбастап алыңыз, бұл ретте ұсақ купюралар түрінде айырбастаған жөн. Егер сіз мұны алдын ала жасап үлгермесеңіз, онда елге келгеннен кейін онда бағам аса тиімді болмайтын туристік орындар, вокзалдар, әуежайлардан алыс жерлерде орналасқан банктерден немесе ресми пункттерден валюта сатып алыңыз. Айырбастаудың алдында валюталар таблосындағы ағымдағы бағамды және өзіңіздің қанша ақша ала алатыныңызды міндетті түрде тексеріңіз.
Саяхатшылар такси жүргізушілеріне сеніп қалып, көбіне бірінші болып ұсынылған айырбастау бекеттеріне баруы мүмкін. Күмән тудыратын айырбастау бекеттеріне бармауға тырысыңыз. Рұқсат құжаттары немесе лицензиясы жоқ алаяқтар бұған дейін операциялық касса жұмыс істеген үй-жайды жалға алып, жалған айырбастау бекеттерін ашып жатады. Операция жүргізетін «қызметкер» валюта айырбастау кезінде ақшаны алғаннан кейін купюроны қайта санау үшін қажет деп түсіндіріп, бір кассаны жауып, үй-жайдан қосалқы есік арқылы шығып кетуі мүмкін.

Қоғамдық Wi-Fi және төлем кезіндегі алаяқтық

Интернетте ақша операцияларын жүзеге асыру кезінде өз құрылғыңызды пайдаланып, қоғамдық компьютерлерге деректерді енгізбегеніңіз дұрыс. Кибералаяқтар үшін мұндай желі арқылы деректерді «қағып» алу ешқандай қиындық тудырмайды.
Бүгінгі күні смартфондар мен планшеттерді, сондай-ақ фитнес-білезіктерді пайдаланушылардың арасында NFC технологиясының танымалдылығы жоғары. NFC технологиясы бар смартфондарға банктік шотты немесе кредиттік картаны байлауға болады, бұл қаскүнемдерді одан сайын қызықтыра түседі. Киберқылмыскерлер пайдаланушылардың ақша қаражатын ұрлау үшін NFC осалдылығын пайдалана отырып, азаматтардың шоттарындағы ақшаны ұрлайды. «Bump and infect» әдісін көбіне сауда орталықтары, супермаркеттер, әуежайлар, кафе және т.б. сияқты орындарда пайдаланып жатады.
Шетелге шығатын бөлек виртуалды немесе цифрлық карта ашыңыз. Оны өз мобильді банкингіңіз арқылы қажеттілігіне қарай басқа шоттан толтырыңыз. Оны мейманханаларға брон қою үшін пайдаланып, мейрамханалар мен дүкендерде төлеңіз немесе интернетте сауданы тек осы карта арқылы жасаңыз. Өз шотыңыз бойынша операцияларды қадағалау үшін картаңызға SMS немесе push-хабарламаны қостырыңыз. Электронды поштаңызға туристік оператордан немесе мейманханадан деген атаумен SMS немесе хабар түрінде келіп түсуі мүмкін күмәнді сілтемелер арқылы өтпеңіз.

Саяхатыңыз қауіпсіз болсын. Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz сайтымен бірге арттыруды ұмытпаңыз!

АЛАЯҚТАРДЫҢ ҚҰРАТЫН ТОРЛАРЫ

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі фишингтік сайттар арқылы азаматтардың жеке деректерін ұрлаумен, алаяқтарды банктердің қауіпсіздігі қызметі ретінде немесе несие алу үшін сатып алушы ретінде жасырумен, бастапқы биометриялық сәйкестендіруді қолдан жасау әрекеттерімен байланысты интернет-алаяқтықтың жиілеп кеткен фактілері туралы ескертеді.

Интернеттегі алаяқтықтың мынадай схемалары шамалы нұсқаларымен кең таралған:

Фишингтік сайттардағы деректерді ұрлау

Алаяқтар фишингтік ресурстар (конкурстар, сауалнамалар мен сыйлықтар бар жалған сайттар) арқылы азаматтардың интернет-банкингтен логинін (телефон нөмірін) және құпиясөзін ұрлайды. Қаскүнемдер байланыс операторларының осалдығын пайдаланып, жәбірленушінің нөмірінен қоңыраулар мен SMS-ті өздеріне бағыттауға тырысады. Содан кейін интернет-банкинг арқылы олардың барлық ақшасын сыпырып алады.

Тәуекелдерді айналып өтудің ең сенімді жолы — мұндай ұсыныстарды мүлдем елемеу. Тегін ірімшік тек тышқан қақпанында болатыны белгілі. Егер сіз сілтемені ашып, фишингтік сайтқа кірсеңіз, браузердің тарихын тазалап, мұндай қателерді қайталамауыңыз керек.

«Қауіпсіздік қызметкерлері» қауіп төндіреді

№1-схема: Алаяқтар қазақстандық қаржы институттарының абоненттік нөмірлерін банктің қауіпсіздік қызметі деген атпен қайталауға мүмкіндік беретін SIP-телефонияны пайдалана отырып, жәбірленушіге қоңырау шалып, салымға төнген қауіп туралы хабарлайды. Алаяқтар ақшаны алаяқтық шотқа аудару процесін сүйемелдеу арқылы барлық ақшаны «қауіпсіз» шотқа аударуға сендіреді.

№2-схема: Банктің қауіпсіздік қызметінің атын жамылған алаяқтар жәбірленушіге несиенің рәсімделгені туралы хабарлайды. Несиенің күшін жою үшін сол сомаға басқа несие алып, барлық ақшаны «қауіпсіз» шотқа аударуыңыз керек.

№3-схема: Алаяқтар жәбірленушіге оны ұрламақ болғанын хабарлайды және телефонға арнайы «қауіпсіздік» бағдарламасын (AnyDesk бағдарламасы немесе қашықтан кіру үшін кез келген басқа бағдарламалық қамтылым) орнатуды ұсынады. Алаяқ жәбірленушінің телефонына қашықтан қол жеткізе алады және интернет-банкинг арқылы жәбірленушінің қаражатын өз шоттарына аудара алады.

Егер сізге банктің қауіпсіздік қызметкері қоңырау шалып, сіздің шотыңызға алаяқтық шабуылдармен қорқытса, «қарсы» несие алуды немесе банкомат арқылы ақша алуды сұраса, әңгімені дереу аяқтаңыз.

Ақпаратты бірнеше рет тексеру және банк картасын бұғаттау үшін банктің call-орталығына өз бетіңізше қоңырау шалыңыз.

Қулықтарына құрық бойламайды

Сатып алушының атын жамылған алаяқтар электронды сауда алаңының сатушысына қоңырау шалып, төлем жасау сылтауымен дербес деректер мен төлем деректемелерін сұрайды. Алынған дербес және төлем деректері бойынша алаяқтар сатушының банктік картасына аудара отырып, сатушының атына ірі сомаға несие рәсімдейді. Әрі қарай олар сатушыдан алаяқтың картасына «артық» аударылған ақшаны қайтаруды сұрайды немесе сатып алудан мүлдем бас тартады және барлық ақшаны қайтаруды сұрайды.

WhatsApp, Telegram және басқа мессенджерлер арқылы ешқашан жеке деректер мен төлем деректемелерін үшінші тұлғаларға бермеңіз. Сіздің деректеріңізді алаяқтар пайдалануы мүмкін.

Құжатыңызды ешкімге бермеңіз

№1-схема. Алаяқтар Интернетке немесе әлеуметтік желілерге жеке куәліктер мен жеке фотосуреттердің суреттерін орналастыратын азаматтардың деректерін жинайды. Алаяқ арнайы бағдарламалық қамтылым арқылы биометриялық сәйкестендіру жүйелерінің жеткіліксіз сенімділігін пайдаланып, жәбірленушінің бейнелерін қолдан жасайды және оны бастапқы биометриялық сәйкестендіруден өту үшін пайдаланады. Әрі қарай алаяқтар жәбірленушінің атына несие рәсімдеп, арнайы шотқа ақша аударады. Мұндай қылмыстың құрбандары берешек туралы кейінірек, әдетте несие бойынша төлем мерзімі кешіктірілгеннен кейін біледі.

№2-схема. Алаяқ арнайы бағдарламалық қамтылымды пайдалана отырып, жәбірленушінің бейнесін қолдан жасайды және оны интернет-банкингке қосылу үшін пайдаланады. Жәбірленушінің интернет-банкингіне қол жеткізгеннен кейін алаяқтар өз шоттарына қолма-қол ақша аудара алады.

Жеке басын куәландыратын құжатты ешкімге бермеңіз немесе кепілге қоймаңыз және құжаттарыңыздың фотосуреттерін әлеуметтік желілерде жарияламаңыз. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде өз мекенжайларын, телефон нөмірлерін және өзге де дербес ақпаратты қалдыруға болмайды.

Өзіңіздің қауіпсіздігіңізге өзіңіз қамқор болу қажеттілігін әрдайым есте сақтаңыз. Манипуляцияға берілмеңіз. Алаяқтар әртүрлі әдістерді қолданады, біреуді қорқытады, біреудің сеніміне кіреді. Олардың міндеті — сіздерді өз талаптарына қарай бағыттау. Сіздің міндетіңіз — бастаманы өз қолыңызға алу және өз талаптарыңызды қою. Егер сізді қорқытса, бұл шынымен де қорқынышты болуы мүмкін, егер сізден көмек сұралса, бұл ыңғайсыз болуы мүмкін. Бірақ кейіннен, ақшаны жоғалтқаннан гөрі алаяқтарды жеңгеніңізді еске түсірудің өзі қандай жағымды болады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button