Кітапхананың даму жолдары

Семинар
С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап–ғылыми кітапханасында «Ақпараттық қоғамда кітапхананың даму жолдары» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Іс-шараға облыстық, қалалық, аудандық кітапханалардың директорлары мен қызметкерлері қатысты.
Семинардың ашылуында сөз сөйлеген кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова кітапханалардағы атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, семинар тақырыбының өзектілігі мен маңыздылығына тоқталды.
Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Эльмира Сағындықова «Балалар кітапханасы: өмір тынысы, жаңа жобалар», қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Гүлнар Салиева «Мотивация арқылы кітапхана жұмысын басқару», Мұғалжар аудандық орталық кітапханасының әдіскері Нұрбақы Ешова «WEB-RABIS бағдарламасы және электронды каталог», Қарғалы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдіскері Қанат Қартбаев «Жаңа уақыт — ауылдық кітапханаларды дамытудың жаңа кезеңі» тақырыбында баяндама жасады.
Семинар түстен кейін web-RABIS мамандандырылған кітапхана бағдарламасы бойынша электронды каталогтарды құрастыру және жүргізу, кітапхана процестерін автоматтандыру бойынша секциялық жұмыспен жалғасты.
Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының кабинет меңгерушісі Жанипа Құрманова қатысып, кітапханашылар арасында өзін-өзі дамытудың жолдары бойынша тренинг өткізді.
— Семинардың мақсаты — жыл сайын кітапханашылардың кәсіби білімін жетілдіріп, іс-тәжірибе алмасу, — дейді кітапханаларды дамыту бөлімінің әдіскері Ақбөкен Өтегенова.
Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.



