Жаңалықтар

Жастарға бос жұмыс орындары ұсынылды

Жәрмеңке

Сәрсенбі күні «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалы «Жастарға жұмыс» жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды.

«Жастар рухы» жастар қанатының бұл жобасына Ақтөбе облысы бойынша еңбек мобильдігі орталығы мен Ақтөбе қаласындағы мансап орталығы, сондай-ақ Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті қолдау білдірді.

AMANAT партиясы «Халықпен бірге» атты сайлауалды бағдарламасында межеленген міндеттер қатарында жастарды жұмысқа орналастыру бойынша «Жастарға жұмыс» жобасын іске қосқан болатын. Осы жобаның бір бағыты — бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру. Мұндай шара еліміздің барлық аймағында ұйымдастырылып жатыр.

— Бүгінде партия тарапынан сайлауалды бағдарламаны іске асыру бойынша әзірленген аймақтың жол картасында облыс бойынша жылына 8 мың жасты жұмысқа орналастыру міндеті қойылып отыр. Осы орайда біз облыс жастарына арнап бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырдық. Шара өте жоғары деңгейде өтті. Жұмыссыз жүрген жастар жұмыс берушілермен тілдесіп, өз ұсыныс-шағымдарын жеткізді.

Жәрмеңкеде жұмыс берушілер бухгалтер-оператор, қойма меңгерушісі, кассир-сатушы,

аспаз, автослесарь, жүргізуші-экспедитор, газ-электр дәнекерлеуші, тракторшы,

бастауыш сынып мұғалімі, психолог, логопед-дефектолог, хореограф, өндірістік оқыту шебері, механик, электрик және тағы басқа да жұмыс орындарын ұсынды, — дейді «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Әнуар Искарин.

Аталған шарада 50-ге жуық мекеме мен кәсіпорынның өкілдері, жеке кәсіпкерлер 100-ден астам жасты қабылдап, оларға бос жұмыс орындары туралы ақпарат берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жәрмеңке 11 тамызда тағы да өтеді. Кезекті шара Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр.

Айта кету керек, бүгінде облыста 1884 жас жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button