Әлеумет

Облыстағы төрт мыңнан астам ананың жәрдемақысы артты

Әлеуметтік кодекстің қолданысқа енгізілуіне байланысты кейбір санаттағы азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылары өсті. Жаңашылдық облыстың қанша тұрғынына әсер етті?  Бұл туралы еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Мәжитов айтып берген болатын.

Жаңа Әлеуметтік кодекске сай 1 шілдеден бастап  мүгедектігі бар, асыраушысынан айырылған,  мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған азаматтардың және наградталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері артқаны белгілі.

Нұрлан Мәжитов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің нормаларын және Мемлекет басшысының жәрдемақы көлемін ұлғайту туралы тапсырмасын орындау мақсатында, жәрдемақы мөлшерін толық және уақтылы арттыру үшін тиісті жұмыстар жүргізгендерін айтты.

Кодекс шеңберіндегі жаңа өзгерістер 1 шілдеден бастап күшіне енетінін ескере отырып, жәрдемақыларды уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар толығымен аяқталды.

Департамент шешімдерді  толық бекітті. Төлемдер 3 шілдеден бастап төлеуге жіберілді, — деді департамент басшысының орынбасары.

Шілдеден бастап облыстағы  мүгедектігі бар 23958 азаматтың  жәрдемақысы өскен. Оның 1631-і — 7 жасқа толмағандар. Ал 3143-і — 7 мен 18 жас аралығындағы балалар.

— Әлеуметтік Кодекс күшіне енуіне байланысты «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшін жойды. Кодекстің мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар» бөлігінде де бірқатар өзгеріс енгізілді. Ақтөбе облысында асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты 8888 адам мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады. Ал мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуші ретінде жәрдемақы алушылар саны —  4774 адам. 1286 адам 1-топтағы мүгедектігі бар адамға тікелей күтім жасап отыр, — деді Нұрлан Мәжитов.

Құжаттың новеллаларының бірі — «Наградталған ана» деген жаңа ұғымды енгізу. Бұл мәртебе «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы»  ордендерімен марапатталған аналарға беріледі.

Осы уақытқа дейін 6, 7 және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алып келді. Әлеуметтік кодексте «Наградталған аналарға» төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделген. Мәселен, «Алтын алқамен», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған, «Батыр ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 7,4 айлық есептік көрсеткішке өседі. Бұл өзгеріс Ақтөбе облысындағы 4465 ананы қамтиды, — деді еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Мәжитов.

Сондай-ақ  1 шілдеден бастап зейнеткерлер мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар қайтыс болған жағдайда бір жолғы жерлеуге берілетін жәрдемақы 15,7 айлық есептік көрсеткіштен 35 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі.

— Қазіргі таңда облыс аумағында 98 мыңнан астам зейнеткер бар, олардың 57 мыңға жуығы облыс орталығында тұрады, — деді ол.

Айта кетейік, жәрдемақы алушыларға 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша оның мөлшерін арттыру мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде бар мәліметтер негізінде автоматты түрде жүзеге асырылады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button