БілімБасты жаңалықтар

Үш жылда 44 мектеп салынады

«Орта білімнің сапасы — табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.
Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады».
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан.

2023-2025 жылдар аралығында облыс бойынша 44 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Сыйымдылығы — 22,7 мың орын.
Биыл облыстық бюджет есебінен 22 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17 500 орынға 20 жаңа мектептің құрылысы жүргізілетін болады. Оның 14-і биыл, қалған алтауы келесі жылы салынады. Облыста 5 апатты, 6 үш ауысымды мектеп бар.
Біз облыстық білім басқармасы инфрақұрылымдық және материалдық-техникалық даму бөлімінің башысы Ләззат Ордабаевамен үш ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешу мақсатында іске асырылатын жұмыстар туралы сөйлескен едік…

Ауыл мен қала
— Ел Президентінің тапсырмасымен елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды бағдарлама — «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып жатыр. Соның арқасында облыс орталығы мен ауылдық жерлерде салынатын мектептердің арасында ешқандай айырмашылық болмайды, олар бірдей жайлы және заман талабына сай ғимараттар болады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17 500 орынға 20 жаңа мектептің құрылысы жүргізілетін болады. Биыл — 14, 2024 жылы 6 білім шаңырағы салынады.
Ұлттық жоба аясында еңсе тіктейтін ғимараттардың 15-і — Ақтөбе қаласында (Есет батыр, Батыс, Жаңақоныс, Бауырластар, Сазды, Оңтүстік-Батыс, Заречный, Қызылжар), қалғандары Мұғалжар, Мәртөк, Темір және Шалқарда салынады. Айта кету керек, Темір ауданында аталған жобаның арқасында бір емес, екі білім шаңырағы бой көтермек, — дейді Лаззат Елтайқызы.
Бұлардың арасында жобалық қуаттылығы 2000 орындық зәулім мектептер де болады. Мысалы, Есет батыр және Батыс-2 шағын аудандарында әрқайсысының қуаттылығы 2 мың орындық жалпы 5 мектеп салу жоспарланып отыр. Жобалық қуаты 300 орынға — 6, 600 орынға — 8, 900 орынға — 1, 2000 орынға 5 мектеп пайдалануға беріледі. Сөйтіп, орын тапшылығы мәселесі түбегейлі шешіледі.
Инвестициялық жобалардың бірыңғай операторы — «Самұрық-Қазына Констракшн».
Елімізде соңғы 10 жылда оқушы саны 1 миллионға артып, 3,5 миллионға жеткен. Қазіргі дерек бойынша 800 мыңнан астам оқушы үшін орын тапшы. Жоба аясында 2023-2025 жылдары еліміз бойынша 401 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 2,6 триллион теңге бөлінеді. Құрылысқа жемқорлардан өндірілген қаражат та жұмсалады. Бұл жобаны іске асыруға 5 фактор ықпал етіп отыр. Олар: урбанизация, халықтың көші-қоны, бала санының көбеюуі, мектеп ғимараттарының тозуы, мегаполистерде халықтың тығыз орналасуы.

Облыстық бюджеттен 22 мектеп салынады
— Облыс бойынша білім беру ұйымдарының ағымдағы жай-күйін зерделеу негізінде жаңа құрылыс жұмыстары жалғастырылып жатыр. Мектептердің жаңа құрылысы кезең-кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезекте үш ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешу үшін жаңа жобалар жүзеге асырылады.
Біздің өңірде 3 жылда 44 мектеп бой көтереді. Биылдың өзінде 22 мектептің құрылысы салынып жатыр. Бұл құрылыстар үшін қаржы облыстық бюджеттен бөлініп отыр. Биыл 6 мектеп ел игілігі үшін пайдалануға беріледі. Мысалы, Мұғалжар ауданы Теміркөпір ауылында және Алға ауданы Маржанбұлақ ауылында жаңа білім шаңырақтары еңсе көтермек, — дейді Ләззат Елтайқызы.
Биыл құрылысы басталған 9 жоба (2750 орын) Ақтөбе қаласында жүзеге асырылады. Нақтырақ айтқанда, облыс орталығында бір жаңа мектеп бой тіктемек, қалғаны мектептер — жанындағы қосымша құрылыстар.
Ал қалған 13 мектеп (2520 орын) 6 ауданда салынады. Мысалы, Мұғалжарда 5 білім шаңырағы пайдалануға беріледі. Қандыағаш қаласында — 600 орындық, Ембі қаласында 320 орындық мектептердің құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге Талдысайда — 100 орындық, Алтынды мен Теміркөпір ауылдарының әрқайсысында 60 орындық мектеп құрылысы салынып жатыр.
Шалқар мен Ырғыз аудандарында екі мектептен бой көтермек. Сондай-ақ Алға, Әйтеке би, Байғанин, Қобда аудандарында жаңа құрылыстар жүргізілуде.

Үш ауысымдық мәселесі шешіледі
Облыстағы 404 мектептің алтауында сабақ үш ауысымда өткізіледі. Оның 5-еуі (12, 60, 63, 64, 78 орта мектептер) Ақтөбе қаласында және біреуі Шалқарда орналасқан.
— Облыс орталығындағы 12 мектеп 1951 жылы салынған. Жобалық қуаты 280 орынға арналған білім шаңырағында 819 оқушы білім алуда. Орын тығыз болғандықтан 102 бала үшінші ауысымда оқуға мәжбүр. Бұл мәселені шешу мақсатында 200 орынға арналған қосымша құрылысы жүргізілуде, — дейді Ләззат Ордабаева.
Жобаның құны — 485 миллион теңге. Мердігер мекеме — «Элит Строй Сервис Актөбе» ЖШС. Құрылыс жылдың аяғына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
— Есет батыр тұрғын алабында халық саны көп. Қазір мұнда орналасқан екі мемлекеттік мектеп (60 және 78) үш аусыммен білім беріп жатыр.
60 мектеп 2016 жылы ашылды. Оқушы саны көп болуына байланысты аталған мектеп 2017 жылдан бастап үш ауысымдық оқыту режимінде сабақ жүргізеді. 1200 оқушыға арналған білім ошағында қазір 3620 оқушы оқиды. 2018-2019 оқу жылында бұл мектептегі оқушылардың үлесі 2917 оқушы болған-ды, 4 жыл ішінде бала саны 703-ке өсті. Мұнда қазір 1220 орын тапшы.
Есет батыр тұрғын үй алабындағы екі мектептегі орын тығыздығы 3 шағын ауданда мектептің болмауына байланысты болып отыр.
78 мектеп-гимназиясының жобалық қуаты 900 орынға арналған. 2020 жылы салынған ғимаратта 2353 бала білім алады. Орын тапшылығы — 553 орын.
Бұл екі мектептегі үш аусымдық мәселесін шешу мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 және 7 шағын аудандарында әрқайсысы 2000 орындық екі мектептің жаңа құрылысын салу жоспарланып отыр, — дейді Ләззат Елтайқызы.
Оның айтуынша, қазіргі таңда 3 шағын ауданда салынатын мектептің мердігері анықталды («Bi I Global» ЖШС). Екінші мектептің мердігерін анықтау үшін конкурс өткізіледі.
Ақтөбе қаласындағы Батыс шағын ауданында да қоныстанушылар өте көп. Мұнда 5 мектеп бар. 63 және 64 мектептерде орын тапшы. Бұл шағын аудандағы мәселені шешу мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жалпы жобалық қуаты 6900 орындық 4 мектеп салу жоспарланып отыр (2 ауысымда 13 800 бала қамтылады). Оның үшеуі 2000 орындық болады.
Сонымен қатар қазірде Батыс шағын ауданында жеке кәсіпкер 3әмзәгүл Баймағамбетова сыйымдылығы 2620 орын болатын мектеп салып жатыр. Жоспар бойынша бұл нысан жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. 11-шағын ауданда («Керуен сити» сауда, ойын-сауық орталығы маңында) «Bilim Qazynasy» ЖШС мың орынға арналған жаңа мектептің құрылысын жүргізуде.

Орын неге тапшы?
Ләззат Елтайқызының айтуынша, облыста үш ауысымдық мәселесімен бірге, орын тапшылығы да күн тәртібінде тұр. 2022-2023 оқу жылының басында өңірдегі 65 мектепте орын тапшы (17 844 орын) болған. Оның ішінде Ақтөбе қаласы бойынша 30 мектепте 13 697 орын жетіспепті. Жыл сайын аталған көрсеткіш сақталуда.
— Негізінен, бұл мектеп ғимараттары көп қабатты үйлер арасында орналасқан. Сол себепті мәселе қосымша құрылыс салу арқылы шешілуде. Мысалы, 2017-2021 жылдар аралығында Ақтөбе қаласы бойынша мектеп жанынан 2 200 орынға арналған 12 қосымша құрылыс салынды (9,13,15,17,21,23,27,29,37,53,66,68 мектептер), — дейді бөлім басшысы.
2022-2023 оқу жылындағы мектеп жасындағы балалар контингенті —167 829 оқушы. Бала саны өткен жылға қарағанда 7 мың оқушыға артқан (2021-2022 оқу жылы 160 844 оқушы).

41 ғимарат ағаштан, саманнан, қамыстан салынған
Үшауысымды, орын тапшылығы мектептермен қатар, облыста апатты, ескі, сондай-ақ саманнан, қамыстан салынған мектептердің орнына да құрылыстар жүргізілуде.
Биыл қаңтар айында Мұғалжар ауданындағы Құмжарған мектебі пайдалануға берілуінің арқасында апатты мектептердің саны азайды. Қазір өңірде 5 апатты мектеп бар. Олар — Ақтөбе қаласындағы Қызылжар, Әйтеке би ауданындағы Комсомол, Қобдадағы Терісаққан, Шалқардағы Бозой, Темірдегі Ж.Кереев атындағы мектептер.
Бозой мектебі 1997 жылы салынған. Қазір мұнда 547 бала білім алып жатыр. Бұл мектептің мәселесі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында шешіледі. Биыл 300 орындық мектептің құрылысы басталады.
Комсомол мектебі салынып жатыр, келесі жылы ел игілігі үшін пайдалануға беріледі. Жобаның құны — 1954,8 млн теңге.
Өңірде саман, қамыс, ағаш секілді ескі құрылыс материалдарынан салынған мектептер де бар. Олардың жалпы саны — 41 ғимарат (2015 жылы 70 болған-ды). Оның ішінде саманнан — 24, ағаштан 13 және қамыстан 4 нысан салынған. Ескі құрылыс материалдарынан салынған мектептер Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар аудандарында көп. Сондай-ақ Алға, Қобда, Мәртөк, Ойыл, Шалқар аудандарында да бар.
— Бүгінгі күні ескі құрылыс материалдарынан салынған мектептерге күрделі жөндеу жүргізуге келмейді. 2012-2021 жылдар аралығында 41 мектептің 11-іне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Қазір осы 41 мектептің төртеуінің (Жарма, Құмтоғай, Оймауыт, Теміркөпір) құрылысы жүргізіліп жатыр. Ырғыздағы Қалыбай мектебінің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. 30 мектептің (30-100 орын) құрылысы 2030 жылға дейін жүргізілуі қажет. Қалған 6 мектепте оқушы саны өте аз (5-10 бала) болуына байланысты жаңа мектеп құрылысын жүргізу тиімсіз болып отыр.
101 мектеп бейімделген ғимараттарда орналасқан (2015 жылы 147 болған еді). 6 жылдың ішінде 46 мектептің мәселесі шешілді. Негізінен, бұл мектептердің салынғанына 50-90 жыл болған.
Облыста 1991 жылға дейін салынған мектептер саны — 252 ғимарат (62,6 пайыз). Оның ішінде 19 мектеп 1951 жылға дейін ашылған. Бұл мектеп ғимараттарына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы оның техникалық жағдайын қалыпты ұстауға болады. Дегенмен жыл өткен сайын бұл ғимараттардың тозығы жетіп апатты мектептер санын көбейту қауіпі бар. Сонымен қатар бұл мектептердің басым бөлігі — шағын жинақталған білім шаңырақтары. Яғни мұндағы бала саны аз. Бұл мектептердің құрылысы жоспарлы түрде кезең-кезеңімен жаңа құрылысқа ұсынылып отырады, — дейді Ләззат Ордабаева.
P.S. Салынып жатқан құрылыстардың арқасында 9 үш аусымды, 20 орын тапшы, 5 апатты, 8 ескі құрылыс материалдарынан және бейімделген ғимараттардағы мектептердің мәселесі шешіледі. Сөйтіп, мектептер мәселесі 2025 жылға дейін түбегейлі шешілмек.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button