Регрессология арқылы аурудан айығуға бола ма?

Cоңғы кезде регрессология іліміне қызығушылық танытатындардың қатары көбейді. Тіпті қандай да бір қиындыққа тап болғандар, сырқатқа шалдыққандар арасында да осы мамандардың көмегіне жүгінетіндер саны артқан. Жалпы, регессология деген қандай ілім? Бұл туралы ақтөбелік регрессолог Нұрлыбек Төлеповтен сұрап білдік.
Регрессология — адамның түпсанасымен жұмыс жасайтын ілім. Нұрлыбек Төлеповтың айтуынша, бұл ілімнің негізін 1990 жылдары америкалық гипнотерапевт Майкл Нюьтон қалаған. Танымал психолог адам өлгеннен кейін оның жаны мәңгі өмір сүретінін айтады. Регрессологияның тамыры реинкарнациядан шығады. Реинкарнация — жанның бір денеден екінші денеге көшуі. Яғни аталған ілім бойынша адам өлген кезде оның жаны өлмейді, ол қайта өмірге келіп, өзге денені таңдайды делінеді.
—Регрессия дегеніміз — адамның не себепті қиындықтарға тап болып жүргенін өткен шақ арқылы анықтау. Яғни регрессология терапиясы кезінде адамды трансқа, яғни есеңгіреген күйге түсіріп, проблеманың себебін өткен шақтан тауып аламыз. Мәселен, адам бойында бала кезден, жастық шақтан қалған әртүрлі қорқыныштар, жанды жаралайтын психологиялық жарақаттар болады. Осының барлығы терапия кезінде көрінеді. Регрессологияны ғылым деп айта алмаймыз. Ол ғылымға айналуы үшін жүздеген жылдар керек. Ілімнің негізін қалаған америкалық психотерапевт Майкл Ньютон өзіне келген науқастарды зерттегенде олардың түсініксіз естеліктер айтқанын байқаған. Әрі қарай тексергенде олар өткен өмірі туралы айта бастаған. Осылайша ол науқастарды зерттеп, бірнеше кітап жазды. Жалпы, регрессия терминін 1880 жылдардың соңында француз дәрігері Пьер Жане алғаш пайдаланды. Сол кезде психиатриялық аурухананың науқастарына терапия жүргізіп, нәтижеге жеткен, — деді Нұрлыбек Төлепов.
Терапия қалай жүреді?
Регрессология терапиясы кезінде адам регрессологтің көмегімен денесін босаңсытады.
—Адам транстық, яғни есеңгіреген күйге түседі. Бұл — қалыпты жағдай. Жалпы адам күніне екі рет осындай күйде болады. Ол ұйқыға кетіп бара жатқан сәтте және оянған кезде.Терапия кезінде адам есін біліп жатады, — дейді регрессолог.
Регрессолог арқылы ем алушы «тәлімгер рухтармен» тілдесіп, хабар алады екен. Осылайша тәлімгерлер бағыт-бағдар береді. Яғни сеансқа келген адам көкейіндегі барлық сұрақтың жауабын табады дейді.
—Тәлімгермен тілдеспес бұрын адам проблемасының негізгі себебін тауып алуы керек. Мәселен, терапияға бір әйел келді. Екі рет тұрмысқа шыққан. Бірақ екінші күйеуімен де ажырасқалы жүр. Себебі ол да бірінші күйеуі сияқты болған, бір-бірін түсіне алмаған. Әйел не үшін өзіне осындай адмадардың жолығатынына налып, әрі қарай не істейтінін білмейді. Терапия кезінде оның ата-анасымен қарым-қатынасын көреміз. Кішкентай кезінде әкесінен зорлық көрген немесе әкесі анасын ұрған болуы мүмкін. Осының барлығы баланың санасынан тыс оның есейгендегі өміріне әсер етеді, — дейді Нұрлыбек Төлепов.
Регрессология терепиясынан өткен адамға жын кіріп кетуі мүмкін бе?
Регрессолог маманның айтуынша, адам жаны бірнеше рет өмір сүреді. Жан өмірге тәжірибе алу үшін келеді. Егер ол осы өмірден алуға тиіс сабағынан өте алмаса, проблема шешілмей, сол күйінде қалса, ол жанның жадында жазылып қалады. Ол адам бұл өмірден өткеннен кейін жан сол өмірдегі сабақты өтеу үшін қайта өмірге келеді. Яғни басқа денені таңдап келеді. Мәселен, бұрынғы өмірде әйелі мен күйеуі болса, бұл өмірде баласы мен анасы болып қайта келуі мүмкін. Жан өмірге қайта келген кезде оның өткен өмірдегі сабағымен қоса, осы өмірде алуға тиіс сабағы болады. Кей адамдар қиындықтарға тап болып, тығырықтан-тығырыққа тіреледі, оның түйінін таба алмайды. Бұл осы жағдайларға байланысты болуы мүмкін. Ал регрессия терапиясы кезінде осының барлығы көрінеді. Қиындықтан шығу үшін «рухани тәлімгерден» ақпарат алынады екен.
— Адам өлгеннен кейін жан денеден шығып, жан әлеміне оралады. Қазақтың «қайтты» дегені осы. Жан өз әлеміне қайтады. Сол жерде жанның рухани тәлімгері болады. Тәлімгер дегеніміз — бірнеше рет тәжірибеден өткен, дамыған жан. Оның тәжірибесі көп болғандықтан, жас жандардың сұрағына жауап бере алады. Адам тәлімгермен тілдесу үшін терең транстық күйге түседі. Осылайша басындағы қиындықтан қалай шығатынын рухани тәлімгерден сұрап, ақпарат алады. Бұл жерде қиналып келген адамға регрессолог емес, тәлімгер кеңес береді. Осы арқылы адам проблемадан өзі шығады. Ал регрессолог екі ортадағы тілдестіруші, — дейді Нұрлыбек Төлепов.
Нұрлыбек Төлеповтің айтуынша, тәлімгердің де жалған және шынайысы болады. Себебі тәлімгер бейнесінде келетін энергетикалық паразиттер де бар екен.
— Бұндай паразиттерді дінде жын-шайтан дейді. Негізі жын-шайтандар төменгі деңгейдегі тіршілік иелері. Олар адам энергиясымен қоректенеді. Мәселен, адам ашуланғанда, ызаланғанда, қорыққанда, ренжігенде жағымсыз энергия бөлінеді. Ал әлгі паразиттер осындай энергиямен қоректенеді. Олар қоректену үшін адамнан жағымсыз энергия тудыруға әрекет етеді. Бұндай энергетикалық паразиттер кей жағдайда тәлімгердің бейнесіне еніп, жалған ақпарат беруі мүмкін, — дейді маман.
Нұрлыбек Төлепов бұндай паразиттерді регрессолог вибрация, яғни діріл арқылы ажырата алады дейді. Егер регрессолог дірілді ажырата алмайтын болса және өзі де осындай паразиттерден тазармаған болса, қиындықтан құтыламын деп келген адам, керісінше, осындай паразиттерді денесіне өткізіп алуы мүмкін. Яғни ішіне жын-шайтан кіріп кетуі мүмкін. Сондықтан регрессолог маман сауатты және жағымсыз энергиямен жұмыс істей білуі керек. Алайда қазір оңды-солды регрессология терапиясынан өтіп жатқандар бар.
— Регрессология сиқырлы таяқша емес. Кейбіреулер осы ілім арқылы барлық аурудан айығуға болады деген пікір айтады. Егер адам өзімен жұмыс жасамаса, ешқандай жауапкершілікті мойнына алмаса, дертіне шипа таппайды. Әрине, регрессология арқылы аурудың себебін анықтауға болады. Кейбір сырқат көңіл күймен байланысты болады. Жалпы дәстүрлі медицинаны жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе онкологиялық аурға шалдыққандардың уақыт жоғалтпағаны жөн, — дейді маман.
Өлген адамның рухымен сөйлесуге бола ма?
Кейінгі кезде елімізде регрессологтердің қатары көбейді. Тіпті бірі ұлы тұлғалардың, қазақтың батырларының рухымен «тілескенін» айтса, енді бірі Алаш қайраткерлерінің рухымен «сөйлесіп» жүр. Бұл туралы маман былай дейді:
— Бұл жерде дәл солардың рухымен сөйлесті деп айтуға ауызым бармайды. Бұлай айту үшін сол регрессологтер шынымен Алаш қайраткерлерінің рухы ма немесе солардың бейнесінде келген энергетиалық паразиттер ме, соны ажыратуы керек. Олардың ақпаратты қайдан алғанын зерттеу керек. Алайда менің бұлай жасауыма құқым жоқ. Сондықтан ұлы тұлғалардың рухымен сөйлестім дегендер жауапкершілікті өздері алады, — дейді регрессолог.
Нұрлыбек Төлеповтің айтуынша, регрессологияда ғарыш кеңістігінен белгілі бір канал, яғни арна арқылы ақпарат алуды «ченнелинг» деп атайды. Бұл ағылшынның «channel», яғни канал деген сөзінен шыққан. Осы канал арқылы адам өміріне қатысты ақпаратты білуге және өлген адамдардың рухымен сөйлесіп, ақпарат алуға болады.
— Осы жерде жан мен рухтың айырмашылығын ажыратып алу керек. Жанның дамуының 12 деңгейі бар. Жетінші деңгейде жан болып қалыптасады. Ал жерге адам болып келу үшін ол 3-4 деңгейге түседі. Ал рух дегеніміз — жаннан жоғары сана. Яғни жанды, эгоны, тұлғаны біріктіріп тұрған санасы бар энергетикалық құрылым. Қазақтілді регрессологтер рухқа қатты мән беріп кетті. Мәселен, терапия кезінде адам жан әлеміндегі рухани тәлімгерімен кездесіп, тіпті қайтыс болған туыстарының да жанымен тілдесуге мүмкіндігі бар. Бұл жерде рух емес, жанмен кездеседі, тілдеседі. Кейде регрессология кезінде клиенттің қайтыс болып кеткен жақындары сол кеңістікке келіп тұрады. Оны клиент сезеді. «Апам келіп тұр», «анам келді» деп айтады. Осындай кезде олардан ақпарат алады, — дейді регрессолог.
Маманның айтуынша,энергетикалық паразиттер арнаның жиілігін бұзып, адамдарға жалған ақпаратар беруі мүмкін. Сондықтан бұл жерде регрессолог білікті болуы керек. Яғни паразиттерді айыра білуі қажет.
Слипер деген кім?
Нұрлыбек Төлепов каналдың тазалығын слипер арқылы анықтауға болатынын айтады. Слипер — өзге адамның орнына терапияға түсетін адам. Ол адамның ішіндегі ақпаратты оқи алады.
— Жан денеден шыққан кезде бірден жан әлеміне кетіп қалады. Ал кейбір жандар 40 күнге дейін денені қимай жерде жүреді. Кейде көп жылдар жерде қалып қойып, елеске айналуы мүмкін. Бұл көп жағдайда оқыстан көз жұмған адамдарда болады. Адамды энергетикалық тазарту кезінде біз олардың көмек сұрап келіп тұрғанын байқаймыз. Тәлімгермен байланыстырып, оны жан әлеміне алып кетуін сұраймыз, — дейді маман.
Жаңа дәуір келді ме? Өзге планеталықтар кімдер?
Кейінгі кезде регрессологтер жаңа суқұйғыш дәуірінің келгенін айтып жүр.
— Астрологияда планеталардың қозғалысымен есептелетін тұжырым бар. Сол бойынша біреулер суқұйғыш дәуірі ХХ ғасырдың соңында кірді десе, енді бірі биыл басталғанын айтып жүр. Бұл дәуірде дін жоғалып, мемлекеттердің бірігетіні айтылады. Бұған қоса патриархаттық кезең, яғни ер адамдардың басымдылығы кетеді. Әр дәуір, шамамен, екі мың жыл болады, — дейді маман.
Регрессологтердің айтуынша, жерге әртүрлі оның ішінде өзге планеталықтардың да жандары келеді екен. Мәселен, 2000 жылдардан кейін өмірге келген балаларда өзге планеталықтардың жаны бар деседі. Олар басқарушылық қасиетке ие. Олар өзін басқарғанды қаламайды.
— Біздің өркениеттен бөлек өркениеттер бар. Бұны зерттеп жүргендер біледі. Өзге планеталықтардың да бірнеше түрі бар. «Бойлары қысқа, арықша келген, аяқтары ұзын түрлерін сұрылар» деп атайды. Өркениетті жаулап алушы рептилоидтер бар. Адамзатқа қауіп төндіретін де осылар. Олар адамдармен байланыс орнатып, адам бойында агрессия тудырады. Транс күйге түскенде клиенттер осының барлығын көреді, — дейді маман.
Оның айтуынша, жан тәжірибеден өту үшін әртүрлі планеталарды таңдайды. Ал жер — солардың ішіндегі ең қызықты, түрлі сезімдерге толы, бояуы қанық планета.
— Өзге планеталар өмір сүруге қолайлы болуы мүмкін. Бірақ ешқандай проблема жоқ, қызықсыз. Соңғы кезде өзге планеталықтардың жаны Жер планетасын таңдауда. Олар адамзаттың рухани дамуы үшін ықпал етеді, көмекке келеді. Олар қазіргі балаларды таңдап жатыр. Байқасаңыз, қазіргі балалар — ерекше. Оларға бір нәрсені айтып түсіндіру қиын. Өзінің айтқанымен, өз әлемінде жүреді. Көп жағдайда баланың 3-5 жасқа дейін өткен өмірі есінде болады. Түсініксіз бір нәрселерді айтуы мүмкін. Бірақ ата-анасы «не айтып жүрсің» деп тыйып тастайды. Содан кейін басылып қалады, — дейді Нұрлыбек Төлепов.
Жалпы регрессологияға сеніп-сенбеу — әркімнің өз таңдауы.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



