Балымның «Қола қанаты»

Бәрекелді
Алматыда тұңғыш рет өткізілген «Жас қанат» балалар ән байқауы қорытындыланды. Оған хромтаулық Балым Нсаналы қатысып, жүлделі 3-орын иегері атанды.
Елімізде тұңғыш рет өткізілген ән байқауына 200-ге жуық өнерпаз балалардан өтінім келіп түскен. Балым кішкентайынан үлкен сахналарда өнер көрсетіп келеді. 5 жасынан өнерге құмартқан өнерпаз — көптеген республикалық байқаулардың жеңімпазы. Атап айтсақ, республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жас талант» байқауының бас жүлдегері, халықаралық «TALANTtar Alemi» шығармашылық байқауының 1-орын иегері атанды. Республикалық «Қазақстан дауысы» балалар жобасына қатысқан Балым Нсаналы «Азия дауысы» халықаралық фестиваліне қызу дайындалып жатыр.
— Балым жуырда ғана өткен Ұлттық балалар байқауының лауреаты атанып, ел мерейін асқақтатқаны белгілі. Ал осы жолғы ұйымдастырылған байқаудың ерекшелігі қатысушылар онлайн іріктелді. Іріктеуден өткен байқау қатысушылары Алматыдағы Республика сарайында өнер көрсетті. Оқ бойы озық шыққан Балым Алматы қаласы әкімінің 500 мың теңге гранты мен «Қола қанат» статуэткасын жеңіп алды. Бұл — өнер жолын енді бастаған қызымның үлкен жетістігі, — дейді Балымның анасы Динара Аяпова.
Еліміздің барлық облысынан келген 22 үміткердің өнерін Әлібек Дінішев, Медеу Арынбаев, Жәния Әубәкірова, Байғали Серкебаев және басқа да белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері бағалады.
Жеңімпаздарға алтын, күміс және қола қанаттардан бөлек, алдағы «Азия дауысы» халықаралық фестиваліне дайындық жұмыстары үшін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың ақшалай гранттары табыс етілді.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



